Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  223


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ӘКЕ СУРЕТІ

Тағдырымыз сияқты жүрдек кеме,
Өмір көшіп барады тізбектеле...
Ұрпағыма кейінгі керек қой деп,
Менің әкем түспепті суретке де.
Дүр сілкінткен талайды таптық мәні,
Дүрлігуге сай кепті жастық шағы.
Сағынғанда әкемді
сарғайыңқы
суретіне қараймын паспорттағы.
Жалғыз сурет...
жадырап жымимайды.
Тік қарайды, ешқайда бұрылмайды...
Сандықтағы суретке қараған күн,
Анам да үнсіз көз жасын сығымдайды.
Бір-ақ сурет...
қараймын, үнсіз қалам,
Аласұрып жүрегім, жыр сыздаған.
Бұл суреттің алдында Пикассоның
Қаламының сиқыры құнсыз маған!
... Альбом да көп бүгінде, сурет те көп,
Шақыратын сан тойға билет те көп.
Күйіп-пісіп жатады кейбіреулер
Суреттегі сиықсыз күйге өкпелеп.
Бұл өнерге қалайша тағайын мін?
Сақтап жүрміз бейнесін талай ұлдың.
Суреті жоқ туысты еске аламыз,
Естелігі арқылы ағайынның.
Өмір – теңіз, жүзуде жүрдек кемем...
Жарқын күнмен жаңарып, гүлдеп келем.
... Анашымның ақ жүзін әжім басқан
Жиі-жиі түсірем суретке мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу