Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  80


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАЙҚЫНЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫ, БЕРГІ ЖАҒЫ...

Тексіздік, жемқорлықпен найзаласқан,
Кем еді сол ұлымыз қай қазақтан?
Біз жақта алай-дүлей қар борап тұр,
Қайқының бер жағы жаз, ар жағы ақпан.
Алыстан сығалатып арман айды,
Телміріп терезеден таң қарайды.
Көшесін Алматының жаз кезіп жүр,
Қайқының ар жағында қар борайды.
Әлі де атылмаған оқ бар ма екен,
Туған жер жоғалтқанын жоқтар ма екен?
Бұл айды екіағайын деуші еді жұрт,
Қазаққа бола ма енді ақпан бөтен?
Жыланның қабығындай жалтылдаған,
Қу дүние, дәл бүгінгі қалпың жаман.
Қасқырдай айға қарап қанша ұлыдың,
Қазаққа келмейді енді Алтын Заман.
Сызданған бетпақ тұрқы, мысы басқан,
Зорлар көп, күлгендер аз ұшырасқан.
Дөкейлер дөкір бишік үйіреді,
Кедейден көкірегі, күші де асқан.
Қайқының ар жағы қыс, бер жағы жаз,
Қайғысын көрем десең бар-дағы жаз.
Жәрмеңке, той дегендер ұмыт болған
Ататын қуанышпен таңдары да аз.
Ойлап па ек атылмаған оқ бар деп біз,
Ойлап па ек ұлын жұрты жоқтар деп біз.
Қайқының бер жағында жаз жайнап тұр,
Қайқының арғы жағы – ақ қар, көк мұз...
16
* * *
Жанашырың бар десек те,
Әзіз жаның қалды өсекке...
Жүрегіңді шымылдатқан
Жабырқау мұң жанға сеп пе?
Әділ ісің әдірем қап,
Сұм өсектің бағы жанбақ.
Келер күннен күттің нәсіп,
Өзіңді өзің тағы да алдап.
Теріс жетсе дүрге дерек,
Кеп қалдың ба күнге де ерек.
Арамдықпен айқаспаса
Адалдығың кімге керек?!
Үміт құсың – бұлдырықтай,
Өтер өткел – қылдырықтай.
Жан жолдасың жалт бере ме
Жүрек жеген мұңды да ұқпай...
Иек артып мұңлы арманға
Нәпақа жоқ жүрген жанға.
Өзіңе сен!
Өмір осы –
Сенерің аз бұл жалғанда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу