Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  173


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Шәрелханның немересіне

Менің атым сенің-дағы есімің,
Гүлжауһарлар көбейсе егер несі мін!?
Ұрпақтары Қазақ деген бабаның
тербер талай біздейлердің бесігін.
Қырық бес жас ортамызда — бір ғұмыр,
ержет сен де, қуан, ойна, күл, жүгір.
Сен де соның бірісің ғой, қазақтың
бақшасында өсер десек түрлі гүл,
Мерейлі бол, жалғызындай жаһанның,
үлкендерден ықыласты бата алғын.
«Шәрелханның немересі» дегізіп,
абыройын асырарсың атаңның.
Айналайын, періште қыз, бал бөбек,
заманың да болсын дәйім сәнді, ерек.
Керек қазір сенің есен-саулығың,
Жинайтұғын сосын бойға нәр керек.
Күліп атсын саған әрбір бұла таң,
аяласын бесігінде Ұлы Отан.
Сосын бірде: «Тілепті, — деп, айтарсың, —
мұны маған өзім аттас бір апам»...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу