Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  143


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Әсем қоңыр

«Әсем қоңыр» күй менің жаным сүйген,
құдіретіне барынша басымды игем.
Тыңдағанда желбіреп жібек жалы
бір сұлу ат шығады қалың шиден...
Жайдары жаз шуағы бүркеп мезет
шиден қашқан қоянды үркек тежеп,
Боз жорға ат шығады қалықтап тек,
ayада төрт аяқты сілтеп кезек.;.
Жолын қарай тек соның бұйықты да ел,
дір етпестен көкпеңбек ұйыпты көл
Ал жануар келеді жортып ұшып,
жанарына аймақты кұйып түгел;
Тұлпар қалып таулармен иықтасып,
алдынан бар көлденең тұйықты ашып
әлдеқайда ер кеуде ұмтылады
тұяқтары шалғынға тиіп, қашып...
Тыңдасам осы күйді тарқап мұңым,
күйдегі күйін кешем салт аттының.
Сар дала, саумал ауа беттен өбіп,
алғандай мен ғана емес, алқап тыным.
Жаныма соның ыстық тамып қаны,
елестеп даламның ши, жарықтары,
cap желіп cap далада бара жатам,
соңымда күйбең тірлік қалып бәрі.
Сезімнің сол мөлдірін шөлдеп ішіп,
отырмын күйсандықпен төрде ысып.
Шықты, әне, боз жорға ат тағы андыздай
керімсал кең далада көлбеп ұшып... .




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу