28.11.2021
  424


Автор: Құлтөлеу Мұқаш

Қайдасың, Құралай?

Осы мен Құралайды жақсы көрдім бе екем?.. Білмеймін, әйтеуір, кейінгі кездері осы бір ой жиі мазалайтын болып жүр. Қызық, әлдеқашан сарықарын бәйбіше болып кеткен сол келіншек еске неге түсе береді?!



Құралайды алғаш көргенде алтыншы класта оқушы едім. Жоқ... бесіншіні бітіріп алтыны енді бастағалы жүргенмін. Бірінші сентябрьге он шақты күн қалған.

Кеш түсе қара қайыстай болып өзеннен келсем, есік алдында екі қолын беліне таянып әжем тұр екен. Басына аппақ шатырдай жаулығын тағып, үстіне анда-санда ғана ілетін қытайы жібек көйлегі мен түйе жүнінен тоқылған қызғылт жемпірін киіп алыпты.

— Ойбай-ау, күте-күте екі көзім төрт болды ғой-ей, бар боғыр! Тағы да судан келдің бе? Баспа онда деп құдайдың зарын қыламын. Талайды жұтқан қанды Қарасу емес пе ол. Енді болмаса қу шыбықтың астына алып айдап келгелі отыр едім. Бар, жуын! — деді зекіп.

— Өзеннен шыққаным жаңа ғой! — деп күңк еттім.

— Бар, бар, сөзді доғар! Беті-қолыңды шайып, жаңа кастөм-шалбарыңды ки. Қазір тойға барамыз!

«Алла-ай, осы кемпірдің тойы бітпей-ақ қойды-ау!» дедім ішімнен.

Бізден үш-төрт үй төменіректе тұратын Жылқыбайдың Құрмашы келін түсірді деп өзім де естігенмін. Қайда барса да қолымнан жетелеп, серейтіп ертетін де жүретін әжем бұл жолы о тойға апармай-ақ қойса деп ем. Тіпті, қатар жүрген балалардан ұят. Бірақ оны түсініп жатқан әжем бар ма. Осы ұл ержетіп қалды-ау, құрбы-құрдастарынан қысылатын жасқа жетті-ау деп ойламайды ғой.

Бармаймын деп және айта алмаймын. Сүмірейіп жетегіне еремін де отырамын. Мен түгілі үйдегі үлкендердің де екі аяғын бір етікке тығатын әжемнің мінезі өзіме мәлім, қиқаңдап көрсең елдің көзінше: «Тек, ынжық неме! Түс былай!» — деп желкеден түйіп-түйіп жіберуден тайынбайды.

Ренжи жүріп, белуардан шешініп тастап жуынғалы жатыр едім:

— Әй, балам, алдымен мына Қалибекке шашыңды алдырып келші. Өсіп кетіпті. Ақысын берейін, — деді дауыстап.

Ол өз ойымда да бар шаруа еді. Сабақ басталғанда кәдімгі жігіттерге ұқсап шаш қойдырып барсам ба дегем.

Жейдемді тез киіп алдым да, әжемнің әмиянының түбінен көзін сығырайтып ала алмай отырған ақшасының ішінен бір сомдық сарықұлақты суырып алып, көршінің үйіне беттедім. Ішінен «елу тиын жете ме, әлде жетпіс-сексен тиын берсем бе екен» деп қиналыңқырап отырған әжем көзі жапақтап аңырып қалды да, қолын бір сілтеді. Жарайды, алсын дегені. Есебінің түгел екенін, ол ақшаның құнын Қалибектің соңынан қалмай түрлі шаруаларына жұмсай жүре, екі еселеп қайтарып алатынын өзі де біледі.

О кезде бір сом — бір жартылық шараптың нарқы. Ақшаны көбірек алса Қалибектің де көңілденіп: «Әй, сенің әжең алтын адам ғой, асыл ғой!» деп қолы-қолына жұқпай, үнемі өткірленіп тұратын қайшысын жалақтатып, шашымды әдемілеп алып беретіні маған да аян. Содан соң басында елемегендей болып үстел үстіне немкетті тастай салған бір теңгені әдемілеп бүктеп ышқыр қалтасына салып алады да: «Тү-у, өзің шаштан ғана қор болып жүрген бала екенсің ғой! Қатып кетті. Иіс су ғана жетпей тұр. Жөнел, оны шешеңе сепкізіп аларсың!» — дейді.

«Канатқа» модасымен қидырған шашыма риза болып, ыржыңдап үйге келсем әжем шешеме:

— Әй, Күлпаш, мына Қуаттың үшкөлге киетін жаңа киімдерін шығар. Өзің де киін. Тойға адамға ұқсап барайық, — деп жатыр екен.
Шешем де менің сорайып әжеме еріп жүретінімді ұнатпайды.

— Мойнын қылқитып қашанғы жетелейсіз мұны! — дейді жақтырмай.

— Тек, ей, қатын! Мұны жетелемегенде енді сені жетелеймін бе?! Жалғыз шошайып қалай отырамын. Қарашы-ей, қаршадай баланы... Бол, бол!
Сандықтан жаңа киімдерімді алып беріп жатып, шешем әжеме естіртпей маған жекиді.

— Сенде де ми жоқ қой! Дардай болғанша ер де жүр шешеңе. Өй, санасыз неме!

— Өзі ғой енді...

— Немене, «өзі ғой»?! Тілің байланып қалған ба, неге айтпайсың бармаймын деп!

— Өзің айтсайшы, батыр болсаң.

— Кет бар, жоғал! Былғамай жүр үстіңді!..

Осымен шешемнің де ашуы тәмәм. Ақ көйлектің жағасын су жаңа педжактың сыртына шығарып қойып, шашымды сулап тарап, әжемнің қасына шайға отырамын. Әжем мені жаңа көргендей:

— Киініп, шашын қидырып жүрсе менің балам жігіттің әдемісі емес пе! Әкесінің аузынан түсіп қалғандай жарығым! — деп айналып-толғана бастайды.

Әкемнің жастай қайтыс болып кеткеніне көп болған. Әжем ұлы есіне түскенде, балаларымның ішіндегі еті тірісі де, өнерлісі де сол еді, қайтейін, қу ажал маңдайыма сыйғызбады ғой деп, көз жасын сығып-сығып алады.

Одан жерге тесіле қамығып біраз отырған соң, әңгімені барғалы отырған тойға бұрады.

— Ойпыр-ой, ана Жылқыбайдың жаман Құрмашының аузының салымын-ай! Отызға дейін омалып жүріп-жүріп, біреудің бүлдіршіндей бір қызын алып келіпті. Көрдің бе-ей, қатын, келін не деген көрікті! Үріп ауызға салғандай-ау. Жоқ-ау, тіпті, жерде жоқ сұлу екен де! Қолаң шашы тілерсегіне түсіп, жәудіреп тұрғаны қандай әсем! Затына да аты сай «Құралай» көрінеді. Шіркін, әйел біткен сондай болсайшы! — деп тоқтайды.

— Келініңіз қараторылау ғой,— дейді шешем әжемнің тым тамсанып кеткенін ұнатыңқырамай, — Құрмаш жаман жігіт емес. Өз тірлігін бір азаматтай-ақ біледі. Көркіне көже құя ма, ондай шөпжелкелер Құрмаштай адамның кезіккеніне қуансын.
Әжем де райдан тез қайтады.

— Оның рас. Жарықтық Жылқыбайдың балалары шетінен жуас, шаруақор ғой. Менікі, әшейін, сөздің сірағысы да. Бағы жансын бейшараның!

Шешемнің әлде шыны, әлде адуын енесіне жағымсығаны:

— Беті жылтыраған біреуді көрсеңіз ылғи көрікті, келбетті деп жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелесіз. Келіннің сіздің өзіңізден асқан сұлулығын көре алмадық, — дейді.

— Рас айтасың ба, ей, Күлпаш?! — деп селт еткен әжем нұрланып, рахаттанып қалады. Одан кілт мұңая қалып:

— Е-е-е, несін айтасың! Мен де біреудің әлпештеп өсірген қызы едім. О тұста көріктің қадірін қайдан білейік, он үш жасымда мыңғыртып жылқы айдаған атақты Нұралы байдың баласына тұрмысқа шықтым. Ол үйдің босағасын аттағаныма жарты күн өтті ме, өтпеді ме, ауылға сау етіп түскен бір қора қызыл жағалы малдың бәрін ту-талақай таратып, жолдасымды әке-шеше, туған-туысымен қоса бір түннің ішінде итжеккенге жер аударып айдады да әкетті. Жаны жәннатта болғыр алғашқы қосағымнан содан хабарсызбын. Келіннің аяғынан деуші еді, не ойлап кетті екен жарықтық?! Жүзінен қаны таматын он сегіз, он тоғыздағы қылшылдаған жігіт еді. Өз ағайындарым да тоз-тоз болып қырғыз асып жан сақтады. Одан тағдыр мыналардың атасына кезіктірді ғой. Ол да жігіттің сырттаны еді-ау. Е-е-е, шіркін дәурен! — деп өткен өмір елестерін кезіп кетеді.

Расында да әжемнің сұлулығын маңайдағылардың бәрі мойындайтын. Жетпіске келсе де жанары тұп-тұнық болып, аппақ жүзінен нұр төгіліп, үсті-басына шаң жуытпай тіп-тік жүретін сұңғақ бойлы кісі еді. Қайындарының:

— Жасыңда талайдың көзіне құрт болдың-ау, Зылиха! Біздің анау қара шалдың қай жеріне қызығып тиіп жүрсің өзі?! — деп қалжыңдайтынын талай көргенмін. Көпшілік құрбылары да атын атамай, «кербез қыз» дейтін-ді.

Әжем жанары жасаурай мұңайып біраз отырды да:

— Қой, тұрайық, жүріңдер! — деді жаулығын түзеп.

Ол кезде біздің ауылда тойларды аумағы атшаптырым шатыр тігіп өткізетін дәстүр ене бастаған. Үй иелері қыз-жігіт, орта-жасамыс, кемпір-сампыр, шал-шауқынды қатар шақырып, бәрін бір-ақ түнде қонақ қылып тарататын-ды.
Шешем: «Мен қосарласпай-ақ қояйын, ертең күндіз де кіріп шығамын ғой, өздеріңіз бара беріңіздер», — деп үйде қалды да, әжем екеуміз аяңдап жеттік. Біз келсек, беташар бітіп, елдің аяғы кіріп те болған екен. Алдымыздан Жылқыбайдың өзі шығып:

— Е, Зәке, кел, кел, төрлет! Батыр, сен де жоғары шық! — деп төрге бір-ақ озғызды.

Жан-жақтан ентелей қарап отырған қалың жұртқа көз салмауға тырысып, ұяла басып, сілтеген жерге барып отырғанымда байқадым, жас келін мен күйеу жігіттің тура қасынан шығыппыз.

Құралай шынымен-ақ көрікті көрінді. Қоңырқайлау жүзі бал-бұл жана алабұртып, төмен қарап отыр. Білектей бұрымы иығын жапқан тығыншықтай ғана әдемі келіншек. Анда-санда қою кірпігін серпіп алға қарағанда жанары жарқ-жұрқ етеді. Оқта-текте бір сәт өкпелеген баладай томпақ еріндерін бұлтитып қалатын назы да сүйкімді-ақ. Құрмаштың да жағасы жайлауда сияқты. Кетік тістері иқы-жиқы, еңгезердей болып екі езуі екі құлағына жете ыржаңдай береді.

Микрофоннан даусы саңқылдап өлеңдете сөйлеп тұрған асаба жігіт, алғашқы тосты той иелері — Жылқыбай мен со кісінің бәйбішесіне берді. Одан кейінгі лебіз, неліктен екенін, менің әжеме тиген. Әжемнің келінді тап өзі түсіріп отырғандай көсілгені-ай. Мұндай сөзуарлығын, тіпті, бірінші көруім. Тура жарты сағат сөйлеп, жүрек түкпіріндегі ең бір аяулы да асыл тілектерін сарыққан шығар. Сөз біткенше «тү-у, осы менің әжем де кейде артық кетеді» деп тықыршып, ыңғайсыздана бердім. Ел ду-ду қол соқты. Әсіресе, жастар жағы ысқырып, ырза болды. Оларға не керек, кім не сөз айтса да арақ ішсе жетіп жатыр.

Сөйтіп отырғанда келін екеуміздің көздеріміз шарпысып қалды. Мен де олар отырған жаққа аузымды ашып қарағыштай берсем керек, екі құлағым ду етіп, қысылып кеттім. Құралай әсем жымиды. Мынандай сөзшең кемпірдің қасында жүрген бұл неткен бала деген шығар.

Ол маған екінші рет ұзағырақ қадала қарағанда кеудем қысып, маңдайымнан шып-шып тер шықты. Әжеме сыбырлап: «Ыстықтап кеттім, далаға шығайыншы» дегенімде жібере қойғаны абырой болды, бір қарасам, жүгіре басып үйге қарай келе жатыр екенмін.

Ертеңіне әжем үйге келген адамдарға Жылқыбайдың баласының үйленуіне талай жылғы дәулетін аямай шашқанын, тойдың ғажап өткенін, келіннің де жақсы кезіккенін қайта-қайта айтып тамсанып отырды.

Ұзамай Құрмаш пен Құралай жеке отауға шыққан. Отау болғанда тура бізбен жапсарлас, босаған екі бөлмелі үйге келіп кірді.

Әжемнің Құдайы берді. Келін біткенді өмірі жақтырмай мін тағып отыратын кірпияз кемпірді танымай қалдық. Құралай екеуі күні бойы шай ішіп, не айтатындары белгісіз, баяғыдан сырлас құрбылардай сақ-сақ күлісіп, мәз болады да отырады. Әйтеуір, әжем біртүрлі жасара түскендей, қабағы жадырап қалды.

Құралайдың әжеммен тіл табыса қалғаны шешеме де жаман болған жоқ. Қолы да босады, құлағы да тыншыды. Ашық-жарқын Құралай Жылқыбайдың ғана емес, біздің де туған келінімізге ұқсап, үш үйдің арасына кезек жүгіріп, қалт еткенде самауыр-самауыр суды да ысытып жіберіп әжемді де шомылдырып кетеді, еш арланбай жеңіл-желпі кірді де жуа салады. Мұндай адам қалай ұнамасын.

Өзі мұғалім көрінеді. Ара-арасында менің де сабақтарымды қадағалап қойып жүреді. Құрмаш алыс жолға жиі шығатын шопыр болатын. Оны да біздің үймен жақын араласуға үйретті. Түскі асты да екі үйден кезек іше салатын болдық. Алғашқыда ұялып, қашқалақтап жүретін мен де оларға бой үйрете бастадым.

Ақкөңіл Құрмаш кезекті сапарына шығып бара жатып маған:

— Әй, Қуат, мына жеңгеңді байқап жүр, біреулер қағып кетпесін. Ақыңды әкеп беремін, — деп көзін қысады.

Бір күні кештетіп сабақтан келсем әжем мен Құралай шүйіркелесіп отыр. Ұзақ сөйлескен секілді, алдарындағы шай ішкен кеселерін шайып, жинастыра бастапты. Құралай орнынан тұрып қайтқалы жатып:

— Апа, Қуат бүгін біздің үйге жатсын да. Құрмаш жолға шығып кеткен, жалғыз қорқамын,— деді.

Жаутаңдап әжеме қарасам еш әбіржімей-ақ:

— Құдай-ау, бұдан не шығады! Қасыңа әлдемділеу біреуді алып жатпайсың ба?! — деп күледі.

Құралай да:

— Маған осы да жетеді, апа! — деп мәз.

Не мағынамен күлгендеріне түсіне қоймаймын.

Түнге таман Құралай қайта келіп, тартыншақтағаныма қарамастан ертіп кетті.

Әжем де:

— Бара ғой, бар, айналайын! — дейді құтыла алмай отырғандай.

Үй іші қараңғы екен. Өздері жататын қос төсек тұрған кішкене бөлмеде ғана сорайып электр шырағдан жанып тұр, Есіктің ілгегін салған соң албар жақтағы диванға жата кетермін дегенмін. Жоқ, әлденелерді айтып сөйлеп жүрген Құралай тура өз қасына жайғастыратын түрі бар. Итергендей, төсекті көрсетіп:

— Шешініп, жата бер, — дейді.

Шегінетін жер қалмағанын біліп, дереу жейдем мен шалбарымды шештім де, патсайы көрпенің астына кіріп кеттім.

Өзі біразға дейін жатқан жоқ. Жарықты да өшірмеді. Мен көрпенің шетінен екі көзімді жылтыратып қарап қоямын. Кенет тура шамның қасына барды да, ақ сазандай денесін жарқ еткізіп, үстіндегі жібек халатын сыпырып тастап, ұзын қолаң шашын арқасына сілке жайып жіберді. Бұты мен кеудесінде ғана бір жапырақ лыпасы бар, жайбарақат, жағажайда жүргендей қымсынар емес.

— Осы ауылда моншаны жақсы жағады. Бүгін түсіп шықтым, рахат екен. Сен бардың ба?

— Барғам мен де... — деп міңгірлеген боламын. Жүрегім дүрс-дүрс етеді. Өмірімде жалаңаш әйелді алғаш көруім ғой.

Шамды сөндірді де, жайлап жаныма жайғасты.

— Кел, қысылмай берірек жат!

Ақырын құшақтап өзіне қарай тартқанда басым қалың шашына көміліп, бетім бетіне тиді. Қарсылық білдіріп аяқ-қолымды қаттырақ тіреуге де батылым жетпей, демім бітіп, тыпыр ете алмай жатырмын. Ыстық лебі мен оттай денесі шарпып барады. Терлеп, деміге бастасам да керек.

Сәлден кейін мүшкіл халімді түсінді-ау деймін, құшағын босатып, жеңіл күрсінді.

— Не деген ұялшақсың, Қуат?! Сені жігіт болып қалдың емес пе. Тым тартыншақ бола берсең өмірде бүкіл үлестен құр қалатыныңды білесің бе өзің?..

— Білем ғой...

— Есіңде ме, сен біздің тойда қаша жөнелгенде күліп жіберуге шақ қалдым. Адам көрмегендей сонша қысылғаның не сонда? Тіптен түсің бұзылып кетті. Неге екенін, содан бері жақсы көріп кеттім сені...

Осыдан соң ұзақ үнсіз қалды да, өзінде ешқашан арқа сүйейтін жақын інінің де, сіңлінің де болмағаны... Ата-анасынан да ерте жетім қалып, жалғыздықтың азабын көп тартқаны... Құрмашқа да жамағайын жеңгелерінің азғыруымен өте кездейсоқ шыққаны, бірақ оған еш өкінбейтіні... туралы жан сырын айтып жатты. Неге өйтті — маған осы күнге дейін жұмбақ. Мүмкін, кей адамдардың мұң бөліскісі келетін нақты біреулері болатындықтан шығар. Сонда неліктен дәл мені таңдады екен ол?!

Әлгі түні уақыттың қалай өткені есімде жоқ, қысылып жатып, бір мезгілде талып ұйықтап кеткен сияқтымын. Таңға жақын оянып, денесі жартылай ашылып, тәтті ұйқы құшағында жатқан Құралайдың көрпесін қымтай кетуге де жүрегім дауаламай, есікті еппен ашып шығып кеттім.

Бірер күннен соң жазғы каникулымыз басталды да, жылқышы нағашымның ауылына аттанғанмын. Одан жарты айдай аунап-қунап үйге оралсам, Құрмаш пен Құралай әлде Ақмолаға, әлде Көкшетауға көшіп кеткен екен.
Одан бергі арада да, қарап отырсам, жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Құралайлардан еш дерек білмейді екем.

Сөйтіп бертінге шейін серілік пен сергелдеңнің дәуренін мен де бастан кешіргенмін. Аудиториялар мен би алаңдарында, автобус салондары мен пойыз тамбурларында біздің үйге келін болады-ау деген, бәлкім, он... жиырма қызбен көңіл жарастырған шығармын. Алайда олармен ойдағыдай тіл табыса кетуім қиындау болған секілді. Кейін сол арулардың кейбіреуін мен ұнатпадым, қайсыбірінің көңілі маған толмады.

Қазір ойласам, сонда оларға мен көбіне әжемнің көзқарасымен қарайды екенмін ғой. Әжемді Құралайға ұқсап қалтқысыз күтіп, биік талғамынан шықса, ақылды, қылықты болса дейді екенмін. Тағы бір қызығы — алғашқы махаббат, тұңғыш сүйіспеншілік сезімі туралы сөз қозғалса көзіме Құралай елестейді де тұрады...

Әйтеуір, жиырма бес жасқа жеткенде қиялдағы Құралайдай адамды кездестірген де секілдімін. Бірақ, өкінішке қарай әжем келінін көре алмады, мен сандалып жүргенде о дүниеге аттанып та кетті.

Дегенмен, оқасы жоқ, әйелім шешеме жақсы қарайды. Екеуі өте тату. Оған да шүкіршілік етесің.

* * *

Балконға шықсам, жетінші класта оқитын ұлым шұқшиып төмен қарап қалыпты. Мені байқайтын емес. Аңдасам, көз алмай тұрғаны — кетіп бара жатқан көршінің өзі қатарлас қызы. Балама күдіктене қарадым да, қайтадан ішке ендім. Көз алдыма әжемнің бейнесі келді, Құралайды ойладым.

Ол қазір қайда жүр екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу