Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  165


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АҚЫРҒЫ САМҒАУ

Жалқынданып жанарда жасыл жалын,
Кісінеумен білдіріп ашынғанын,
Тықыршыған тәкәппар асау айғыр,
Кетіп барады үстінде машинаның.
Кісінейді, белгісіз сапар – алда
Комбинатқа мал сояр апарар ма?
Шыбын жолай алмайтын сауырына,
Сұмпайы істік тогы бар тақалар ма?
Тақалар ма?!
Тәрк етіп мұңлы арманды,
Көзден бұлбұл ұшырып сұм жалғанды.
Қою қара қан қатып ұйысар ма,
Жібек жалы білмейтін былғанғанды.
Желбірейді жалауша жалы қалай,
Жан ұшыра кісінеп жануар-ай,
Кетіп бара жатырсың, қасиеттім,
Қасіретіңді бұл күнде жан ұға ма-ай?!
Кездесерің неғайбыл екінші рет,
Жайлау қалды артыңда жетімсіреп.
Үйіріңді сен енді таба алмайсың,
Табан асты бола ма есіл тілек.
Айлы түн де, арман да жоқ болады,
Бұл самғауың ақырғы боп қалады.
Сен соңғы рет қарайсың адамдарға,
Жанарыңа жап-жасыл от толады...
... Жасыл әлем осылай жоқ болады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу