Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  144


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТЕР

Жұмағаңа – Жұматай Жақыпбаевқа


Бір терім бар бойымда алынбаған, –
деп шештім де, ақбоздай арындаған
асқақ қалпым – ешкімге жалынбаған,
Қойып кеттім қалаға жалындаған.
Қалдырғандай артыма үш кенжені,
Кетіп қалдым,
Көзім де түк көрмеді,
... Жұмағаңның үйінде ӨЛЕҢ тыңдап,
Алматыда маңдайым шып терледі.
Жұмағаңның үйінде таңға «шіреп»,
Өлең болып ӨЛЕҢ-ге жалғасып ек.
Сол жолы ғой, Жыр-аға жымиып ап,
Маңдайымнан иіскеді алғаш рет.
«Шикарный екен», – деп жазғандарың,
Әр сөйлемнің Жұмағаң созғанда әрін,
Шықпай жүрген Кегенде кермек тердің
Сездім мен самайымнан қозғалғанын.
Жары болар жасаған жарағанның,
десек-дағы, бақидан...
бағаландың.
Ащы терін ала алмай ерте кеттің
Өзің қосқан майданға аламанның.
Уақытта есеп жоқ арындаған,
Қала тұр күйіп-жанып жалындаған.
Маңдайда мөлдір тамшы жылтырайды
Бір тер бар біздің бойда алынбаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу