24.11.2021
  223


Автор: Қойшыбек Мүбарак

Бұлтарыс

Алдымдағы қара телефон бебеулей жөнелді.


— Иә!


— Естер ағасыз ғой!


— Тыңдап тұрмын.


— Қалыңыз қалай? Есен-аман жүрсіз бе?


— Аманшылық. . . тани алмай жатырмын. . . — шынымды айттым.


— Иә, танымайсыз. . . Атым Ләйла. . . — жүрегім дір ете қалды. Жаңа ғана соңғы нүктесін қойған шығармамдағы кейіпкерімнің аты.


— Ләйла!. . — еркімнен тыс күрсініп жібердім.


— Аға қазір сізге барам. . .


Кел, иә, кел ме, дерімді білмей бөгеліңкіріп барып:


— Қай жақтасың? Қалқам. . . — дедім.


— Алыс емес. . . шығып келемін міне. . . трубканы қоя салды. Ләйла дедім күбірлеп. Өмірде ондай танысым жоқ. . .


Алдымдағы компьютерімді өшірместен тысқа шылым шегуге шықтым. Қанша ойлансам да Ләйланың кім екенін таба алмадым. Көз алдыма тек жаңағы шығармамдағы кейіпкерім ақшулан көйлегін көлбіретіп келе береді. Арт-артынан неше темекіні тауысқан соң барып қайтадан ішке кірдім. Шалқаймалы креслома отыра бергенде тық-тық етіп есік қағылды да, артынша сырт етіп ашылды. Ақшулан көйлегі көлбіреп манағы кейіпкерім Ләйла кіріп келеді. Селк ете қалдым. Көзімді уқалап жіберіп қайта қарадым. Менің абдыраған бейнеме қарап сықылықтай күлген Ләйла баяғыдан таныс адамша мойнымнан құшақтап бетімнен сүйді де:


— Қойшы болды Естер аға! Өтірік танымай қалмай.


— Ғажап! Расында танымай отырмын. . . сұмдық ұқсастық бірақ. . . — деп міңгірлеп жатырмын.


— Шығарманың тақырыбын ауыстру керек!


— Қайсы?


— Мен туралы жазған.


— Түсінбедім. . . Сен туралы?!. Бұл менің өз кейіпкерім. . . Сенімен қатысы жоқ! Тек кейіпкерімнің атының да Ләйла екені болмаса.


— Түсінбейтін түгі жоқ! Жаңа ғана бітірген шығармаңыз. Ондағы кейіпкеріңізді өзгерту керек! Сосын тақырыбын да! Кейіпкеріңіздің аты — Майра. Ал, тақырбы «Кездесу» емес, «Айырлысу» болуы керек.


— Қой айналайын! Ол менің шығармам. Қандай тақырып қоям өз шаруам, — мен шамырқана қалдым.


— Онда неге мен туралы жазасыз?!


— Сен туралы емес!


— Естер аға! Шығармаңыз жаңа шыққан кітап туралы ғой.


— Иә.


— Уақиға желісі кенеттен жауған жаңбырмен басталады.


— Солай. . .


— Жаныңызға Ләйла келіп отырады.


— Оны қайдан білесің?


— «Күлгін көйлек» туралы айтады. . .


Шынымен де солай-тын. Бәрін қайдан біліп алған деп қайран қалып отырмын.


Қыз Босаға жақта тұрған жылжымалы орындықты жаныма сүйреп әкелді де орнығып отырып:


— Бәрін шатастырып жібердіңіз. Компьютеріңізді ашыңыз, басынан бастап дұрыстап шығамыз. Әуелі тақырыпты өзгертейік. Сосын ары қарай кетеміз. . . Мен тілтақтаға саусақтарымды қойдым да, қызға қарадым.


— «Кездесуді» «Айырылысу» деп өзгертіңіз. Мен өз еркімнен тыс айтқанын орындап болып есімді жидым:


— Жоқ, өзгерте алмаймын! Шығармамды оқуыңа болар. . . Бірақ өзгертуге жол бермеймін!


— Өзгертеміз! —қыз қояр емес. Өзімді барынша сабырлы ұстауға тырыстым.


— Қалқам, Ләйла боласың ба, басқа боласың ба, менің шығармаммен еш қатысың жоқ. . . Көлденең көк аттының сөзіне бола өзгертер жайым жоқ! — сөзімнің соңы қаттырақ шығып кетті.


— Естер аға! — ол креслоға шалқалай отырды. Көздерінің астынан бойлай созылған көзге көмескілеу секпілі қыз ажарын тіптен әдемі көрсетіп тұр. — Сіз өзгертпесеңіз мен өзгертем оны. . . деді көйлегінің жағасындағы жыпырлаған қалың түймелерді ағытып жатып.


Ағытылған түймелер сезімімді қытықтай бастады. Ағытыла-ағытыла төңкерілген тостағандай тырсыйып тұрған омырауының тұсына келгенде бітіп қалды.


— Бөлмеңіздің тынысы тар екен. . . — қыз терең дем алып жеңіл күрсінді де:


— Енді шығарманы бастап оқиық деді. — мен үнсіз келіскендей болдым.


«Жұмыс орныма баспада жатқан кітабымның сүйнші данасы келген екен. Құжырама жетіп жата-жастана қарап шығайын деп сыртқа шықтым. Әлгінде ғана шайдай ашық аспан лезімде түнеріп әп-сәтте нөсерлете жөнелді. Аялдамаға дейін ұзаса елу қадам шығар. . . Қолымдағы кітабымды қолтығыма тыға салып тұра жүгірдім. Жаңбыр емес төбеден біреу әдейі шелектеп су құйып тұрғандай тұла бойым суға малшынып аялдаманың қалтқысына әзер жеттім. Менің келгенімді күткендей жолаушылар көлігі де ыңырана келіп, күшеніп әзер тоқтады. Қалтқыға тығылып тұрған жұрт жартылай ашылған есікке лап қойдық. . . »


— Тоқтаңыз. . . Басынан бастап өзгертеміз. Ол былай басталған:


— Жоқ! Мен саған тек оқуға ғана болады дедім!


— Тақырып өзгерді ғой. . .


— Несі бар! Өз тақырыбымды қайта қоя салам!


— Басталған дүние аяқталуы керек!


— Иә «Кездесу» деп бастағам. Солай аяқтадым.


— Иә, сіз «Айырылысу» деп қайта бастадыңыз. . . — өзімді қанша ұстамдымын дегеніммен шарт сындым.


— Құрышы бар! — қолымның қалай қатты сермеліп кеткенін өзімде аңғармай қалдым. Абайсызда тиген қатты соққыдан креслодан ұшып кеткен Ләйла:


— Бұлай істеуіңізге болмайды! Болмайды-ғой. . . Ағатай-ау, маған не істедің? — деді ыңыранып жатып. Әлдебір тылсым күш тұла бойымды дір еткізді. Осы бір сөз қайдан, қашан екенін белгісіз құлағымның түбінде қалғандай. Абайсызда ашуыма сонша ерік бергеніме қатты ұялдым.


— Кешірші қалқам! Абайсызда қатты кетіп қалыппын. . . айып етпеші. . . — Ләйлані орнына әкеліп отырғыздым. Ауырсынған шынтағын уқалап отырып тілтақтаны өзіне тартып тере бастады:


«Түс әлетінде жұмыс орныма жақын жердегі «Жастар саябағына» барып, қатар өскен қос қайыңның түбіндегі орындыққа отырып алып бақтың әсем көрнісіне көз жүгіртуді әдетке айналдырғаныма біраз уақыт болған. Таңнан бері тоқтамай құйып тұрған жаңбырды ойлап бүгін бармай-ақ қояйын дегенмін. Әлде бір дүнием кеміп қалғандай бір орында байыз таба алмай түс ауып кеткенше дегбірсіздендім. Ақыры қол шатырымды көтеріп баққа қарай келдім. . . », — деп тоқтады да.


— Міне осылай басталатын. . . Енді ары қарай оқыңыз. . .


Мен еш қарсылықсыз оқи бастадым.


«Әзер дегенде ішке еніп, арт жақтағы көп бос орынның біріне барып жайғастым да, қолтығымдағы кітапты алып сілкілеп суын кептіре бастадым.


— Аға ары өтіп кетсем бола ма? —ақшулан көйлегі жауынның суынан тәніне жабысқан аққұба қыз дір-дір етеді. Мен терезе жаққа қарай сырылдым да, өз орынымды босаттым.


— Күн шайдай ашық болғасын қолшатыр алмай шығып едім, — қыз қымсына тіл қатты.


— Мен де,—дедім кітабымды парақтап. . . »


— Тұра тұрыңыз, —деді Ләйла даусын созып.


— Ләйла! —осымен тоқтатайық болды! Мен жазбаған сен оқымаған бол!


— Болмайды! Басталған дүние аяқталуы керек!


— Ләйла! —ол мені тыңдамай ары қарай тіл тақтаны сытырлата жөнелді.


«Күндегі арлы-берлі қайшалысып жүретін адамдар саябырлаған, оқтын-оқтын жаңбырдан қашып асыға жүгіріп бара жатқандар ғана көрініп қалады. Шатырлай жауған жаңбыр қол шатырды тесіп жіберердей. Жол бойындағы шұңқырларға жиналған суларды айналып өтіп, қос қайыңның түбіне келдім. Менің келуімді күткендей жауын сап тиыла қалды. Қол шатырымды сілкілеп барып жинадым да орындықтың бетіндегі суды қолыммен сыпырып дымқыл орындыққа жалп етіп отыра бергенім сол еді:


— Туу, аға сізді іздемеген жерім жоқ,жаңбырлатып қайда кетіп қалғансыз, —деп суға малмандай болған Майра келді қасыма. Қолында су-су болған кітап бар.


— Кел! Кел! Мына жаңбырда өзің не істеп жүрсің, отыра ғой, — мен бір шетке қарай сырғып жаңағы қолыммен суын сыпырып тастаған орнымды бердім. . .»


— Осылай-тұғын. Ал, ары кеттік. . .


— Қалқам! Бұнің тіптен бөлек дүние! Өзің-ақ жеке бір әңгіме қылып жазып алмадың ба?!


— Кім айтты бөлек дүние деп! Өзгертіп жазып тастаған сіз өзіңізсіз


— Ләйла мен не жазам өзім білем! Онда сенің не ақың бар!


— Иә не жазатыныңызды өзіңіз білесіз. . . Бірақ. . .


— Бірақ не болды ал?


— Бұл жерде сіз мені жазғансыз. . .


— Қойшы айналайын сен емессің!


— Менмін!


— Емессің есуас!


— Өзің есуассың! Ойыңа келгеннің бәрін істеп алып өтірік жалтарып отырған. . . Есуас өзіңсің. . . — Ләйланың шаңқылдаған даусы құлағымды тесіп жіберердей болды. Неге екенін қайдам мен тез басылдымда ары қарай оқи бастадым.


— Қандай кітап?..


Сәл қымсынып қалдым. Бойымды тез жинап:


— Баспада кітабым жатыр еді. . . Соның алғашқы нұсқасы ғой, —барынша салмақты болуға тырысып жатырмын. . .


— Қандай керемет! Сіз жазушысыз ба?


— Аз-мұнша әуестігім бар.


— Атыңыз кім, — деген қызға қолымдағы кітапты ұсындым. Кітапты қолына алған қыз балаша қуанып:


— Аа. . аға білем сізді. . . Сіздің «Гүлді көйлек» шығармаңызды сүйіп оқығанмын. . .


— Рахмет!»


— Тоқтаңыз тіптен лағып кетіпсіз, — деп Ләйла енді сайтандай құбылып сықылықтай күліп ары қарай жалғады. Мен ешнәрсе демедім.


«Майрамен пед институттағы шығармашылық кездесуде танысқанмын. Соңғы курста оқиды. Жастардың ішіндегі жақсы жазып жүрген қыз. Сол кездесуде арнайы үш әңгімесіне тоқталған едім. Өзімше бағыт-бағдар бергендей болғам. Соңыра бір кезіккенде баспадан әңгімелер жинағы шыққалы жатқанын айтқан-тұғын.


— Әуелі сізге көрсетейін деп арнайы келдім, аға! Кітабым шықты. . . сүйіншісін бересіз. . .


— Ал! Ала ғой қалқам! Жазарың көбейсін! Қаламың қарымды болсын! Қандай керемет! Институтты бітірмей жатып кітабы шығу екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ, — деп мен байғазысын бермекке қалтама қолымды салдым. . . »


— Міне осылай болатын. Енді сіздің жазбаңызды оқиық.


«— Көрсем бола ма, — қыз үзіле қарады. Бойымды әлдебір ыстық ағын шарпып кеткендей болды. Жалма-жан қолымдағы кітапты ұстата беріп:


— «Гүлді көйлек» бар ма ішінде?


— Жоқ. Мұндағының барлығы жаңа шығармалар. . .


— Шынымен бе, — қыздың көзқарасы жанымды елітіп барады.


— Иә. . . Иә. . . айтпақшы өз жөніңді айтсаңшы.


— Мен бе? Мен. . . Мен, —қыз өз атын өзі ұмытып қалғандай сәл тосылып барып,— Ләйламын. Осында пед институтта оқимын, —кітапты парақтап жатып:


— Аға, болды, мына кітапты енді сізге бермеймін, —дейді қулана.


— Айналайын-ау! Өзім де әлі оқығам жоқ!


— Есесіне өзіңіз жаздыңыз ғой.


— Сүйінші нұсқасы, ішінде көзге көрінбей кетіп қалған қателер болуы мүмкін. Үйге апарып соны қарап шығуым керек. Сосын ала бер.


— Ммм. . . —қыз сәл ойланып отырып барып жалт қарады да,— Онда сізбен бірге үйіңізге барып оқысам бола ма? — деді.


Жөпелмеде не айтарымды білмей тосылып қалдым.


— Аа. . . жарайды. . . Білдім. . . жеңгемнен ыңғайсызданасыз ғой. Расында солай ғой, ә, аға?! Жеңгем қызғанып төбеңізге шай қайнатар, — сықылықтап күле жөнелді.


— Жоқ! — дедім мен шоқ басып алғандай.


— Онда. . ?


— Төбені қойып ішуге шай қайнатын адам жоқ. . . Сүрленген сұр бойдақпын, —қыздың қабағы түйіліп барып қайта жазылды...


— Кешіріңіз, білмедім. Бірақ өзіңіз оқып болған соң, мүмкін ертеңдері бере тұрарсыз. . .


— Иә, иә, —деп барып өзім ойланып қалдым. . . Әлдебір тылсым сезім жүрегімді өрекпітіп өзімді билей алмай бара жатырмын. Арғы жағымнан әлдебір күш «сенің баяғыдан таппай жүрген бақ құсың осы. Айырылма, ертіп кет. Бұдан айырылсаң, өмір бойы жалғыз қаласың! Сенің сыңарың осы», — дегендей болады. . . »


— Жоқ! Жоқ олай емес, —Ләйла компьютердің экранын өзіне қарай қайта бұрып алды.


«— Ағатай, мен үшін осы кітапты бір шолып қарап бергеніңіздің өзі үлкен байғазы. Әуре болмаңыз. Тек кітапты сізге қалдырсам. Ертеңге дейін бір қарап берсеңіз. . .


— Иә, қалқам, қуана-қуана қарап беремін, — деп кітапты парақтай бастадым. Парақтап отырып, Майраға қарадым. Жаңбырға шыланған шашы иығына жабысып су болған көйлегінің етегін желпіп кептіріп отыр. Суықтан денесі дір-дір етеді. Үстімдегі костюді шешіп, қоярда қоймай иығына жауып жатып, жүрегім кеудеме сыймай атқалақтай жөнелді. Баяғыдан қалай байқамағам, қандай сұлу мүсін? Періштенің өзі осындай-ақ болар деп ойладым. Сосын барып:


— Майра, бұл кітапты екеуміз бірге оқиық, — дедім.


— Қойыңыз аға! Жеңешем не деп ойлайды? Сізді қойшы, ер азаматсыз, мына қызға не болған демей ме? Өзіңіз апарып оқи беріңіз, — деп қыз шоқ басып алғандай болды.


Мен дағдарып біраз отырдым да:


— Жоқ біздің үйге емес,басқа жаққа барамыз,—дедім.


— Болмайды, қайда бармақсыз? Үйіңізде балаларыңыз, жұбайыңыз күтіп отыр. Мен олай істей алмаймын, —қыз көнер емес.


— Майра! — деймін мен де өзеуреп: — Сен шығармашылық адамысың ғой. Онда тұрған дәнеңе жоқ. Мен ағаңмын. Жеңгең қате ойламас үшін басқа жаққа барғанымыз ыңғайлы. Бірлікте отырып қарап шығамыз, — санамды сайтан сезім әбден буып алған, — жазған автор өзің болған соң бірге оқығанымыз дұрыс, ертең кітабыңның бір әрпі қате кетсе де өмірлік өкінішке қаласың. Ешнәрсе етпейді, бірге барамыз да таңға дейін оқып болып қайтамыз. Алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шынын айтсам мен үшін емес өзің үшін. Өз шығармашылығың үшін керек дүние. Қоярда қоймай жүріп ақыры көндірдім. . . »


— Тура осылай болатын, — деді Ләйла экранды маған қаратып жатып.


— Ләйланың манағы ағылтған түймелеріне, расында көйлектің ашық жағасынан көрініп тұрған аппақ анарына көзім түсіп бойымды әлде бір сайтан сезім кезе бастады. Менің қарасымды аңғарып қалған қыз кеудесін алақанымен көлегейлеп. — Ұятсыз. . . ары қарай оқыңыз. . . деп қуақылана күліп жіберді.


Мен экранға үңілдім.


«— Саған бір өтініш айтайыншы, — деп Ләйлаға қарадым. Бетіме жалт қараған ол:


— Не айтасыз, — деді.


— Осы кітапты екеуміз бірлікте оқиықшы.


— Бүгін кеш болып кетті аға. Ертең ертемен келе алам, — қыз риясыз шынын айтып отыр.


— Жоқ бүгін оқу керек! Ертең ертемен баспаға жеткізіп беруім қажет.


— Онда бір өзіңіз оқисыз. Бөтен үйге бару ыңғайсыз ғой.


— Несі ыңғайсыз. Оқып бола сала жатақханаңа әкеліп тастаймын.


— Солай болғанда да, бара алмаймын аға!


— Ләйла бізді осы көлікте тағдыр осы кітапты бірге оқуға жолықтырып отырған шығар. Бұл кітаптың алғашқы нұсқасын автор мен оқырманның бірге оқуына жазған болуы керек. Бір орын алдыға не кейін отырғаныңда бір-бірімізді білмес те едік қой. . . Қыз ойланып қалды да:


— Ұят болмай ма, —деп етегін жұмарлап төмен қарады. Төпеп тұрған жаңбырда ырғатыла ілбіген көліктың жүрісі мандыр емес. Қыз келіскендей болды. Жүрегім алып ұшып аялдамаға жете алмай келемін. Әйтеу ес кетіп жан шыққанда жеттік. Әзер ілбіп басқан Ләйланы қолынан сүйрегендей болып жүріп құжырама жеттім.


Есіктен кіре шашылып жатқан кітаптармен құйқаланып жатқан киімдерді көріп, аңырып тұрып қалған Ләйла:


— Үйленуіңіз керек қой! Мына шашылған дүниенің ішінен есікті қалай адаспай тауып шығып жүрсіз, —деді күліп.


— Иә, — дедім мен де ұялғаннан өтірік жымиып.


— Сіз кітабыңызды оқи беріңіз. Мен әуелі үйді ретке келтірейін. Сосын барып оқимын. Әйтпесе мына жерде сіз екеуміз бір-бірімізден адасып қалармыз, —деп сықылықтай күліп барып сыртқы киімін ілді де, үйдің бұрыш-бұрышында үйіліп жатқан киімдерді алып бүктей бастады. Менің кітап оқуға зауқым соғар емес. Ләйланың әр қимылын бағып терең қиялдың шүңетіне шөгіп барам. Салт жүріп үйреніп қалған өмірім әдіре қалып, Ләйлам менімен мәңгі қол ұстасып осында қалса ғой деп армандап отырмын.


— Ішінде таза бір киім жоқ. Мыналарды қалай киесіз? Ләйла мені бір түрлі мүсіркей сөйледі.
Жаңағы тәтті қиялдан селт етіп оянсам да оған айтарға сөз таппай ыржалақтап күлген болып жатырмын. Киім-кешектің бәрін бүктеп креслоның үстіне жиған Ләйла:


— Мынаның бәрін жуу керек, — деп, енді шашылып жатқан кітаптарды реттеп кітап сөресіне қойып болып жаныма келді де:


— Ас-үйді де реттеуіме бола ма? — деп сұрады өз болмыснан тыс байсалды үнмен.


— Әрине! Қуана келісем ғой.


— Онда бір шартым бар.


— Қандай шарт? Не десеңде мақұл!


— Мені қате түсінбеңіз!


— Атама!


— Тағдыр туралы айттыңыз ғой бағана.


— Иә.


— Тағдыр мені осында әдейі әкелген шығар.


— Мүмкін.


— Шартыңды айтсаңшы. Не десең де мақұлмын!


— Қаласаңыз қасыңызда қаламын.


Жүрегім жарылып кетуге тәс қалды. Басым аяқ асты қонған бақтан айналып барады.


— Тағыда айтарым, қате түсінбеңіз! Сіздің әр шығармаңызды оқыған кезде сізді сондай бақытты жан шығар деп ойлайтынмын. Сізді қандай бағы бес елі адам алақанына салып аялап отыр екен деп ойлаушы едім. Мына жайыңызды көріп, қаласаңыз қалсам деп шештім. Шартым сол қабыл көрсеңіз ыдыс аяғыңызды өзім ұстаймын.


Оның ары қарай не айтқанын ести алғам жоқ. Орнымнан қалай атып тұрып аш белінен қапсыра құшақтап бет-аузынан түк қалтырмай өбіп жатырмын. . . »


— Тоқтаңыз енді,бұлай емес! Тіптен бұлай аяқталуы мүмкін емес, — Ләйла ары қарай тілтақтаны тере жөнелді.


Мен ашылып қалған кеудесінен көз ала алмай әлі отырмын. . .


«Қаланың шет жағындағы күндікке пәтер жалдайтындарға барып, әлдебіреуімен келісіп, бір түнге пәтерін алдық та маңындағы дүкеннен ішпек-жемек пен қоса бір құмыра шарап алып бөлмеге ендік.


Мен терезенің алдындағы стулға жайғасып, Майраның кітабын оқи бастадым. Ал Майра жаңағы дүкеннен алған дүниелерді алып ас үйде дастархан қамына кірісті.


Мен бірінші әңгімені оқып бітірген кезде жаныма келген Майра:


— Шайға келіңіз, бір кесе ыстық шай ішіп алыңыз, — деп қиылып тұр. Шай үстінде шығарма туралы біраз мақтаулар айттым. Ол қатты қуанды. Мен бағанағы шараптың аузын ашып:


— Осы қуанышың үшін бір стакан тартып жібер, — деп қоярда қоймай отырып ішкізіп жібердім де, өзіме бір стакан құйып, оның шығармашылығы туралы көсіле сөйлеп отырып, тағы бірнеше стаканды арт-артынан ішкіздім. Бұрын шарап атаулыны ішіп көрмеген қыз тез мас болып қалды.


— Аға! Сіз неге менің оңаша үйге алып келесіз? Сіз неге жеңгемнің қасына бармайсыз? Сіздің ойыңыз арам емес пе? Ондай ойлаушы болма! Мен кіммін? — деп аузына келгенін айта бастады. Орнынан тұрам деп тәлтіректеп барып босаға сүйеніп отыра кетті. Қолтығынан демеп төсекке әзер жеткіздім де еңкейіп жатқыза бергенімде өзім де тәлтіректеп үстіне құлап түстім.


— Кет! Кет аға! — деп қолын дәрменсіз сермей бастады. Орнымнан тұрып бара жатып ойым қайта бұзылып, үстіне құлай кеттім де, ернінен өбе бастадым. . .


— Бұлай істеуіңізге болмайды! Болмайды, — деп тұншыға шыққан даусы тіпті еліктіре түсті. Таң қылаң бергенде жұлқылап оятты.


— Ағатай-ау, маған не істедің, — деп еңреп жылаған Майраны белінен құшақтап өзіме қарай тарттым. . .»


— Естер аға, міне осылай аяқтауы керек,— деп тілтақтаны маған қарай сырған қызды құшақтай алып ернінен сүйе бастадым.


— Құлағыма Ләйланың бағана құлап жатып айтқан сөзі қайта келді.


— Естер аға! Ауа жетпей тұншығып барам, жіберші болды. Сыртқа шығайық, — деп жалынған қызды әзер босатып орнымнан тұрдым.


Екеуіміз де үнсіз сыртқа шықтық. Ұзыннан ұзаққа созылған көшені бойлап жүріп келеміз. Көшенің келесі басына жете кесіп өтіп жатқан өзеннің жағасына бұрылып, сол үнсіздікпен самсыған қалың қайыңды аралап келе жатырмыз. Күн ұясына кіріп, қас қарая бастағанда Ләйла:


— Шаршадым болды! Енді жүрерге шамам қалмады, — деп маған сүйене кетті. Аш белінен қапсыра құшақтап тұрып:


— Ләйла саған бірдеңе айтайыншы деген менің мойныма білегімен асыла кеткен ол:


— Естер, мен Ләйла емес, Майрамын ғой... — деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу