Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  168


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАРСЫ АЛЫҢДАР ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫ

Қасым Аманжолов рухына


Жалыққанда жадағай сөзуардан,
Жабыққанда сұқтанған көзі бардан,
Түңілгенде ездердің езбесінен,
Өзі жайлы өзге емес өзі жазған.
Көкті шарлап ақынға лайықты арман,
Жалпақ жұртқа жан сырын жайып салған.
Тебіренген теңіздей сезіміне
Домбырасы, ән-жыры қайық болған.
Құрбан етіп жастығын бота пішін,
Оққа тосқан кеудесін Отаны үшін.
Барша жұрттан бүгінде бағалы ақын,
Барша ақыннан бүгінде жоталы шың.
Жыр көгінде жарқ еткен жасын атын,
Жалау етсең жаныңа тасынасың.
«Өртке тиген дауылдай өлеңімен»
Бізбен мәңгі бірге жүр Қасым ақын.
Таңдамай-ақ ғалым ба, ақылман ба,
Талғамай-ақ келеді ол оқырманға.
Керең естіп, соқырдың жайнар көзі —
Жанартаудай жырлары атылғанда.
Өлеңімен жұбатты Ол жылағанды,
Өлеңімен тұрғызды Ол құлағанды.
Қасиеттеп келеді қазақ жұрты
Қасым ақын қалдырған тұмар әнді.
Биік қойып бәрінен Сөз дәргейін,
Өлеңімен өсірген өз деңгейін.
Зорлығына заманның зарын айтып,
Мәңгілік жыр үшін де төзгендейін.
Ғасыр жасап Ақынның мұңы келді,
Қоңыр әуен құлаққа үні келді.
Өзі келді Ақынның ортамызға,
Өртке тиген дауылдай жыры келді.
Өлең тойын әйгілеп жар салыңдар,
Ақын жазған ғазалға тамсаныңдар!
Бүгінгі ұрпақ, ал кәне, тұр орныңнан,
Қасым Аманжоловты қарсы алыңдар –
Жиырмасыншы ғасырды қарсы алыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу