Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  495


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Теміржолшылар жыры

Шежірелі құлан жортқан құм-далам,
белес-белес белдерден қол бұлғаған.
Болат жолдар жер бауырлап төсіңде
Жер-ананың жүрек күйін тыңдаған.
Уақыт жүрдек поездар да тым жүрдек,
таңды атырған екпінімен түнді үрлеп.
Желмен бірге құйындатқан составтар
доңғалақтан күй төгеді күмбірлеп.
Болат жолдар-тіршіліктің тамыры,
Болат жолдар - армандардың сағымы.
Зуылдаған болат жолдың бойында
тұлпарлардың басылмасын арыны.
Заула...
заула, тепловоздар, заулаңдар,
тоқтатпасын нөсер жаңбыр,
жауған қар.
Сағыныштың тасымалдап жүктерін,
қуаныштың дестелерің баулаңдар.
Болат жолдар — тіршіліктің ырғағы,
болат жолдар — шақырымдар сырлары.
Рельстердің тал бойында мәңгілік
тербетілсін болашақтың нұрлы әні...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу