👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  16


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Көңіл мен өмір

Бас бүтін, мал түгел, тек сенімге ерген,
көңілі жай — сирек болар мұндай кісі.
Сыртынан мығым, бүтін .көрінгенмен, -
бар шығар көп адамның бір қайғысы.
Алданыш, жарық дүние, той барында
төрт аяқ тең баспаса — өкпелей ме?
Жосылтып жүргенімен ойға-қырға,
тұяғы бүтін тұлпар жоқ демей ме.
Әйтсе де, бой ұрғандай бос ұранға,
баласын —
ұл емес бұл, қыз дейді екен.
Шүкір ғой десе-дағы осыған да,
одан да жақсыны адам іздейді екен.
Алпысқа, жүзге ме әлде — кел нешеге,
жалғызын жөн көрмес деп құдай бастың
көңілін бала сүйіп демдесе де,
атадан біреу болса мұңаймас кім.
Жаныңда жара бар ма, мұң, күйік пе,
жөні жоқ жөн-жосық пен ретті ұғар
әреңдеп жетсе егер бір биікке,
одан да зорды өзіне тілеп тұрар.
Қойылған елең қылмай талапты аса,
айыптап отырса да әр күн санаң,
пайда мен ләззат қарап далақтаса,
көңілді арсыз деді-ау халқым содан.
Ой салып отырса да жиі-ақ мұңы.
болса да қуанышты көп өппеген,
ынсабын тия білген ұяттыны
намысы бар екен деп бөлектеген.
Талпынбай, ойлап таппай хошы бар ма —
текшелеп қалап қойсын кім ақылын.
Үміт көп, тілек теңіз, осылар ма
көңілді құйқылжытып тұратұғын..?
Оп-оңай бұзу деген өмір шырқын,
жүрміз ғой ойынына кеш қатысып.
Тентек бала секілді көңіл шіркін
кетеді тыйым жоқта отқа түсіп...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы