Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  397


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

1991 жылы Ақтау қаласында өткен тіл мерекесінде оқылған өлең

Ана тілім — арман тілі, ар тілі,
тиген қилы замандардың салқыны.
Орыстардың орманында өртеніп.
озбырлықтың жалын оты шарпыды.
Ана тілі — арман тілі қазақтың,
құрбаны боп заман туған мазақтың,
мәртебеңе қосып бәрін жоғалттың
бойыңдағы небір асыл-ғажаптың.
Шешен тілім, өткір тілім, от тілім
арқалаған қазағымның көп мұңын.
Жабы қылып, тапап, жермен жексен ғып
жасыттық-ау, биік еді шоқтығың.
Айырмасы өткеніңмен Жер мен көк,
жан жараңды береді кім енді емдеп.
Сауығуға керек екен қанша жыл,
енді қанша жыл жүресің телмеңдеп...
Биікке үш, сүңгі қайта тереңге,
табыстырдық бүгін қайта сені елге.
Үркектеме, бойыңды жаз,
қабақты аш, ұмтылатын кезің жетті кемелге,
Ана тілім, назды, сұлу, ардақтым,
бағың тусын басындай-ақ бармақтың.
Сен болмасаң қазағымның ғұмырын
апарады ертеңіне жалғап кім?!
Сені ойлаймын, сені іздеймін ғаламнан
сенен тәтті тілді әлемнен таба алман.
Қайталанбас сенің ыстық жүрегің
қазағымның жүрегінен жаралған.
Астам ойлар торламасын санаңды,
жарық күнде болып ниет қараңғы.
Ей, Әкелер! Ей Аналар! Айырма
ана тілдің уызынан балаңды!
Түссін ғұмыр жолыңда бар сынаққа,
көрсін бәрін, шықсын тауға, қыратқа.
Тіл біткеннің бәрін білсін қаласа,
ең алдымен қазақ болсын бірақ та!
Қазақ болу ұлы мұрат қазаққа,
су біткен де сүйкімді ғой таза ақса.
Өзіңді-өзің сыйлата алмай өзгеге,
ей қазағым, қала берме мазаққа!
Мың қуаныш сыйлап келген әр мұңға,
бой алдырмай кері тартқан тағдырға,
ана тілдің мәртебесін үстейік
армандардың ұлы көші алдында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу