Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  119


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

КӨКТӨБЕ

Мейірбек көшкенде


Көктөбе, сенің көркіңді көріп,
Көңілім өсіп, марқайдым.
Қарыңдай қалың дертім бір еріп,
Мұңымнан қанша ортайдым.
Шекеден қарап шәһарға мына,
Шерлі кеудемді түлеткем.
Тазалық іздеп асау жаныма,
Шыққандай едім түнектен.
Ыс басқан қала табанда қалып,
Биіктен қанша дос таптық.
Ешкімді біздер жамандамадық –
Абырой беріп асқақтық.
Бір маусым кетіп, бір маусым келіп,
Уақытты жатыр бітіріп.
Билерше кеңес құрмаушы ма едік,
Биікте шырт-шырт түкіріп.
Қалалық болды шаңырақ қанша,
Басталып сенен жол алды.
Адасып қайтқан ақ лақтарша
Кейбіреу кері оралды.
... Төменге кетті тағы да бір із,
Бітпейді жолдың ғұмыры.
Көктөбе деген – шаңырағымыз,
Сетіней ме өстіп уығы?..
Мейірбек көшті, Қайым да кетті,
Төменге соқпақ тартылған.
Тұншығып үнсіз, уайымға бөкті
Көктөбе, сенің нар тұлғаң.
Алматы бөлек, Көктөбе бөлек,
Ел-жұртың арнап айтады ән.
Перзенттерің «өкпелеме», – деп
Оралар ма енді қайтадан?..
Төсіңе төсеп, мұң басқан жанын
Тірілер нәсіп тереді.
Қысқа ғұмырда қимас жандарың
Сенемін, бір күн келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу