Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  156


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Жүрегім

Тіршіліктің ақтарып сап сандығын
ауыр саған сезіп, білу барлығын
Зұлымдықтың, сатқындықтың салмағы,
неге саған түседі екен, жалғызым!?
Кетеді өмір сабақтары сұрыңды ап,
өте алмайсың деп қасынан бірін жат.
Ата-анадан безіп шыққан сорлыны
темір қолы тұрды сені сығымдап.
Шаттығыңның көзі болмай тыныш күн,
қуанта алмай ұлы күні ұлыстың
сәби керіп лақтырылған далаға,
тоңған күзгі жапырақтай бүрістің.
Жоғалады жанарыңнан бар шуақ,
өзегіңе у тамады тамшылап.
өліп бара жатса ормандар өртеніп,
өліп бара жатса теңіз қансырап.
Болып кенет үміт нәрсіз, арман сап,
үздігесің өр намыс пен арды аңсап
ой-санасы бір-ақ тұтам жандардан
ана тілім жәбір көріп қалған шақ.
Арай құйып тұрса да аппақ арманың,
қауіптерге толы ылғи жан-жағың.
ойсыз біреу бас қатырып жатпастан,
ойнап тұрып сұғып алды қанжарын.
Күндерімнің бірі кетіп, бірі кеп
ауыртса да түйреп алар мың рет
сан майданнан алып шығып келесің,
қан жоса боп жүрек деген құдірет...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу