Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  151


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

СЫР


Ағалар жаға бола алмай,
Ініден тыныс таба алмай,
Алдыңғы топқа ере алмай,
Ортаңғы топтан қала алмай
Келе бір жатқан пендеміз
Не жалғыз болып жаралмай.
Топырлап ұшса топ құзғын,
Қорамсағыма оқ тіздім.
Көлбеп бір самғар көк те жоқ,
Көкелеріміз де жоқ біздің.
Көзімізге кеп мақтайды,
Қулығын ішке сақтайды.
Сүріне қалсаң даттайды,
Шапанын бойға шақтайды.
Дүние-ай, Дүкен, дүрлерге
Қай қылығымыз жақпайды.
Көкейдегіні көп сүздім,
Жетер ме сірә, көкке ізгі үн.
Алаңсыз жүзер айдын жоқ,
Ағаларымыз да жоқ біздің.
Артайық үміт таңдарға,
Жалғыздыққа енді қорланба.
Адаспай жылым орманда,
Шығайық алыс жолдарға.
Аманатты ақтау үшін де,
Жету серт бізге арманға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу