👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  11


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Тұсау кесердегі тілек

Әні Данияр Аралбаевтікі

Тұсау кесер...
тұсау кесер той бүгін,
еңбектеуге ниет етпе, қой, күнім.
Тәй-тәйіңді алмастырсын жүгіріс,
былдырыңды алмастырсын ойлы үнің.
Тәй-тәй басқан бал бөбегім, балдырған,
күліп шыққан Күнімсің сен алдымнан.
Аймалаған саусақтарың нәп-нәзік
жүрегіме өшпес ізін қалдырған.
Бал тіліңнен көкірегіме жаз қонып,
лебізіңнен жатыр жанға саз толып
Қызықтасақ, көрген сайын қуансақ
Қалтаң-қалтаң жүрісіңе мәз болып.
Сeн бар жерде Күнім де бар, Айым бар,
орманым бар қаптаған тал, қайыңдар.
Қаз-қаз тұрған, құлыншағым, бас енді
тәй-тәй болып, үлкен жолға дайындал.
Думан еткен ата-ананың ордасын
бүгініңнен көріп тұрмын жол басын.
Қолтығыңнан ақ ниеттер демесін,
ұзақ жолда Қызыр баба қолдасын!
Тәй-тәй қозым, аппақ ботам, құлыным,
тәттім менің, бал-шәрбәтім, шырыным
өз өмірін тәй-тәйменен бастаған
бәрі-дағы дүниедегі ұлының.
Мүмкін сен де қазақтың бір мақтаны,
мүмкін сен де ғылымның бір ақ таңы.
Кім болсаң да сүрінтпесін, боташым,
балалық пен есеюдің шақтары.
Жасағанның құлағына жет, тілек,
қуанайық құлынымыз епті деп.
Тұсауыңды кестік бүгін балдырған,
құлдыраңдап шауып кетсін деп тілеп.
Тұсау кесер... тұсау кесер той бүгін,
еңбектеуге ниет етпе, қой, күнім.
Тәй-тәйіңді алмастырсын жүгіріс,
былдырыңды алмастырсын ойлы үнің.
Қайталанбас балғын дәурен шақ мына
бабалардан қалған мәңгі бақ-мұра.
Шаттығыңмен жұпты жазбай, құлыным
жүгір, онда, құлын-тайдай шапқыла...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы