Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  129


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

КҮЙ – ҚҰДІРЕТ

Ән әлемде жабылды да бір есік,
Күй-күмбезді мұң торлады сіресіп.
Көктем келді. Нұрғиса боп саз келді,
Қайтқан құстың қанатымен ілесіп.
Мәңгі болып жаратылмақ қайда деп,
Құспен бірге кетті ме деп ойлап ек.
Жыл айналып келіп-кетіп жүр Аға,
Күн қолпаштап, аспандағы Ай демеп.
Жадырадық, қуанбап ек қыстай түк,
Келе жатыр, келе жатыр құс қайтып.
Мәңгі жалғас ғұмырыңыз ұзарды,
Бір өсиет кетсеңіз де қысқа айтып.
Күй – құдірет қалдырдыңыз мұраға,
Сол мұрамен жүздесеміз күн ара.
Көктем мен күз күй ішегін шерткенде,
Құспен бірге келіп-кетіп жүр, Аға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу