👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  37


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

СЕНІҢ ЖЫРЫҢ

Мұқағалиға


Кетті асығып
келешектің құрдасы,
Кетті асығып
жас ұрпақтың сырласы.
Көктем еді
суық хабар естілді
Мың тоғыз жүз жетпіс алты.
Жыл басы.
Қазағына Тәңір берген ұлысың,
Аялайтын Періштедей жырысың!
Өлеңің боп,
оятатын үнің боп,
Шырыл қақты елің үшін рухың.
Жасыта алмай Ақын жанын азап түк,
«Жан азасы» болды ма екен сөз ақтық,
Денең сенің жер қойнына енген күн,
Қазағыңа бетін бұрған Азаттық.
Отаныңды сүйдің ессіз ғашықтай,
Қалғанынша тамырда қан қасықтай.
Рухың боп
Сен аңсаған Азат күн,
Келе жатты Қазағыңа асықпай.
Қазағым деп
көзден жасың таматын,
Қазағым деп
қайырылды қанатың.
Қазағым деп
соңғы демің шыққанда
Тәуелсіздік бері қараған болатын.
Алаулатып кеуделерде түз гүлін,
Бұзды жырың санасыздық мұздығын.
Желтоқсан боп жетті еліңе ақыры,
Арман еткен
асыл Тәуелсіздігің.
Сенің Жырың –
жанған шуақ жанардан,
Сенің Жырың –
аққу қанат ақ арман.
Тәуелсіздік –
Сенің Жырың секілді,
Оттан аман
Отанына оралған!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы