Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  153


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Адам неге айуан сынды кейде бұл

Адам неге айуан сынды кейде бұл—
жан дүниесін жын кергендей бейне бір.
Ыза-кектен қарш-қарш шайнап тістерін:
«Құның сенің бір-ақ тиын, — дейді, — өмір»
О, құдірет! Неліктен бұл?! Неліктен?!
Ақталмастан ауыр салмақ арқалап,
«Қорықпаймын! Куә бол, — деп — шартарап!»
өз қимасын өзі тастар балталап,
Ада болып мейірімдей ақ нұрдан,
Санасына қабат-қабат қақ тұрған
туыпты адам анасының бұтарлап
жіліктерін көк теңізге лақтырған.
Естіместен шырқыраған ащы үнін,
адам атты қос аяқты қасқырын
шырылдатып сан әйел мен сәбиді
айналдырды мазағына нәпсінің.
Сезімді улар у салғандай тағамға,
нұрын емес зәрін шашқан ғаламға,
мойын бұрмай махаббаттай самалға —
Адам ба сол?!
Айтыңдаршы, адам ба?
Ондайлар тек айуандыққа құл ғана,
дақ түсірген адамның нар тұлғаға,
Адам емес.
Адам емес ондайлар
Адамзаттың бетіндегі шын жара...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу