Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  192


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҮЙСІНТАУ

Томсырайған, томпайған түз кебінен,
Тарихымның тылсымын іздедім мен.
Іздедім мен өткеннің өрнектерін
Үйсінтаудың шұбаған тізбегінен.
Кесіп өтіп кесапат шекараны,
Қазағыма өрдегі бет алады.
Маңғаз тартқан керуен бара жатыр
Соңына еріп төбешік, жоталары.
Өн бойына мәңгілік ғұмыр біткен,
Келер ұрпақ сөйлетер күнін күткен.
Шежіредей көнекөз жатыр үнсіз,
Қойнауында әр тасы сырын бүккен.
Қытайдағы ел бұл тауды Үйсін дейді,
Көре алмаған көп күншіл күйсін дейді.
Осы өлкені зерттеген ғұламалар,
Ақиқатқа бұл атау қисын дейді.
Сағымданып санада елес жігер,
Күндер жеткен жер тозып, ел ескірер,
Ұлы атауды Сартау деп өзгертіпті
Саясаткер советтік кеңесшілер.
Тұмшаланған сан ғасыр ой-санамды,
Тәуелсіздік толқыны шайқап алды,
Қатарында қаншама жәдігердің
Үйсінтаудың атауы қайта оралды!
Жисын тасым тарихын, жисын тауым,
Құшағыңа кең жұртым сыйсын тауым.
Бауырыңа алып халқыңды жаса мәңгі,
Хан Тәңірге қол бұлғап
Үйсінтауым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу