Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  159


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЯЗ-ЗАМАН... ҚЫС-ӘЛЕМ

«Мен тындырдым!» – дейтұғын менмен үн көп,
Кекірігі – жұтаған елге міндет.
Қыс-әлемге қытымыр үңілесің,
Өмір-әйнек қырауын деммен үрлеп.
Сөгілмейді сұр қабақ бұл сең нағып,
Жарты бақыт – бүгінде жүрсең жарып.
Аяз-заман алдында жүгіреді
Қара халық көшеде бүрсең қағып.
Қиындықтың қоқаңдап жүз жасағы,
Сыртың түгіл ішіңді мұздатады.
Суықкезек жараны жанға түскен
Қу жоқшылық іріңдей сыздатады.
Қарыны ашса қамығып ханға қарап,
Кедейлер жүр тірлікке зорға жарап.
Ертеңгісін тұрасың оң жамбаспен
Алдан туар ақ күнді армандап ап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу