Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  150


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Таскескенде

Жөн сұрасып, жалпылдап халді ұғысқан
таныстар мен шу еккен бар дыбыстан
жасырына жылт етіп шыға келіп,
балалығым қарап жүр әр бұрыштан.
Хал-ахуалын тұрғанда сұрап-біліп
алуан елес жетеді құлап-тұрып,
құрбы ұлдың қиылып айтқан сөзі,
құрбы қыздың күлкісі құлаққа ұрып,
Естеліктер бастағы қырық қабат
көбелектей көлбеңдер жырық қанат.
Әрбір талы ауылдың сыр ашардай,
шырмауықтың әр гүлі күліп қарап.
Балауса шақ сыйлаған шатты үн келіп,
бүгінге де қуаныш таптым бөліп.
Туған үйде қалдырған ақ бантигім
ауламызға өсіпті ақ гүл болып. . .
Ұмытарсың өткеннің қалай бәрін,
ойға шома әр тұсқа қарайладым.
Немересі әкемнің отыр енді
алдында мен таранған шарайнаның. . .
Қол созғандай мұқалмас мәңгі асылға.
қимастықпен бұрылсам жар басында
бүлк-бүлк етіп иығы балалығым
жылап жатты өзеннің арнасында...






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу