28.11.2021
  195


Автор: Заря Жұманова

Ақ босаға


Бидайдың барар жері — диірмен


мақал



Мың сан дөңгелектері шойын жолды тарс-тұрс тепкілей, тұсымыздан лезде жүйткіп өткен жүйрік пойыз көкжиекке сіңіп барады. Қыз бұрымы сияқты еркелей бұлғаңдап. Үн-түнсіз, көзбен ұзатып, ерекше бір қимастық сезіммен қалай терең күрсінгенімді аңғарғам жоқ. Еркімнен тыс. Шіркін, студент кезімізде өзіміз ен төстеп, еркін жайлаған жайлы вагондарда енді мүлде басқа біреулер ырғатыла шайқатылып кетіп барады-ау!.. Бесікте тербелген мұңсыз-қамсыз нәресте секілденіп. Адамдары дүркін-дүркін алмасып жатқан жолаушылар поезы мен дүрия — дүния арасында осыншама ұқсастық бар деп бұрын-соңды кім ойлаған?!. Біреудің сапары — тым алыс, біреудің барар жері — ауыл-үй арасы. Тынымсыз қозғалыс, сапырылысқан тіршілік…


Жаңа ғана тұсымыздан өткенде зеріккеннен терезеге керенау көз тастаған біреулер:


— Ө-й-дө-өйт дегенің-ай!.. Анау ерке сылқымды қараңдар! Ел-жұрт «мерседеспен» зуылдап жүргенде атамзаманғы есек арбада аяғы салбырап отыр...


— Есек жетектеген еңгезердей тақиялы шал, құдай біледі, сол шолжаң қыздың әкесі.


— Ал, шөп тиеген арба соңынан бастары салбырап, ықтиярсыз еріп келе жатқан ана екеуі — дәу де болса, соның ағасы мен інісі! — деп, бәлкім, сыртымыздан тон піше, күлді ме екен?!.


Бәлкім, әлдекімдер аянышты көзбен қараған да болар. Бар ғұмырын күйкі тірлік күйбеңімен өткізіп, туғалы аядай ауылдан қарыс қадам алыс шығып көрмеген үйкүшік, бұйығы біреулерге жорып... Әлде құмырсқа илеуіндей құж-құж қайнап жатқан күллі әлем, төрткүл дүниедегі қауырт тіршілік, қым-қуыт саяси талас-тартыстармен ісі жоқ, қандай бейғам жандар деп қызықты ма екен?!.


Мүмкін араларында Сағынтай екеуімізді жақсы танитындар да бар шығар. Бір сәт олардың орнына өзімді қойып, біз жайлы не дейтіндерін де ойлап үлгердім:


— Әй, күйеуі де еркек-ақ екен! Үйленгендеріне ай толмай жатып, нәзік келіншегін шөп тасуға салып қойғанын көрмейсің бе?!


— Енді байғұс Шынардың салпыетек әйелдер сапына қосылмағанда несі қалды!..


Шыт-шыт жарылған айтақырлар мен бұйрат-бұйрат құм төбелер арасында жатқан шашыраңқы шағын ауылға пойыз үркітіп жіберген тыныштық қайта қонақтады. Тыныштық деймін-ау, оның өзі де тек салыстырмалы түрде ғана. Әне, азынай мөңіреп, сауырына қонған шыбын-шіркейді құйрығымен шырт-шырт сабалай, желіні жер сыза, өрістен шұбап қайта бастаған сиырлар...


Сабалақ жүндеріне шоңайна, ошаған жабысқан қой-ешкі сырт-сырт еткен аша тұяқтарымен селдір түбіт шаң көтере, тұс-тұстан жамырай маңырап, ауылға бет қойды. Азын-аулақ малдарының алдынан шығып, бір-бірімен самбырлай сөйлескен бала-шаға, келін-кепшік, қатын-қалаш, кемпір-сампыр…


Күрең қоңыр бауырсақтай томпақ бет төрт-бес қара домалақ дабдырласып, даланы бастарына көтере, қасымыздан өтіп барады. Самайдан сорғалаған ащы тер мен оған қонған бозғылт шаңнан бет-ауыздары айғыз-айғыз. Шөп-шөңге жырған, қап-қара, қисық сирақтары шидей жіңішке. Сірісі басылған сандали, тұмсығының ақжемі шыққан бәтеңкілерімен сарғая пісіп, қурай бастаған шөп-шөңгені күтірлете басып, жіпке тізген бес-алты шабағын маңғаздана көтерген кішкентай “балықшылар” ауыл шетіне ілінді...


***


Қазақтың “отыз күн ойын, қырық күн тойының” не екенін енді ұқтым. Кісі аяғы әлі саябырсыған жоқ. Таяққа сүйенген кемпір-шалдар «құтты болсын» айтуға әлі кеп жатыр. Там-тұмдап. Апамның айтуынша, мінәйі себептермен қызық үстінде көріне алмаған жекжат-жұрағаттар екен. Сірә, күні кеше босаға аттап, ақ шымылдыққа енген жас келіннің қолынан шәй ішудің өзі үлкендер үшін бір қызық болса керек.


Шымылдық демекші, бұрын тек «Қыз Жібек» киносынан көрген үлбіреген ақ шымылдық маған да алғашқы күндері қызық көрінген. «Беташар» болғанша, мені соның ішіне отырғызып қойды. Келген-кеткеннен «көрімдік» алып, оны шуылдаса бөлісіп жатқан әйелдердің у-шуын сыртынан тыңдап, құр босқа отырудан жалыға бастағам. Енді, таңның атысы, күннің батысы келген-кеткенге дастархан жайып, шәй қайнатып жүрген маған да, күні бойы гүжілдеп шоғы сөнбейтін байғұс самауырға да бір тыным жоқ...


Жапондардың «шәй құю рәсімі» бұның жанында әдірә қалсын! Сыйлы меймандардың кеселерін шатыстыруға болмайды. Шәйді баппен, сұйылтпай, лақылдатпай, шүпілдетпей құюым керек. Нұсқау солай. Бар ынта-ықыласыммен тырысамын. Тамақ жеу түгілі, жөндеп шай ішуге мұршам жоқ. Шоқша сақал шалдардан гөрі кербез кемпірлер кінәмшілдеу: «Келін, шәйіңді сұйықтау құйшы, қоюлау екен», «Айналайын, самаурдың шоғы басылып қалған ба, қалай…» Сүйейсалды сын-ескертпелерсіз ішкен-жегендері бойына сіңбейді-ау, сірә. Қызылды-жасылды құрақ көрпелер үстінде қаздай тізілген қонақтардың тегіс бабын табу оңай емес.


Малдас құрып, құс жастыққа арқа сүйеген қариялар сақал-мұрттарын баппен сипап қойып, егіннің шығымын сөз қылып, алдағы қыстың ауа-райын болжап, өткен-кеткен ағы-бергі аруақты ата-бабаларын «тірілтіп», үкімет басындағы ауыс-түйіске ауысады.


Байсалды бәйбішелердің әңгімесіне ауылдан ұзатылған қыздардың қайсысы төркініне «сәлем бере» келгені, кімнің құдасына «ірге көрсеткені», кімнің баласы «қыз алып қашқаны» арқау болады. Ара-тұра еркек-әйелі аралас бәріне ортақ тақырып табылады. Жан-жақтан жапатармағай, «қара жер хабар бермесін», «тие берсін» деп қойып, күні кеше ғана о дүниелік болған ауылдас біреуді тіл ұшына салады...


Маған қатысы жоқ әңгіме айтқансып жайбарақат отырғанымен, әрбір қимыл-қозғалысымды елеусіз ғана көз астымен бақылап, үнсіз сынай қарайтын секілді. Бәрі де іштерінен: «Жәкеңнің ат аяғы жетпейтін айшылық жерден ұзатып әкелген келіні қандай жан екен» дейтіндей. Әлде маған солай көріне ме, білмеймін…


Құдай-ау, үлкен кісілер жанына бала ертпесе жүре алмай ма екен?! Қастарында бір-бір қара домалақ. Тершіген тәмпіш танауларын қорс-қорс тартып қойып, олар да шәйшіл-ақ. Дастархан үстіндегі тәтті-пәттінің қашан түбі көрінгенше, жылтыңдап бір кіріп, бір шығып жүріп, шәйға қанбайды-ау, қанбайды...


Келген қонақтарды, солтүстікте — «дядя Ванялар мен тетя Машаларға» еліктеп, оңтүстікте — «Тәшмат әкалардың» тәпсісі ұрып, ұлттық бояуы солғын тартқан басқа жұрағаттармен іштей салыстырамын. Нағыз таза қазақтар тек осы өңірде секілді. Біздің жақта дәл осы ақсақалды, тақиялы, шапанды қариялардай... шалдар мүлде жоқ. Құдай біледі, ер-азаматтардың көбі соғыстан қайтпады-ау!?. Кәдімгі “Сталинград шайқасы” деген атпен тарихта қалған қан майдан біздің ауылдың тап іргесінде болған ғой... Әйтеуір бала кезімде көргенім: сақал-мұртын жып-жылмағай ғып жылтырата қырып тастаған, той-томалақтарда ащы суды қырлы стаканмен шіміркенбестен тартып жіберіп, барқырап әскери әндерге басатын бірен-саран егде ер кісілер еді...Кезінде “халық жауы” деп қамалып, ғұмыры қамшы сабындай қысқа болған туған атамның өзі түгілі суретін де көрген емеспін.


Біздің жақтағы әжелердің де қазақы салт-дәстүрді ұстап қарық қылғандарын байқамаппын...Қабырғалары қатып, бұғаналары бекімей жатып, өздері айтпақшы, «тұрт армияға» алынып, он төрт-он бес жастан әскери өмірдің дәмін татқан оларға не өкпе. Фашист танкілерін өткізбеу үшін терең ор қаздық деп айтып отыратындары еміс-еміс есімде. Ойша соларды, анау ақсақал, қарасақалдардан сәл бөлектене, сән-салтанаты ерекше, қаз-қатар, қаздай тізілген салиқалы сарықарын бәйбішелермен салыстырамын.


Бәрінің үстінде етек-жеңі зерленген түрлі-түсті масаты қамзол. Тәуір матадан мол ғып тігілген, етегі көлдей көйлек. Киімдері өздеріне сондай жарасады. Терең әжім шимайлаған жазық маңдайларын бастыра ораған ақ жаулықтары қырау шалған самайларын жасырып, ажарына ажар қосатын сияқты. Құлақтағы ай сырғаларына дейін салмақты. Кесе ұсынған қолдарындағы құстұмсық күміс жүзіктері де қомақты. Шытырман өрнектерінің ізі көше бастаған білезіктері көне жәдігерлер екенін жазбай танисыз. Дұшпанкөз тәуірінің бәрін үстіне жапсырған кемпірлерді тура осы қалпында кез-келген көркем фильмге ұялмай түсіруге болар еді.


***


Даңғыраған зәулім үй. Бір жақ басында Сағынтайдың аға-жеңгесі тұрады, бір жақ басында — біздер. Бір есіктен кіріп-шығамыз. Қақ ортада абажадай қонақ бөлме. Анау-мынау емес, ауылдық мектептің спорт залындай. Қолымнан ертелі-кеш сыпырғыш, сулы шүберек түспейді. Ара-тұра абысыным: «Құдай-ай, тасташы, сипалай бермей. Бәрібір еңбегің еш болады, қайтесің тазалап! Ел аяғы басылғасын, бір-ақ жиып аларсың,» - дейді зілсіз ғана кейіп. Маған жаны ашитын болар. (Өзі менен екі-үш жас қана үлкен, алайда атын айтуға болмайды. Келген бетте, байқамай «Бәленше тәте» деп айтып қап, өкпелетіп алғам...Негізі, қайныларым мен қайын сіңлімнің де атын айтпай, ат қоюым керек екен. «Ерке қыз», «Төре бала» дегендей. Бірақ мен әлі ешкімге ат қойып үлгергенім жоқ, елде жоқ ерекше бір ат ойлап табуым керек.)


Шынында да үйді әлсін-әлі жылан жалағандай ғып тазалағаным не керек, ересек кісілер көшенің борпылдақ шаңына батқан резеңкі «кәлөштерін» тап бір сәнді де қымбат туфлиден бетер әспеттеп, төргі бөлмеге дейін тырп-тырп сүйреп барып, тап қастарына шешіп қоятынын қайтерсің. Бала-шаға таптап тастар дей ме, әлде бірінікі біріне ауысып кетер деп қауіптене ме…


Ымырт үйіріле, үйдегі үлкен-кішіге тегіс төсек саламын. Менен өзге жұрттың бәрі күн бата, шым батады. Тау-тау боп үйілген майлы ыдыс-аяқтың ортасында жалғыз қаламын. Көңілімнен жауабы жоқ сан сұрақ көлденеңдеп кетпейді: ақ босаға аттаған күні барша жұрттың жас келін атаулыға тілейтін бақыты осы болғаны ма?.. Өмір бойы күн сайын қайталанып келе беретін осынау бір сарынды жұмыстардан ауыл әйелдері қалай мезі болмайды екен?.. Бір кездері әжем де, анам да нан жауып, сиыр сауып, бала тауып, күйеуінің бабын жасап, қайын жұртының қас-қабағына қарау үшін жарық дүниеге келгені ме... Оларды бақытсыз деп кім айтты?!.


Мен келін боп түскелі, мойнынан аз-кем жүк түскендей боп жүрген абысыным, етегіне оратылған жылауық сары қызымен алыса жүріп, есік алдындағы түбінен ернеуіне дейін қара күйе, атамзаманғы шойын қазанның астына қыста малдан қалған ескі сабанның бір құшағын лаулата жағып, су ысытып қояды. Шым-шым суға бар ыдысты бір-ақ тоғытып, бәрін айнадай ғып жуып, сүртіп, орын-орнына жайғастырып, түннің бір уағында ғана басым жастыққа тиеді.


Әке шаңырағында еркін жүрген күндерім есіме түсіп, сағыныштан жүрегім сыздайды. Құс жастыққа бетімді басып, үн-түнсіз көз жасына ерік беремін. Келуімді күтіп, кітап оқып жатып, кейде қалғып кететін Сағынтай, жылап жатқанымды денемнің дірілінен сезе ме, үн-түнсіз иығымның құшақтап, ақырын ғана шашымнан сипайтыны бар. Табиғатынан көп сөйлемейтін ауыр мінезіне салып, жылау себебімді де сұрамайды. Сірә, туғалы көріп-білмеген бөтен ортаға үйренісе алмай жүргенімді өзі де аңғаратын болар…


***


Жазғы түн осыншама келте болар ма?!. Ауылдың тұс-тұсынан бір-біріне үн қосып, тамағы жыртыла, бар дауысымен айғай салған әтештер сүт бетіндегі кілегейдей тұнып тұрған түнгі тыныштық пен таңғы тәтті ұйқының әп-сәтте айран-ботқасын шығарады. Өткенде енем сөз арасында: «Алла тағалла күн сайын өлілер мен тірілердің есебін алып, соған сәйкес, таң құлан иектене ерте тұрған жан-жануарлардың бәрінің ырыс-несібесін бөледі екен. Тал түске дейін ұйықтап жатқандар, не өлінің, не тірінің есебіне кірмейтін көрінеді,» — деген. «Апа-ау, осы үйде өзіңізден ерте оянатын ешкім жоқ. Ұйқтап жатқан балам мен келінім бар еді, — деп, бізге тиесіліні де бірден ала салмайсыз ба?»— деп күлген Сағынтай әзіл-шыны аралас. Үлкен кісінің астарлап жеткізген құлаққағысын ұқпайтын саңылаусыз біреу емеспін ғой, сол сәтте-ақ сергек ұйқтап, ерте тұру керектігін көңіліме түйгем...


Перде саңылауынан себезгілей түскен алагеуім таңғы сәуле, алдымен бір қабырғаны тұтас ала ілінген қызыл күрең қолдан тоқылған кілеммен «сәлемдеседі». Сосын оның үстіңгі жағындағы қаз-қатар тізілген жансыз бейнелерді «аялайды». Көптен шаң басқан сол суреттерді ерінбей-жалықпай, орындыққа шығып, таяуда ғана сүртіп ем. Сонымды көріп, енемнің көңілі бұзылып:


«Бағы ашылмаған анау бейбақты жастай тұңғыш ұлға әпергенбіз, маңдайымызға симады ғой. Уһ, қайтейін…Үйелмелі-сүйелмелі үш қызбен жастай жесір қалды. Бағын байламайық деп, төркініне қайтардық…Кенжемізді аяқ астынан мәшине басты. Ойнап жүрген жерінде. Қос ұлының қайғысына шыдамай, көп ұзамай шалым кетті... Арттарынан. Қаңыраған үйде қаршадай қызбен аңырап мен қалдым. Сонда жалғыз ағам: «Қыз бала — жат жұрттық. Әрі бауырың, әрі балаң, саған арқасүйеу болады», — деп осы Сағынтайын жігіт боп қалған кезінде маған берген. «Құдайдан қорқамын, алмаймын» дегеніме қарамай», — деп мен бұрын естімеген бір терең сырдың ұштығын шығарған…


Содан бері самсаған суреттерге қараған сайын бойымды беймәлім бір сезім билеп, осы бөлмеде оңаша қалуға дәтім шыдамайды. Өмірден ерте кететіндерін білгендей ағаш жақтаулы әйнектерден мұңая қарап қалған бейтаныс бейнелер: «Себеп-салдарсыз, қайдағы жоқ ырым шығарып жылағаның не? Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды...Бақыт та құс сияқты. Адам бақыттың бақыт екенін басынан бағы тайған кезде ғана біледі. Бақытың баянды болсын деп тіле, жоқтан өзгеге жаси берме!» деп мені үнсіз кінәлап тұрғандай…


Бала кезімде, көзі ұйқыға кеткенше ойдағы-қырдағы туыс-туған, жақын-жуық, көршілердің тілеуін тілеп Құдайға жалбарынатын шешеме “Күн сайын қайталап не айта бересіз?» деп күлетін едім. Соңғы кездері мен де түн баласы басым жастыққа тиісімен: «Е, Алла, етегінен ұстап, жер түбінен еріп келген азаматымды аман қыла гөр. Келін боп түскен ақ босағамды, тілеуімді тілеп, артта қалған төркінімді көлденең бәле-жәледен сақтай гөр…» деп күбірлейтін әдет таптым.


***


Қыркүйектің соңғы күндері болса да, күн қызуы әлі қайтпаған. Шыжыған күн астында самаурынға сексеуіл жару да мен үшін бір қиын жұмыс. Бұрын-соңды істеп көрмегесін. Өйткені біздің жақта сексеуіл өспейді. Әуреленіп жүріп, шарбақ сыртына жер тапал көк есегін байлап, үйге қарай келе жатқан көкемізді тап қасыма келгенше аңғармаппын. Сырғып, мойныма түсе беретін үлбіреген жұп-жұқа ақ жібек орамалымды жөндеп, иіліп сәлем еткен болдым. Осы ауылдағы келін-кепшіктердің үлкендерге солай сәлемдесетінін байқап жүргем. Таңғалысын жасыра алмай, аз-кем аңтарылып тұрып қалды. «Орысы басымдау жақтан келген осы келін қай салт-дәстүрімізді біліп қарық қылар дейсің» деп жүрді ме екен. Әр талы сояудай қалың қастың астындағы қысық көздерінен мейірім төгіле: «Бақытты бол, қарағым!» — деді сүйсінгенін жасыра алмай. Көңілім көтеріліп, лезде қанаттанып сала бердім. Сосын көлеңкеде газет оқып отырған баласына жақтырмай бір қарап: «Неге отын жармайсың?» — деді де үйге кіріп кетті.


Үйленгелі Сағынтай жаныма жақын келіп, бір шаруаға қол ұшын тигізген емес-ті. Бір-екі рет оңашада әзілмен құлаққағыс қып өкпемді білдіргем, «Қайныларыңды жұмсай берсейші», — деп қызарақтаған. Жұрттан ұяла ма... Әу бастан ылдым-жылдым жылпостығы жоқ жігіт қой...


Ол әкесінің ескертпесін күтіп отырғандай, будыраған газет-журналдарды ысыра салып, көйлегін шешті де, орнынан атып тұрды. Мәссаған, сексеуілді балтаның жүзімен емес, шүйдесімен күйрете соғу керек екен ғой!?. Ол қас пен көздің арасында бұтақтары тарбиған жуан сексеуілдің тас-талқанын шығарды. Оның бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен ширақ қимылына риза болғаным сонша, жон арқасынан шып-шып шығып, мөлдірей сырғанаған тамшыларға қарап қалыппын. «Қанша адам қаңтарылып шәй күтіп отырғанда, күйеуіңді жаңа көргендей ауызыңды ашып тұра бересің бе?» — деді көзінен жас аққанша күліп. Екі бетім ду ете түсті…


Ызыңдай әндеткен сары самаурынды қос құлағынан көтеріп, табалдырықтан аттай бере, үлкендердің әңгімесінің шет жағын құлағым шалып қалды: «Балаларды жолынан бөгемейік.…Сағынтай аспирантурасын аяқтасын...Бұнда келінге қайым жұмыс та жоқ. Қайратың барда қалаға өзің қатынап тұрарсың, қайратың қайтқанда, олар сені қараусыз қалдырмас. Үлкен бала-келін онсызда өзіңнің қасыңда, соларды жұмсай бер. Біз тасқа қарап отырған жоқпыз ғой»,— деді бәрін алдын-ала ойлап, кесіп-пішкен үнмен.


Шәй үн-түнсіз, ұзақ ішілді. Сексеуіл шоғы селкілдемесіне қоймай, екі иығынан дем алған сары самаурынның бастапқы қарқыны баяғыда-ақ басылған… Дастархан үстіндегі шырыны сорғалаған қара өрік пен сары өрікті айнала ұшып жүрген ара ызыңынан басқа бөгде дыбыс естілмейді. (Тамақтан бұрын желпіп-желпіп айдап шыққаныма пысқырмай, келген-кеткенге ілесіп, үйге қайта кіріп алғандарын көрмейсің бе өздерінің?!.) Әркім өз ойымен өзі.


Ұзатылар сәтте: “Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған елге кетіп барасың, қарағым… Табақтай дипломың табан асты қалмай ба?”— деп Жанғабыл жездемнің қоймастан егілгені кей-кейде есіме түсетін… Бала күннен армандаған мамандықтан қол үзу өзімнің де өңім түгілі түсіме кірмеген. Алайда, соқталдай ұлдары мен қосағынан айырылған жалғызілікті апасының қас-қабағына қарап жүрген Сағынтайдың халін түсінбейтін бала емеспін ғой. Өткенде екеумізге жұмыс қарастырмақ боп, аудан орталығындағы біраз мекемелердің табалдырығын тоздырған. Салы суға кетіп келді. Кім жылы орнынан жылжи қойсын?!.


Кітаппен тәрбиеленген біздей емес, тағдырдың талай-талай теперішін көріп, көп нәрсеге басқаша қарайтын, кең-мол тұлғасына сай, іс-қимылы да кесек, ер мінезді апасы ғана:


— Е-е-й, балалығың қалмайды-ау! «Жаман бара береді, жақсы пара береді»... Мына келімді-кетімді кісілерден қолым босасын, араға адам салып, мілитса жағынан өзім орын іздеп көрермін, — деген. Оқуға өз күшімізбен түстік. Осы жасқа келгенше біреудің жетелеуімен жүріп көрген жоқпыз. Ал енді қызметке тұру үшін біреуге пара беру керек деген сұмдық қой. Екеуміздің де төбе шашымыз тік тұрған...


Екеуміз енді санаулы күндерден соң, қалаға аттанамыз! Жұдырықтай жүрегім қуаныштан алып-ұшып, кеудеме сияр емес… Көкем ұзын мойын, томпақ бүйірлі күміс құмандағы күрең шәйді бояуы солғын тартқанша сораптады. Түгі қырқыла бастаған көнетоз қара тақиясын шешіп, көлдей ақ сүлгімен тершіген кең маңдайын, самайын баптана сүртті. Қасында отырған, дене пошымы да, кескін-келбеті де өзіне ұқсайтын, ізін өкшелей, қатар қартайып келе жатқан қарындасына бағыштай бір әңгіменің ұштығын шығарды:


— Жиеншар көз жұмыпты. Бүгін ауылынан хабаршы келдi. Тойға келгенде-ақ тым жүдеулігін ішім жақтырмап еді. Дәрігерден үміті үзілген бе, сонда бір тәуіпке көрініп жүрмін деген …


— Бәсе өзім де кеше бір қолайсыздау түс көріп ем. «Азу тіс — ағайынға» дейтін, соған көрінген екен ғой. Шиеттей бала-шағасы шулап қалды-ау бейшараның, — деп апам бірталайға дейін үнсіз отырып қалды.


— Ертең жеңгең екеуің жаназасына барып қайтыңдар. Мен кейінірек, «қырқына» таман, бет сипап келермін. Тірі адам тіршілігін істейді ғой, жаздайғы шабылған шөпті күн ашық-жарықта түсіріп алуымыз керек. Балаларды бүгін кешке біздікіне жібер: Сағынтайды шөпке салайын, Шынар асымызды пісірер,— деді де көкем дастарханға бата қылып, орнынан тұрды.


***


Келін боп түскелі айға жуық уақыт ешқайда бой жазып шығып көрмегем. Дереу тәуір киімдерімді киіп, шала бүлініп жатсам керек, Сағынтай: «Тойға баратындай дайындалып, есің шығып кетті ғой өзі»,— деп әзілдегені. Ұялып қалдым. Маған байқатпағансиды, бірақ оның өзі де қуанышты. Екеуміз борпылдақ шаңдағы басына шыққан бұралаң-бұралаң көшелерді қуалап, биік аулалы үйлердің байлаулы иттерін абалата, жүріп келеміз. Көкеміздің үйі ауылдың қиян шетінде екен. Жол бойы шешіле бір сөйлесін.


Әкесі сонау жылы соғыстан жарадар боп, елге оралғалы бері кіндік қаны тамған “Майлыкөлден” қарға адым жер ұзап көрмепті. Құдай қосқан аурушаң, шыңжаулау қосағы: «Оқудағы балдар келген-кеткенде жол бейнетін көріп жүр, темір жол бойына таянғанымыз дұрыс. Өзіміз де жүдә жылдан-жылға жасарып келе жатқан жоқпыз, доғдыры көп, үлкен жерге жылжиық,» — деп қыңқылдай бергесін, қоныс аударуға лажсыз көнсе керек.


Сөйтіп орталықтан ойып тұрып, қазір біз тұрып жатқан, қора-қопсысы кең, еңселі үй-жайды сатып алыпты. Көшіп барғасын, табан астынан, шет жақтағы бір мекеменің қоймасына күзетші болу «бақыты» да өзіне бұйырған көрінеді. Қарауылдың шағын үйшігі кемпірі, кенже ұлы — үшеуіне жетіп жатыр. Бір жағынан, ермек қып отырған азын-аулақ малын бағуға да қолайлы, қосымша тиын-тебені боса да бар. Ертегідегі «бай болып, барша мұраттарына жеткен» кемпір мен шал құсап, Алла-тағалланың осы бергеніне шүкіршілік қылып отырған жайлары бар сияқты…


Олар бізді шыдамсыздана күтіп, есік алдында жүр екен. Байыз тауып үйде отыра алмай, көңілдері алабұртып, бір кіріп-бір шығып... Бауыр еті баласын ет жақын туысына беріп, сосын сол жанның көңіліне келер деп, еркелете де, емірене де алмай, тек сырттай тілеулес боп жүру қандай қиын еді!.. (Біздің бауырмал қазақтан басқа қай халықта осындай әдет бар екен өзі?) Басымдағы ақ орамалымды көшеге шығысымен, бүктеп-бүктеп сөмкеме салып алғам. Бұрыннан тартып жүрмегесін, бір түрлі ыңғайсыз сияқты... Үйге таянғасын тартармын деп ойлағам. Олар алдымыздан шыға келгенде, жас келіннің үлкендердің алдында жалаңбас жүруі ұят болатыны жадымнан шығып кетіпті. Мән беріп жатқан ешкім жоқ… Мәре-сәре… Баяу оттың табына былбырай піскен жас еттің хош иісі үйге кіріп келгеннен тәбет шақырады. Біз келеді деп бір семіз туша сойған екен. Әшейінде сабырлы Сағынтай шүйкедей ғана анасын қапсыра құшақтап алып:


— Апа-ау, бала кезімде күрішті қол диірменге тартып, ұнынан қамыр илейтін едің ғой, етке соны салшы… Шынар туғалы ондайды көрмепті, — дейді балаша еркелеп. Диірменнің өзін музейден ғана көрген маған бәрі қызық.


Ортасы пешпен бөлінген, аппақ, шап-шағын үйдің ішінде басы артық дүние-мүлік көзге түспейді. Ескі қара теледидар үстіндегі оқыла-оқыла ақжемі шыққан он шақты кітап пен жаңа келген газет-журналдар көзіме оттай басылды. Сыртқы әлемнен қол үзгендей күй кешіп жүргеннің әсері ме, оқу қызығына түсіп кетіппін. Тамақтан соң көкем есек арбасын қамдады. “Шөпке мен де барайыншы”, — дедім Сағынтайға. Дауысым сондай жалынышты шықты ма, қайдам, көкем: “Киіміңді бүлдіресің ғой”,— деді де, аз-кем ойланып: “Жарайды, жүре ғой, таза ауа жұтып қайтарсың… Қайныңның ескі көйлек, шалбарын ки”, — дегені. Қуанғаннан көкемді құшақтай алыппын. Бәрі ду күлсін…


***


Енді, міне, байғұс есектің жүгі аздай, шөмеле тиеген арбаның артында аяғым салбырап отырғаным. Көкжиекке сіңіп, көрінбей кеткен поездың соңына қарап, жанарымды мұң торлағанын сезіп қойғандай, көкем:


— Сенің мына кескініңді көрсе, құдам не дейді?!. Құда түсе барғанымда, “Өз баламнан кем көрмеймін”,— деп уәде беріп ем. “Баламды ауыр да лас жұмысқа салып қойыпты”,— деп кейіитін шығар? — дейді күлімдеп.


— Сіздің жақсы адам екеніңізді әкем біледі... Ол кісі адамды тап басып таниды,— деп айта жаздап, келін екенім есіме түсіп, дер кезінде тілімді тістей қойдым. Бірақ ішкі қуанышымды ыңылдай салған ән әуенінен сезді-ау деймін, төбемізден тізіле ұшып, қиқулай қоштасқан жыл құстарына қараған қалпы:


— Иә, Құдай-а, тәуба!.. — деді күбірлеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу