Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  188


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАРЛЫҒАШ – ЖЫР, КЕЛДІҢ БЕ? (Мұқағали рухына)


Көңілдерді ақ самалдай сергітіп,
Қанаттары мұң, шаттықты тең құшып,
Туған елін,
Туған жерін сағынып,
Қарасазға
Қарлығаш-жыр
келді ұшып.
Өлеңді іздер өр тұлғалар жоқ күнде,
От пен судан аман-есен өттің бе?
Жылдар салып,
Ғасыр салып араға,
Қарлығаш-жыр,
қасиеттім,
жеттің бе?
Жетімдерді анасы боп құштың ба,
Жерді айналып,
елді айналып ұштың ба?
Қарасазға оралдың ба,
дәл бүгін
Айналғанда өлең құсқа,
құс жырға.
Тыңдағанда
тамсандырып ерке үнің,
Жырлағанда
қанатыңмен желпідің.
Дүйім қазақ іздегенде
жеттің бе
Қарасаздың қара өлеңге серт ұлын?
Қара орман жұрт құшағына ендің бе,
Қара өлеңнің ертеңіне сендің бе?
Әруағы боп,
таңғы әні боп
Ақынның
Қарлығаш-жыр,
Қарасазға келдің бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу