Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  461


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ДОСҚА КӨҢІЛ АЙТУ

Жусан жоқ боп, бетін басты бетегең,
Емен сынып, асқар тауың құлады.
... Мен алтыда айрылғанмын әкеден,
«Жетім қалдың» деп сонда жұрт жылады.
Аусар кезім болса-дағы ақыл жоқ,
Ауыр соқты зұлмат күндер маған сол.
Топ ішіне бара алмадым батыл боп,
Төр басында әкем отырмаған соң.
Әкең жоқ деп сан бұзықтар есірді,
Мүсіркеген мүскінге де өшіктім.
Өмір өзі содан кейін өсірді,
«Жетім қозы-тасбауыр» боп отықтым.
Еңсе тіктеу қажет еді қайткенмен,
Асқар арман, көкке құлаш сермедім.
Әкесіздік әлсіз қылды, әйткенмен
Шешем шекпен тоқып берді – өлмедім.
Өтер өмір, ай аспандап, күн өрлер,
Талай-талай мұңым шақтым өлеңге.
Қаншама рет үнсіз қалдым біреулер:
Әкең қандай қызметте? – дегенде.
Досым, сенің бек түсінем қайғыңды,
Өмір осы – өкси-өкси өтесің.
Кетсе де әкең аласартпа ай-күнді,
Әке орнына өзің бүгін әкесің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу