Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  163


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Тәтті ұйқыда жатырсың балбыраған

Тәтті ұйқыда жатырсың балбыраған,
көзім тоймай қараймын келбетіңе.
Күн астында жаралған барлық адам
неге әртүрлі деймін мен енді өкіне.
Болса егер дәл сендей барлық адам,
мүмкін жалғыз тілекке тоқтар едік.
Кетпес еді адамдық ар мұрадан,
бейбіт баққа жүрмес еді оқтар еніп.
Көтерер ек бірлесіп уақыт жүгін,
болар еді әлемде елге тыным.
Айтар еді тек қана бақыт жырын
балдырғаны түп-түгел Жер бетінің.
Түрлі ойлар, бастағы сыйқың басқа,
ызыңдасаң ойда тек ызыңда, сұм.
Ұйқта...
Ұйқта, боташым, ұйқыңды ашпа,
тәтті пысыл түндегі бұзылмасын.
Ойнасын бақыт-сәуле жүзіңде асыл,
сенем мен, әділеттің күші берік.
Әсем әуен — пысылың бұзылмасын,
жүрсін ақ көгершіндер түсіңе еніп...
жүрсін ақ көгершіндер түсіңе еніп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу