Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  139


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Әсерлі сөз

Көрсете алған көңілдерден күліп бой
айналайын, әсерлі сөз, білікті ой.
Таза болса, мөлдір болса екеуі
жан сусынын қандыратын тұнық қой
Айналайын, әсерлі сөз, ақылды ой,
жалтақтамай көрсететін батыл бой,
жібіткендей кеберсіген таңдайды,
жүрегіме жылу құйып жатыр ғой.
Келіп кенет құдіретімен сергіткен
құтқарушым секілденіп мен күткен,
жадыратты жанымды олар қайтадан .
табыстырып дархан пейіл кеңдікпен.
Айналайын, қызыл сөзі қазақтың.
сені тыңдап мейірлендім, мәз-ақпын...
Болмаса егер әсерлі сөз, ақылды ой
туар ма еді сезімге бай ғажап күн!
Аяқталмай басталған сыр іңірден,
жан дүнием бал шәрбатын сімірген.
Хас шешеннің ғажап терең сөздерін
қанат етіп ұшып жүрмін бүгін мен.
Алуан әзіл, арман ойлар бүкіл кеп
жан дүнием толып еді шүпілдеп —
азып-тозған алба-жұлба көңілім
көк көйлегін алды содан бүтіндеп... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу