28.11.2021
  239


Автор: Нұрғали Ораз

Қоңыр шәлі

Иен таудың қойнауынан бұлдырап көрінетін төрт үйді зер салып, үңіле қарап таппасаң, аңдаусызда байқамай дәл тұсынан өлеңдетіп өте шығуың да мүмкін екен. Ал алда-жалда көзің шала қалса, әуелгіде: “Ол не қылған үйлер, иен таудың арасында елегізіп неге тұр?” деген аңғал сұрақ оралады ойыңа. Сонсоң барып ұзынша жатаған қораны көресің, сонсоң барып оның сиыр фермасы екенін, маңайындағылар бақташының, күзетшінің үйлері екенін аңғарасың. Қораның айналасында қыбырлап жүрген адамдарға да назарың ауады. Қызықтай қарап, ұза-а-ап кетіп бара жатып ойлайсың: “Ол адамдарды қазір қандай ой мазалайды екен? Қайғысы көп пе, қуанышы көп пе?.. ” Алыстай түскен сайын көңілің құлазиды. Оларды айдалаға жалғыз қалдырып, өзің қаша жөнелгендей ыңғайсыз күйге түсе бастайсың. Сол күйді жаныңдағы жол серігің де бастан өткеріп келе жатқандай. Бір кезде ол ақырын ғана күрсініп алып немесе езу тарта жымиып қойып: “Е-е, былтыр қыста бұлар... ” деп бастап, соларға қатысты бір қайғылы, не болмаса күлдіргі оқиғаны асықпай шерте жөнеледі. Күлкілі болса, жол бойы ыржалақтап отырып, межелі жерге жеткенше-ақ ұмытып қаласың. Кейіннен бір қағанағы қарық, сағанағы сарық көңілді ортада өткірлік танытып, айта қояйын десең, есіңе түсіре алмай қор боласың. Ал қайғылы болса... көпке дейін көңіліңнен өшпей, оңаша қалғанда, әсіресе ұзақты түнге кірпік айқастыра алмай дөңбекшіп жататын кездеріңде ойыңа оралып, ой-санаңды сергелдеңге салады...


* * *


Жөкентай көзін ашқанда үй іші біртүрлі жұмбақ әбігер үстінде еді. Әкесі есікті бір ашып, бір жауып асып-сасып жүр. Ал апасы еденде, текеметтің үстінде екі бүктеліп, ішін басып ыңырсып жатыр. Ернін қыршып тістеп, көздерін ауырсына жұмып алған. Өңі жуған шүберектей боп-боз. Оқтын-оқтын жан даусы шыға шыңғырып қалады...


Сөйтіп жатып, жанына батқан ауруы сәл бәсеңдеген сәтте, сасқалақтап, әлденелерді іздестіріп жүрген Жөкентайдың әкесіне бағыштап, ақырын ғана тіл қатады.


— Сандықтың ішінде... қоңыр шәлі бар еді. Оны да ал... А-а-а-ай!..


— Қазір, қазір. Сәл шыда...


— Қар қалың жауған шығар, ә? Жол бітеліп қалды ғой...


— Сейіттің “кәсемсотымен” барамыз. Ой, ол дегенің қарды бұзып-жарып...


— Ойба-а-ай!


— Шыда, шыдашы, Кәмеш... Сәл ғана шыда. Қазір келіп қалады. От алдыра алмай жатыр-ау деймін. Күн суық қой.


Әкесі жиюлы жүкті құлатып, сандықтың ішінен қоңыр шәліні іздеді. Сол кезде терезеден сығалаған бозамық сәуле оның бетіне құйылды. Сақалын әлі қырмаған екен, тікірейіп-тікірейіп біртүрлі сүйкімсіз көрінеді. Шашы да үрпі-түрпі. Бір түннің ішінде екі жағы суалып, көзі шүңірейіп қалыпты. Еденде екі бүктеліп, қинала ыңырсып жатқан әйеліне қайта-қайта жаутаңдап қарағаны да аянышты.


— Құдайым-ай, осындай қақаған суықта... — деді апасы ыңырси тіл қатып. — Ы-ы-ыћ, ойбай ішім, мені қойшы, орталыққа жеткізіп саларсыңдар, әйтеуір. Жөкентайға кім тамақ береді? Үсті-басына кім қарап жүреді?.. Ол әлі өзімен-өзі болып тамағын да жөндеп іше алмайды ғой. Кішкентай...


— Ағайшаға айттым ғой. Біз ауылға барып келгенше қарай тұрады. Қайтып келген соң өзім тамақ жасап берермін, оны уайымдама. Біздің Жөкентай дәу жігіт болып қалды! Апыр-ай, кеше ғана атқа мінемін деп қиғылық салмады ма ол батырың...


Жөкентайдың апасы қатты қиналып жатса да, ақырын ғана езу тартып жымиып қойды. Сол кезде кеше ғана атқа мінемін деп қиғылық салған батырдың кіші дәретке шыққысы келген. Жөкентай орнынан көтеріліп, көзін уқалаған күйі кереуеттің үстінде шоқиып отырып қалды.


— Қоңыр шәліңді таба алмай жатырмын, — деді әкесі үн қатып. — Шам жағайын...


— Жоқ, ойбай, — деп апасы шыр-пыр болды. — Жөкентай оянып кетеді. Жақпа!


Сонда ғана әкесі кереуеттің үстінде кіп-кішкентай жұдырығымен көзін уқалап отырған Жөкентайды көрді.


— Ой, сен қашан оянғансың? — деді таң қалып.


— Жөкентай ма?.. — деп апасы да сәл басын көтеріп бері қараған. — Ы-ы-ыћ... Жөкентай, айналайын, қорықпай-ақ қой...


— Қорықпайды, Жөкентай, қорықпайды, — деді әкесі, кімді жұбатқаны белгісіз, Жөкентай мен апасына кезек-кезек қарап.


Тап сол сәтте сырттан тырылдаған трактордың даусы естілді. Құлақ жарар қуатты үннен қазынаның екі бөлмелі шағын үйі дірілдеп кеткендей көрінді. Жөкентайдың әкесі қаупалақтап дәлізде ілулі тұрған қара қыжым пальтоны алып, төсегінен әрең түрегелген әйелінің иығына жапқан. Жөкентайдың апасының мүлде әл-дәрмені қалмапты, ақ гүлді жасыл орамалының жиегінен шашы қобырап шығып кеткен.


— Қоңыр шәліні таба алмадым, — деді әкесі өкініп.


— Жарайды, іздемей-ақ қойшы-ы... Кейін бір келгендеріңде әкеліп берерсіңдер.


— Иә, сөйтеміз, сөйтеміз... Жөкентайды ертіп барамын ғой.


— Жөкентай, сен қорықпа, мен біраз күннен кейін келемін, — деді апасы соңына бұрылып қарап. Иегі кемсеңдеп, жанарынан қос тамшы жас үзіліп түсті.


— Апа, — деді Жөкентай тіл қатып. — Басың ауыйып қалды ма?


— Күнім, әншейін... — деген даусы естілді апасының.


— Жөкентай, мен кешке таман келемін, — деді әкесі. — Сен бұзықтық жасама, жарай ма, Ағайша апаңның айтқанын істе.


Апасы дәлізде етігін кие алмай едәуір қиналды. Ал әкесі тізерлеп отыра қалып, көмектесе бастаған. Зыр еткен сырманың үні естілді. Сонсоң екінші сырмасы қаттырақ тартамын дегенде бырт етіп үзіліп түсті.


— Тфу, ит-ай! — деді әкесі күйініп. — Үзіліп қалды...


Сарт етіп сыртқы есік ашылды да, керзі етігімен ағаш еденді дүрс-дүрс басып жыпық көз Сейіт үйге кірді. Онымен бірге бір құшақ аяз да бу болып ішке лап қойды.


— “Қырсыққанда қымыран іриді” деген, — деді Жөкентайдың апасы қинала үн қатып. — Жарайды, қойшы енді, салынбаса құрысын!


— Қысқашпен қысып көрсек қайтеді...


— Түу, енді қысқаш іздеп жүресіңдер ме, — деп апасы кейістік білдірді.


— Жарайды, жүрейік онда, — деді әкесі жалма-жан тонын киіп жатып.


— Жөкентай ояу екен ғой! — Сейіт түпкі бөлмеге үңіліп, Жөкентайға қарап көзін жыпылықтатты.


— Байқаңдар, Жөкентай желең күйінде сыртқа шығып жүрмесін. Суық тигізіп алмасын, — деді апасы үйден шығып бара жатқанда.


— Ап-па-а! — Жөкентай жыламсырай бастады.


— Өй, жылама!


— Жөкентай, айналайын...


— Әй, күшік, қой деймін! Сен жыламай, жақсы бала болып жүрсең, апаң саған бөпе әкеліп береді, — деген дауыстар жамырай естілді де, сыртқы есік жабылысымен сап басылды.


Жөкентай біразға дейін ботадай боздап отырды. Сөйтіп отырып шалбарын сулап қойды. Бәрібір ешкім келіп жұбатқан жоқ. Жылап-жылап ақыры өзі басылды. Сосын кереуеттен түсті. Үй іші айра-жайра шашылып жатыр. Ол әуелі дымқылданып қалған шалбарын шешіп, кереуеттің астына атып ұрды. Содан соң сандықтан құрғақ шалбар іздеді. Жазда апасы екеуі ауылға қыдырып барғанда киген су жаңа шалбары ілінді қолына. Жаңа ғана әкесі іздеп таба алмай кеткен қоңыр шәліні де тапты сандықтың ішінен. Түбіт шәлі жұп-жұмсақ, үлбіреп тұр екен. Біртүрлі апасының иісі шығатын секілді. Ол түбіт шәліні мұрнына тақап көрді. Ия, апасының иісі шығады екен. Жөкентайдың тамағына өксік кептелді. “Ап-по-оу, мені неғып тастап кеттің?!” Бірақ жылаған жоқ.


Ол су жаңа шалбарын, сосын дәлізден етігі мен пальтосын тауып киіп, сыртқа шықты.


Күн суық екен. Қыршаңқы аяз жылы үйден шыққан Жөкентайдың құлағын “тістелеп”, “тиісе” бастады. Түні бойы жауған қар қалың түсіпті. Есік алдында ұлпа қарды ұңғып түскен іздер жатыр. Жөкентай ол іздердің иелерін таныды. Әне, олар анау жерге дейін жүріп барып Сейіттің дәу тракторына мінген. Дәу трактордың ізі де дәу. Әлі мұрты бұзылмаған ақша қардың үстінде жосылып жатқан із ойға қарай құлдилаған. Ауыл жаққа кеткені ғой. Жөкентайды неге өздерімен бірге ала кетпеді екен?..


Ол күннің суығынан қорқып, үйге кірмек болып бері бұрылғанда, кіре берістегі әкесінің етігіне сүрініп құлады. Сыртта тұрған керзі етік ағаш сияқты қақайып қатып қалған екен, бірінен-соң бірі дүңк-дүңк ете түсті. Жөкентайдың жыны қозып, екеуін екі жаққа теуіп-теуіп жібергісі келген. Бірақ сосын сабасына қайта түсті. Көкем ауылдан қайтып келген соң жұмысқа киеді ғой деп ойлап, дәу етікті сүйретіп ішке алып кірді...


Арада аз ғана уақыт өткенде, есік алдынан:


— Ищай, мынау құдайдың күні қақап барады ғой, жүдә! — деген Ағайшаның даусы естілді. Үйге кіре бере Жөкентай жаңа дәл табалдырықтың көзіне қалдырып кеткен керзі етікке ол да шалынысып кетіп:


— Көтек! — деп қолымен жер тірей құлады. — Үйбай, мынасы несі?! Етік пе? Табалдырықтың аузына шешіп қоя ма екен, түге!


— Жаңа мен де сүйініп құлағам, — деді Жөкентай Ағайшаға қарап.


— А-а? — деді ол түкке түсінбей.


— Жаңа мен де сүйініп құлағам...


Ағайшаның езуіне күлкі жүгірді.


— “Сүйініп” құласаң, жолдан алып қоймайсың ба былай!


— Жо-о, мен сыйтта сүйініп құлағам.


— Ә-ә, — деді Ағайша енді жайбарақат. — Саған қарағанда мен бақытты екенмін, үйдің ішінде “сүйініп” құлап жүрген.


— Мен оны үйге кигіздім.


— Е-е, қатырған екенсің!


Сонсоң ол Жөкентайдың үстіндегі киімдерін көріп, ішек-сілесі қатқанша күлді.


— Әлгі... әлгің маскүнем Қабыкеннен аусайшы, — дейді күлкіге тұншығып сыбырлай сөйлеп. Онсыз да бір уыс бет-аузы әжімденіп, бір сығым болды да қалды. Қолын сермеп қоятынын қайтерсің тағы. — Ол да араққа тойып алған күні-і-і... ойбай, жаным-ай... алқа... алқа-салқасы шығы-ы-ып, балағы... балағы... балағы етігінің қонышына сыймай жүретұғын-н... ы-ы-ых-хы-ы...


Ағайшаның келемеждеп күлгеніне қарап, Қабыкен жақсы адам болмады ғой деп жорыды Жөкентай. Ұртын томпайтып өкпелеп қалды. Бірақ Ағайша сәлден кейін қайта киіндіріп, сыртқа көтеріп алып шыққанда оны жақсы көріп кетті.


Күн жадырап шығыпты. Қытымыр аяздың да ашуы қайтқан сықылды. Әлде Жөкентай жылы киінгендіктен солай көріне ме, әйтеуір, манағыдай шымшыламады.


Ферманың сиырлары сыртқы қораға шығып, науадағы шөпке бас қойыпты. Әбікен шал да сол жерде жүр екен. Жөкентайды көріп жымиып күліп, бері қарай бет алды.


— О-о, дәу жігіт жұмыс істеуге шығыпты ғой! — деді ол жарықшақ алақанымен Жөкентайдың малақайынан сипап. — Ау, Жөкеш, сиырларға шөп салайын деп шықтың ба?


— Атқа мінем!


— Бәлі, атқа мініп қайда барасың?


Жөкентай саусағын шошайтып, мана таңертеңгілік трактор кеткен жақты көрсетті.


— Ой, бәрекелде-е, ферма бастық Мәдәлі құсап қоқырайып төбемді бір көрсетемін де, ауылға қарай қайта жөнеймін деші!


Тау қойнауындағы сиыр фермасының басында тұратын төрт үйге ауыл жақтан жұрт сирек қатынайтын-ды. Ілуде бір шаруа жайымен келе қалатындар болмаса, ауыл бастықтары: ала жаздай сабылып жүріп жем-шөбін жеткіздіріп бергенбіз, оның үстіне совхоздың бір арылдаған тракторы мен тепсе темір үзетін тракторшысын алып отыр, жағдайлары — шүкір, жақсы ғой деп, алты ай қыс ат ізін салмаушы еді. Әйтсе де фермадағылар ауылды сағынатын. Ол жақтан бірлі-жарым жолаушылар келсе екен, сөйтіп, ауылдағы өзгерістер мен жаңалықтарды жеткізіп, шүйіркелесіп қайтса дейтін. Сол күзгі жапырақтай сарғайған сағыныштың әсерінен болар, өзара әңгімелесе қалғанда оларды сөз арасында жиі еске алып, тілге тиек ете сөйлей-тұғын. Бірақ оны бес жасар Жөкентай қайдан ұқсын. Тек әлгі тілге тиек болатын бәленше-түгеншелер жайында жақсы адам немесе жаман адам деп қана сырттай жорамалдаушы еді. Ол Мәдәліні көрмеген; бірақ енді, оның ойынша, Мәдәлі дегеніңіз сиыр фермаға атпен дүрсілдетіп шауып келіп, қайтадан дүрсілдете шауып қайтып кететін адам. Неліктен өйтеді, неге асығып жүреді, ол жағы Жөкентайға жұмбақ.


— Жөкештің апасын орталыққа алып кетті, — деді Ағайша Әбікен шалға.


— Айы-күні толып қалған екен де... Әлгінде кемпірден естідім.


— Бұл жолы іші үлкендеу көрінді. Егіз туа ма деймін?..


Әбікен шал жөткірініп, жанарын төмен салып, қолындағы шыбықпен етігіне жұққан қиды түсіре бастады.


— Ойбуй, жасы үлкен адамның алдында мен де не болса соны айтып... — деп, Ағайша өзінше ұялып қалған сыңай көрсетті.


Ферманың түнгі күзетіне шығатын жалғызілікті Ағайшаның үйінде түнімен от үзілмей жағылатындықтан үнемі ыстық болушы еді. Ол екеуі терлеп-тепши отырып шай ішіп болған соң, Ағайша пештің түбіне жантайып, ойыншық таба алмай отырған Жөкентайға қызықтай қарап жатты. Түні бойы гүрілдеп жанған пеш әлі де демігін баса алмай, анда-санда тырс-тырс етіп “ашу шақырып” қояды. Ағайша аязды түндерде сиыр ферманы аң-құстан қорып, айналшықтап қайтып келгенде пештің беті алқызыл жалқынданып, гуілдей жанып тұрғанын ұнататын. Қып-қызыл боп балқып кетуге аз-ақ қалған плитаға қолын жылытып отырып түпсіз тұңғиық ойға шоматын. Жалғызілікті жанға ой — азық, от — серік болып кетуші еді сонда...


Сонда ол қайсыбір жылы таудан осы сиыр фермаға шөп тартып келе жатып аударылған трактордың астында қалып, жантәсілім еткен күйеуін, оның рухына табынып өткен өзінің мақсатсыз жолдай ұзақ, жалғызілікті өмірін ойлайтын.


“Е-ей, қу жалған-ай, кейде сен күнәсіз қарапайым бір жандарға өзін де көп көресің. Кеңесбектен басқа кімім бар еді менің... Кімім бар еді... Көңіл бұзар көркім жоқ, көмек болар балам жоқ, ағайын-туыстан да алшақтап суысып қалған жаста-а, орта жолға таста-а-ап кетіп қалғаның неткенің? Жаугершілікте бала қорғансыз болса, жалғыздықта әйел қорғансыз-дағы. Қайтейін тағдыр, қарғадым сені!.. ”


Жалындым, жалбарындым да; өшкенім жанып, өлгенім тірілген жоқ. Сонсоң, әншейінде сүрініп кетсем тілімнің ұшына оралар тәңіріні де аямадым. Ішімді өртеген қайғы қызылкөзденіп, қорқыныш атаулыны аю боп қуып, өзімді де, Алланы да аяусыз ия, аяусыз тілдедім. Бірақ өлген адамды тірілтуге тәңірінің де, құдіреті жетпей ме, кім білсін, ешқандай белгі бермеді ғой?.. Енді не болсаң о бол, көңілім мықтап қалды; керек болсам ажал өзі келіп алар, әйтпесе, өзім іздеп бара алмаспын.


Әйтсе де, өгізаяңмен жылдар жылжып өткен сайын, Ағайшаның өзіне де білінбей, жүрекке түскен жара қарақотырланып, бірте-бірте жазыла бастаған-ды. Бірақ ол жүрек баяғы бақытқа құмар, базарлы жүрек емес, басқа жүрек болып жазылды. Әйткенмен, оның да самарқау көңілді селт еткізер қуаты, қайыршының азығындай өлшеулі қызығы мен қуанышы бар еді.


Ағайша қазір қасында былдырлап, шашбауынан тартып ойнап отырған Жөкентайға аналық мейірімі иіп, қызыға да қуана қарап жатқан-ды. Былтыр қыстан бері белінің құяңы қозып жүрген, ыстық пештің бүйіріне арқасын “емізіп” жата түскен сайын шым-шымдап қыздырып, жағып-ақ барады...


Жым-жырт үй ішінде бірқалыпты қорылдаған үн естілген. Жөкентай басын көтеріп қарап еді, пеш түбінде қисайып жатқан Ағайша қалғып кетіпті. Ол асығыс-үсігіс пальтосы мен етігін киіп, сыртқа ұмтылды.


Күн едәуір көтеріліп, дала жайма-шуақтанып жылынып қалған екен. Үй іргесіндегі қардың мұрты бұзылып, жылымдап ери бастапты. Бұғаттардан тырс-тырс тамшы тамып тұр. Шипыр шатырдың кенересіне қатқан мұз сүмбілердің біразы сынып жерге түскен екен, біреуін алып сорып көріп еді, тісін әлемет сырқыратып жіберді.


Ақша қарды күреп салған жалғыз аяқ жолмен дедектеп жүгіріп үйіне келді. Сандықтағы киім-кешектерді қайтадан ақтарыстырып, қоңыр шәліні қолына алды. Түбіт шәлі тағы да алақанына жұп-жұмсақ тиді. Бетіне басып, құшырлана иіскеп көрді. Апасының иісі шығатын сияқты.


“Апама апарып беремін” деп ойлады ол. Сосын өзінің осы ойына өзі қуанып кетті. Тезірек барып апасын қуантқысы келді. “О-о, менің Жөкентайым келді, шәлімді әкелді” дейді ғой апасы. Ол шәліні қолтығына қысқан күйі үйден апалақтап асығыс шықты да, таңертең кеткен дәу трактордың ізіне түсті.


Сәлден соң иен таудың ішіндегі төрт үйді артқа тастап, бірте-бірте кішірейіп, еңіске қарай құлдырап ұзай берді.


Жалғыз өзі жасқанбай жолға шыққан құйттай жолаушыға алдамшы жылуын мейірлене төккен қысқы күн күлімсірей қарайды. Ақ көйлек киген ақшағи таулар өздерінің жүре алмайтынына өкініп, қызыға да қызғана телміреді-ай. Ал сайдағы сарқыраған өзеннің қазіргі көңіл күйі тіпті тамаша. Өздерімен бірге біраз жерге дейін сапарлас болатын жолаушы табылғанына қуанып, тау өзенінің тастан-тасқа секірген тентек толқындары сылқ-сылқ күле қол бұлғап, Жөкентайдан оза зымырайды. Жағадағы шоғыр-шоғыр бұталар да ербиіп, біз саған ере кетейікші деп жалынатындай. Қанаты қара, бауыры ақ бір құс сол бұталардың арасынан далпылдап ұшып шығып, тас лақтырым жерге барып қонды. Жөкентай жасқанып қалт тұра қалып еді, бірақ оның өзі қорқып ары қарай ұшып кетті.


Аз жүрді ме, көп жүрді ме — белгісіз, бір кезде ол бұрылып артына қараған. Көз ұшында қалған үйлер кіп-кішкентай, ойыншық секілденіп көрінеді екен. Жөкентай тіпті сол кішкентай үйлерге өзінің және өзінен де үлкен адамдардың қалай сыйып кеткеніне аң-таң болды. Алып таулы адырдың қойнауында жұлдызқұрттай созылып жатқан сиыр қора ше?! Ол тіпті жермен-жексен болып қалыпты ғой! Бір дәу адам алақанымен көсіп алып, жұдырығын жұма қойса, бәрі де сол жұдырықтың ішінде үгітіліп кетердей. Жалпы, үлкен адамдар қызық-ау осы! Иен таудың қойнауындағы мынау төрт үйді тастап, неге кетіп қалмайды екен? Егер өйтсе, тіпті қызық болар еді-ау. Бәрі бірге биік таудың қойнау-қойнауын аралап, армансыз сайран салар еді ғой. Сол кезде рақат: тауға шығасың ба, орман аралайсың ба, тастың түбіне жатып ұйықтайсың ба, ағашқа өрмелейсің бе — өз еркің. Бірақ... сиырлар ше? Олар қорада қамалып қала бере ме? Жо-жоқ. Оларға да еркіндік беру керек. Жүрсін ағаш-ағаштың арасын арала-а-ап!


Шіркін, иен таудың тұтқынынан құтылып, міне, осылай, Жөкентай сияқты жүгіріп шықса да, жүре берсе.


* * *


Күн талма түстен ауып, бесінге құлағанда Ағайша көзін ашты. Біреу оқыстан бүйірінен түртіп қалғандай селк ете түсіп, шошып оянған. Айналмақ ойнағандай мең-зең күйде басын көтеріп, күн сәулесі саулай құйылып тұрған терезеге сығырая қарап біраз отырды. Сосын тұманды жанарымен үй ішін тінтті. Кенет Жөкентайдың жоқ екені есіне түсіп, орнынан апалақтай көтерілген. Зыр жүгіріп төрт үйге де бас сұғып шықты. Сиыр ферманың маңайын айнала қарап келді. Айқай сап: “Жөкентай, ау, Жөкентайлап” шақырды да. Бірақ Жөкентай үн қатпады, ауаға сіңіп кеткендей ұшты-күйлі жоқ. Ағайшаның даусынан секем алған Әбікен шал да қаупалақтап сыртқа ұмтылған.


— Қайнаға-ау, қайнаға-ау... жоқ... жо-о-о-оқ! — деді Ағайша үрейі ұшып. Даусы ащы шықты.


Қыстың қысқа күні суық жымиып, екіндіге ауып бара жатты. Әбікен шал ақ шыт белбеуімен белін шарт буынып, атқа қонды.


* * *


Шағырмақ күннің шуағы бірте-бірте бұл өлкенің атырабынан жылыстап, өз ұясына қарай қаша бастаған.


Жаңа ғана ыстықтап, тұла бойы бусанып келе жатқан Жөкентайдың денесі енді тоңазып, тер қатып, қалтырай жөнелді. Қоңыр шәліні иығына жамылып қымтана түскен. Бірақ ол да аздан соң қамсау болудан қалды.


Сұп-суық бедірейген биік таудың арғы бетіне қарай еңкейіп бара жатқан күнге қайта-қайта жаутаңдап қарап: “Күннен тым алыстап кеттім-ау, — деп ойлады Жөкентай жабығып, — ол мені жылыта алмай тұр ғой”.


Сонсоң күбірлей жалбарына:


— Е-ей, Күн, бері қарай жақындашы! — деді.


Бірақ ол естімеді ме, бері қарай жақындамай қойды.


— Е-ей, Күн, жақындашы бері қарай! — деп айқайлады Жөкентай.


Бірақ Ағайшаның ып-ыстық үйінің буланған терезесіндей бұлыңғыр көкжиектен суық жымия қараған Күн бұған қарай жақындамады да, жылытпады да.


Сұп-суық көрпесін айқара жамылған кең адырға сүңгіп, көз ұшындағы боп-боз әлемге сіңіп кеткен дәу трактордың ізіне қарап тұрып шаршап... шаршап тұрып еңкілдеп жылай бастады Жөкентай. Өйткені жол — ұзақ, ауыл алыс еді. Ол Күнге жақындап, жылынып алу үшін дәу трактор жүріп өткен жолдан шығып, ақ көрпесін қымтанып дөңкиіп жатқан жотаның басына қарай өрледі. Анау биікке шығамын да, аздап жылынып алып, ауылға, апама барамын деп ойлады ол ақша қарда омбылап келе жатып.


“Ап-по-оу, мен жаурадым”, — деді сонсоң суық сорған ерні дір-дір етіп.


Иен таудың қойнау-қойнауында жасырынып жатқан ымырт қараңғылығы өз мезгілі туғанын сезіп, сумаңдап жарық дүниені тез-тез жаулап ала бастады. Түу, күннің суыта бастағаны-ай...


* * *


Тылсым түнек, құпия тыныштық ұйыған тау ішін жаңғырықтыра арылдаған алып трактордың үні естілді. Олар ауылдан мана біразда шыққан Сейіт пен Жөкентайдың әкесі — Пернебай еді. Кабинаның іші жылы да жайлы. Ал сыртта сүйектен өтер суық сайран салады. Жөкентайдың апасының шынында да айы-күні жетіп отыр екен, ауылдағы ауруханаға жеткізген бойда іле-шала босанып, арыстай ұл тапты. Қаумалаған құрдастарының көңілін қимай шалқыта жуып, Пернебай мен Сейіттің кештеу қайтқан беті — осы.


— Сен бақыттысың ғой, — деді Сейіт жолдан көз алмаған күйі.


Жылы кабинаның ішінде бүгінгі күннің әуресінен қуана құтылып, ұйқылы-ояу маужырап ой кешіп отырған Пернебай еріне үн қатып:


— А-а? — деді.


— Сен бақыттысың ғой!


— Ы-ы...


— Екі ұлың ер жетіп, үлкен азамат болады. Біреуі — қалада, біреуі — далада тұрады...


Сейіттің сонан соңғы сөзін Пернебай естіген жоқ, тонының жағасына мойнын тыққан күйі өң мен түстей рақат күйге шым-шым батып отыра берді. Трактордың алдыңғы екі фары түннің жұқалаң пердесін ысырып, таңертеңгілік түскен жалғыз ізден көз жаздырмай келеді. Сүттей жарық айдың ақ күміс сәулесі ақша қарға шағылысып, айнала төңірек бозамық нұрға шомылған. Ауылдан келе жатқан алып трактор кенет лық етіп тоқтады. Алға қарай оқыс еңкейіп қалып ес жиған екеуі жолды кесе-көлденеңдей тұрған салт атты кісіні көрді. Қаракер аттың омырауын ақ көбік қылып шарқ ұрып жүрген Әбікен шал еді ол.


* * *


Сол түні таң сыз беріп атқанша алып трактор тау ішін арлы-берлі кезіп, арылдап тыным таппады. Ақ көрпесін бұйыға бүркеніп, түнгі ұйқыға шомған таулы адырдың мазасы қашып, қайсыбір тұстан қасқыр ұлып, шибөрі шулады. Қарабарқын аспандағы жапырлаған жұлдыздар да қабағын шытып, әлденеге ренішті көрінді. Олар, бәлкім, бір тұста омбы қарға көміліп, қыбырсыз қалған Жөкентайды көріп те тұрған шығар-ау. Бірақ үн қатып айта алмайтын, қол созып көрсете алмайтын болар. Әттең, тілсіз жаратылған жұлдыздар-ай!


Таң жаңа белгі беріп, шығыс жақтан бозамық сәуле тарала бастаған шақта қар көміп тастаған оппаға жамбастай сырғып жантая түскен алып трактор қанша арылдап, ышқынса да, қайтып шыға алмады. Қарагер ат та осы мезгілде омырауын омбы қарға тіреп, одан әрі жүруге шамасы жоқ, аузынан ақ көбігі ақтарыла азар тұрды шатқаяқтап.


Сол кезде, ия тап сол кезде ұйтқып боран басталды. Бұл нағыз ақ түтек, аяуды білмес албасты боран еді.


* * *


Үзеңгіге табанымды шірей тіреп, иен таудың қойнауында қылдыра-а-ап қалып бара жатқан төрт үйге ат үстінен көтеріле анықтап бір қарап алдым. Көк шулан түтіні қисайып, еріне шығып жатқан үйді көңіліммен діттеп, Ағайшаның үйі сол болар деп шамалағанмын. Алайда ілкі сәттен соң ол ойымның ағат екенін есіме алдым. Өйткені жаңа ғана жолсерік жігіт: “Ағайша сол қыста дүниеден қайтты. Шашы қудай аппақ, бет-аузы әжім-әжім болғанына қарап кәрі кемпір екен десек, бар-жоғы қырық төртке келіпті ғой, жарықтық”, — деген-ді. “Ал Жөкентайдың әкесі мен апасы ше? Олар қазір де осында тұра ма?” “Ия, осында тұрады. Жөкентай жоғалатын күні дүниеге келген сәби биыл қыста бір жасқа толады”. “А-а... баланың өзі ше? Жөкентайды айтам?” “... Сол күйі табылмады ғой. Оны іздеп бармаған тау, баспаған жер қалмады; оны іздеп жүріп әкесі он жылға, ал анасы жиырма жылға қартайып, шөгіп кетті”.


Қайдасың сен, Жөкентай? Бәлкім, Күнге жылынамын деп жүріп, Күн еліне байқамай еніп кеткен боларсың? Бәлкім...


Күн сайын қас қарая тау ішін жаңғырықтырып: “Жөкента-ай, ау Жөкента-ай!” деген айқай естіледі екен. Бұл оның анасы ғой іздеп жүрген. Ұлын жаманатқа қимайды байғұс ана, ол із-түзсіз жоғалып кетті дегенге сенбейді. Қара қыжым пальтосының өңірін түймелеуді де ұмытып, кешкі суыққа тоңып тұрып айқайлайды. Оңған шүберектей боп-боз жүдеу жүзінен, жуған қарақаттай мөп-мөлдір қара көздерінен қайғы табы кетпеген...


Қасымдағы жігіттен қалып қоймайын деп, тақымымды қыса түсіп, ат сауырын сипай қамшылап отырып ойладым: “Мүмкін, Жөкентай дегеніміз иен таудың ішінде отырған төрт үйдің ана-а-ау төменгі ауылға деген сағынышы шығар”.


Ищай, тоңып барам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу