Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  174


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ШЫҒЫСЫМ, ШЫРАЙЫСЫҢ КҮЛЛІ ЕЛІМНІҢ

Алты алас болмаса да бес берерім,
Көрсем деп осы өлкені көксеп едім.
Дариға-ай, жан сырымды жеткізер ме,
Шығысқа шырқай ұшып жетсе өлеңім.
Кеудеде үміт оты жанады үдеп,
Жадырап жақсылыққа сана, жүрек.
Шығысым шырайына шырай қосты,
Төріне өлеңі кеп, Абайы кеп.
Армандап арай тарар арда шыңды,
Көре алмай көкірегім сан басылды.
Қара шал қара өлеңі хатқа түскен,
Дәру боп бойға тарап, қанға сіңді.
Шығысқа қарап тігіп боз сарайды,
Бұ қазақ көктемені жаз санайды.
Ақ таңның шапағымен арайланып,
Шуақты әз өлкеден сөз тарайды!
Қабыл боп көктен түсіп көксегені,
Шығыстан шырайланып көш келеді.
Алабын алтын арай нұрға бөлеп,
Қарсы алар қазақ таңын Өскемені.
Табысын тасқындаған көр түсінбей,
Еңбегі ерлерінің серт ісіндей.
Тағады інжу-маржан кеудесіне,
Ағады несібесі Ертісіндей.
Ең алғаш сәуле түсер шыңға мұнда,
Ғажайып сұлу мұнда сырғалың да.
Зүбәржат нұр ойнайды суларында,
Шырайы шабыт берген шын дарынға.
Жаныма дидарыңның нұрын құйып,
Шығысым, мен жырлайын күйіңді ұғып.
Шапағың шуақ шашсын шартарапқа,
Жайнасын, желбіресін туың биік!
Тәуелсіз төрт тарапқа ірге құрдым,
Көшімді шұғыла-нұр күнге бұрдым.
Ұлы көш салқарының сәні болған,
Шығысым, шырайысың күллі Елімнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу