Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  1115


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Тамара

Тамара Асар дейді оны халқы,
Өзі әсем, халқына қымбат нарқы.
Дүниеге келген аңғал көңіл менен,
Шарықтап,
Көк жүзіне ұшқан қалпы.
Қызымыз ол, талайды алаңдатқан,
Леп ескендей бейне бір самал жақтан.
Ойламаған өмірдің көктемінде
Ұрынар деп бір пәле жалаң қаққан.
Бәрі де дос,
Туысқан барлығы да,
Солар үшін салды бұл әнді бұла.
Не керектің бәрін де,
Талмай жинап,
Сала бере әспеттеп,
Сандығына.
Жас еді,
Жалынды еді,
Қайсар тұғын,
Өзінде бар болатын байсалды ұтым.
Жадырап,
Жаны күліп,
Тұрар ұғып,
Ештеңе жоя алмайтын қайсарлығын.
Үні қандай,
Шығатын діріл қағып,
Соны айтып,
Сан рет сыбырладық.
Ән салсаң сал осылай жарасымды,
Жан дүниеңді алғандай,
Шын ұрлатып.
* * *
Кенеттен,
Басқа күйді тапты өмірі,
Үстіне күтпегенін жапты өңірі.
Аяқ асты бүлініп барлығы да,
Аяқ асты кір болды ақ көңілі.
Сол күні ойында жоқ ештеңе де,
Ұқпайды,
Сақталды екен есте неге?
Ойға түссе кетеді дір-дір етіп,
Тіксінеді,
Әлде өзі сескене ме.
Келе жатқан машина жол үстінде,
Дүр етті бір,
Назарсыз көп ешкімге
Тамара өз ойымен отырған-ды,
Селк етті,
Дегендей-ақ,
Соғыстың не...
Кенеттен, жәйсіз сәттер таяды да,
Әл бермей бақытының баянына,
Ойынан шығып бәрі,
Бір-ақ сәтте,
Қараған, қатты ауырған,
Аяғына....
Сол сәтте ұмыт болып арманы да,
Ойда жоқ қабілеті,
Талғамы да...
Жұлынып кеткен аяқ қан сорғалап,
Жатқанын көрді кенет...
Дәл жанында...
Көрдің бе дәл осындай маңдайы ақты,
Кімдерді ол өзінше алдай апты...
Көзіне түспесін деп өзге жанның,
Қойнына тыға салды әлгі аяқты...
Осы ма...
Осы ма еді бұйырғаны,
Көзінің жасы енді тыйылмады...
Білмейді,
Қанша осы күйде жатты,
Есінде тек,
Құдайға сыйынғаны...
* * *
...Бір аяқты берді ол,
Бір аяқты...
Қайтаршы деп кімнен ол сұрай апты...
Дей ме мұны, шынымен,
Тағдыр ісі,
Дей ме әлде, шынымен,
Құдай атты...
Адамдар біле ме екен салған жолды,
Түсініп тұру қиын алған қолды.
Қалай екен бұл өзі, деп ойлайды,
Бір кезде отыру да арман болды...
Артық көрмес ешкім де марапатты,
Бірақ одан артық қой парасатты.
Тек қана аяқ емес зақымданған,
Бел омыртқа,
Жамбас пен жарақатты...
Өмірді енді бастаған,
Шат ару ма,
Тіршілігі қор болып,
Маталуда.
Жаңа ұшқан ұядан жап-жас қыздың,
Қаупі үлкен,
Ана деп аталуға...
* * *
Екі жыл өтті арада,
Алпарыспен,
Тамара сол бір сәтті аңсап іштен,
Күресе берді басқа түскен күймен,
Бітерін білмесе де,
Мол табыспен...
Артта қап,
Сол күндерін қыспақтағы,
Қолына ешбір таяқ ұстатпады.
Жүрді ол қатар басып екі аяқты,
Тағдыры қол көтерді,
Tic батпады...
... Аурухана,
Төсекте жатты сұлық,
Кірпіктері қалғандай жапсырылып...
...Бір мезгілде....
Тіршілік лебі ескендей,
Иілгендей алдында тақсыр үміт...
Түсіргендей жүрекке бір ізгі дақ,
Әуені өзгелерден нығыз бірақ,
Төсекте жатқан жанның ауызынан,
Естілді сол ән кенет,
Сыбызғылап...
Әуені әсем екен,
Тыңдағанға,
Ой салар алуан қилы,
Мұңлы адамға.
Жанымен сезген соны жаралы қыз,
Жаңғыра қарағандай,
Бұл ғаламға...
Дүниеде болады екен барлығы да,
Атқыза алмас ешкім де таңды бұла.
Өмірдің өз қолымен басылады,
Аласапыран тірліктің әр қырына...
Ұқты соны жанымен,
Жүрегімен,
Басқа ойды бұқтырып,
Сүреңінен.
Қараған жан сол сәтте сезер еді,
Үміт отын,
Сабырлы реңінен...
Сезеді мұны ойы ұшқыр адам,
Сөз емес оған басқа ішкі бағаң.
Осы сәтте бойына Тамараның,
Шәкәрім сөзі еді күш құраған.
Мұңлы екен,
Бірақ ойлы,
Анық сөзі,
Жайымен ашылды да,
Жанып көзі,
Өзіне өзі келген Тамара қыз,
Баяулап,
Сұлу әнді ағытты өзі...
* * *
Жинаған ойын түзеп,
Есін енді,
Тамара алды осы сәт есіне елді.
«Бір аяқпен жүрген жан бұл ғана ма,
Аламын тіршіліктен несібемді...
Шашамын алдарына жырларымды,
Бар шығар арасында сыр да мұңлы.
Тыңдарсыңдар бәрің де ықыласпен,
Жүрегімнің түбінде тұнған үнді».
Сөзің қандай ақылды,
Ырысты еді,
Жұрт қуанды,
Ағайын «дұрыс» деді.
Белді бекем буынған Тамара қыз,
Дайындалды,
Бір іске кіріскелі...
Өтті уақыт...
Өтті уақыт тағы да,
Кездескен сәт соры әлде бағы ма...
Бір күні ол сүйіскен жас жігітті,
Қондырды оң жағына...
Уақыт сырғып өтіп жатты тағы да,
Өмірінің ескерткіші,
Бағы ма...
Жарық көрді дүниеге кеп жас ұлан,
Қамбар атты,
Отырды өмір тағына...
Өмірдің бір қызығы — бала,
Деген,
Шындық қой,
Тасқа басып,
Шегелеген.
Өмірлері толысты, күткендей-ақ,
Өздері — ұлмен,
Ата-ана немеремен...
Жас бала көрік қосып шаңыраққа,
Боялған бұл жас отау тағы да аққа.
Бір күні ойда жоқта болып бәрі,
Кетті ол,
Жас жүректі аңыратты...
* * *
Үйсіз қалды,
Күйеуі кетті бөлек,
Үйсіз қалды,
Үй болса деп тілеп ед...
Баласы бар,
Жалғыз-ақ бауырында,
Осы ой оның жүрегін тепті мезет...
Сол-ақ екен бекініп,
Бір тың іске,
Жол бермей бұдан әрі іркіліске,
Жәмекұлы Серіктің барды алдына,
Бастаған не еді оны,
Сілкініс пе...
Құдайдың өзі бастап әкелген-ді,
Өзіне өзі келді Тәкең де енді.
Оспановты ешқашан ұмытпайды ол,
Үш күнде, бір бөлмелік,
Пәтер берді...
Осылай,
Бәрі келіп орынына,
Ашыла бастағандай,
Жолы бұла.
Өзіне өзі келген жас Тамара,
Аттанған,
Өнер атты жорығына...
Сезіп жаны,
Тұрғанын,
Елдің қалап,
Кеткендей,
Болып мезет шердің бәрі-ақ,
Тамара қуанышпен алға басты,
Жақсылық шақырғандай,
Мен мұндалап...
Жұлдыз ол,
Жұлдыз болды аспандағы.
Мәртебе арнасынан тасқан бағы.
Тамара жүрді биік асулармен,
Ол енді ештеңеден жасқанбады.
Түрлентіп,
Әсем үнмен салды әнді,
Адамның жанында от жандыра алды.
Қырымбек Елеуұлы арқасында,
Маңғыстау әншісі боп қалды мәңгі...
Өмірдің терең сыры ойлағанға,
Түбіне терең түсіп,
Бойлағанға.
Оның да айтары бар тыңдаушыға,
Ол да тыңдап,
Сөйлейді ойлы адамға.
Кім еді,
Кім еді ол жол басында?
Бақыты бар сияқты еді,
Қол басындай.
Келеді енді тартып жүкті ауыр,
Байсалды, өзі алтын ба,
Қорғасын ба?
Деп, Алла,
Не сұрайсың,
Алақайлап,
Өмірді жатырмын ба жаңа тойлап.
Ойында тұтанғандай ізгі сезім,
Бойында, ажарланып,
Салады ойнақ.
Осылай жазылғандай жарасы да,
Таусылғандай өкпе наз,
Наласы да.
Жаны оның сауықты бірте-бірте,
Бар қызығы ауысты баласына.
«Ботам менің есімнен шықпайтұғын,
Әлі ештеңе дұрыстап ұқпайтұғын.
Сен қымбатсың тірлікте,
Жалғыз ұлым,
Жалғыз ғана серігім,
Құрттай күнім.
Сен аман бол боташым, Сен аман бол,
Маған жақын жүретін садағам сол.
Азаматы сен енді анашыңның,
Көзіндейсің,
Дүниеде бар асылдың...
* * *
Өтті уақыт...
Өтті уақыт тағы да...
Қонды тағы бақыт құсы бағына...
Жүрегінде қайнап қайсар отты әуен,
Ойнап шықты көкіректен ағыла...
Қалды кейін,
Қалды бәрі наланың,
Үйреткендей,
Өткен күндер сабағын.
Кетті бәрі,
Қалды кейін тарих боп,
Өзгертті өз әуенін жаңа күн...
* * *
...Тамараның айтары:
«Жырлап өтем»,
Артық-ауыз сөзі жоқ,
Сырға бекем...
Ағайынды Мейрамбек Молдабекпен,
Теледидар маңында тұрған екен.
Айтқанына сөгіліп,
Жан-жүйесі,
Ұрды ма әлде әдемі ән киесі...
Жүрегіне сол бойда жетті мезет,
Жап-жас қыздың,
Сонда айтқан әңгімесі...
Солар-тұғын Семейге шақырған да,
Солар-тын,
Талантына бас ұрған да.
Бәрінің себебі бар бұл дүниеде,
Дегенді неге ұмытсын,
Ақылды Алла...
Осылай,
Қуанышпен басталған-ды,
Игеріп алатындай,
Асқарларды.
Оқырманы Абай мен Шәкәрімнің,
Кездесуге көп адам,
Жастар барды.
Риза,
Жиналған жұрт барлығы да,
Тамара шомылғандай,
Таң нұрына.
Көзінде қуаныштың жасы тұрды,
Ағытты көкірегінен әнді бұла...
Шарықтап,
Шықты оның үні әсем,
Келмейтін деуге тіпті екен бәсең...
Шырқады жан-жүректі елжіретіп,
Демейсің үлкенсің бе,
Әлде жас ем...
Шырқады ол танығандай өзін сол сәт,
Шырқады тұрғандай-ақ жұрты қоршап...
Сенбеген ешкімге де,
Ештеңеге,
Аламын дейтін бәрін өзім жол сап...
Шығармай өкінішке көздің жасын,
Күш алып,
Қыса түскен қолдың басын.
Сол сәтте тебіреністен кеудесінде,
Бір шешек гүл атыпты,
Өзі асыл...
* * *
Ойында қордаланған азабы ма,
Әлде бұл алдан күтер ғажабы ма...
Ыстық жас тыйылмады,
Барғанында,
Абай мен Шәкәрімнің мазарына...
Бәлкім бұл,
Қандастары шашқан дәні,
Әлде бір жойқын күш пе,
Аспандағы...
Ойына сөзі түсті Шәкәрімнің,
Ұйқыдан көзін алғаш ашқандағы...
«Қайран, Қайғысыз,
Қамсыз күндерім...
Сайран-сауықты,
Рахат түндерім...
Сендерден не пайда...»
Сол мұның ажар қосып,
Ажарына,
Бастаған ғажайыптың базарына.
Семейден шыққан бойы,
Дәл жанынан,
Ілінді ақ ит мұның назарына.
Әдемі ақ ит оған жолығыпты,
Жақсылық — бұл келесі,
Соны ұғыпты.
Оятыпты көңілін,
Ертеңіне,
Арнаған,
Қуаныш пен мол үмітті.
Кеткенінше,
Қасында жүрген еріп,
Жоқ болды,
Кетерінде,
Бірге келіп.
Тамара енді ойласа, сол бір кезді,
Кетеді сол сәтінде, іргеленіп.
Білмейміз ұлылықты,
Шын ғұрыпты,
Жазықсыз кімдер белін сындырыпты.
Ілтипатын білдіріп,
Келген оған,
Жеті қазына бірі ме,
Кім біліпті...
* * *
Аты екен Тамара патша қыздың,
Дәмі келер ауызға ақ сағыздың.
Қуанар еді оның туыстары,
Атағын арамыздан тапса біздің...
Көргенінің бәрін де тұрады ұғып,
Бойынан көрінгендей қырағылық.
Зергерлікті әкесі Жанқұл менен
Асардан алған екен мұра қылып...
Асар өзі жан екен ойлы, мықты,
Айтпағанда байлық пен ойлылықты.
Мың тоғыз жүз қырқыншы жылға жақын,
Келешегін репрессия жойдырыпты.
Сотталыпты,
Бай ұлын емдеді деп,
Қарсы болып онымен,
Жеңбеді деп.
Солайша,
Қарап жүріп, пәле тауып,
Жойылып кеткен екен еңбегі көп...
Депті ол,
Домбырамен ән салмадым,
Болса да сырқат жанға жол салғаным...
Деп жылап кеткен екен сол әке де,
Қиындықтың көтерген бар салмағын...
...Білмейді,
Қанша тамшы жауын ағып,
Жуғанын бет ажарын,
Алуа ғып.
Басында атасының жылады ол,
Жерінен Өзбекстан тауып алып...
Уәйімдеген көңілін баса алатын,
Ойлай қалса,
Көзіне жас алатын...
Сонда туған есімі еншідегі,
Сонда алған Тамара Асар атын...
Жаңа туған Ай сынды, Аспандағы,
Көкірегінде қайтадан басталды әні.
Тамара Асар оны шырқап тұрып,
Шын сырын айтудан түк жасқанбады.
Келеді содан бері жол басында,
Құдай өзі жолыңды оңдасын да,
Теңей ме оны әлде жеп-жеңілге,
Әлде одан ап-ауыр-ақ қорғасын ба?
Есейеміз,
Өсеміз,
Жаңарамыз,
Биіктерге, шалғайға бара аламыз.
Созған қолың аршынды асуларға,
Жеңіс болсын қашан да,
Тамара қыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу