Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  151


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Бәрі бірдей адамның

Бәрі бірдей...
бәрі бірдей адамның,
ей, шырағым, сөзге неге қадалдың!?
Біреуі тек өмір күйін шертеді,
біреуі тек құйыршығы заманның —
ал, әйтпесе бәрі бірдей адамның.
Артықтығы жоқ ешкімнің ешкімнен,
артықпын деп келсін қанша сес қылғың.
Адам болсаң салар уақыт таңбасын,
ескіртер-ақ келмесе де ескіргің.
Иә, адамның бір-бірінен жоқ кемі,
қарсы келіп көбейтпейін өкпені.
Тек біреуі көпке шашып сәулесін,
біреуінің у болады төккені.
Ал әйтпесе бір-бірінен жоқ кемі.
Жақсы, жаман әдет жаннан шықпай ма,
ұшып бүгін жатсақ-тағы тіпті Айға.
Қалған жоқ қой,
қалған жоқ бұл екі ұғым,
біреуінен таппасақ та түк пайда.
Бәрі бірдей,
кімнен осы артық кім,
бәрі бірдей,
бұл көпке ортақ шарт ұққын.
Тек қана сен залымдау боп туыпсың,
мен аңқылдақ нағашыма тартыппын.
Сол себепті бас қамын көп ойладың,
қуандың ғой кілтін берсе қойманың.
Ал мен қасқа күтем әлі зарығып
Жерде болар ізгіліктің тойларын.
Бәрі бірдей, иә, бәрі адамның,
Шырағым-ау, сөзге неге қадалдың?!
Жақсының тек тот баспайды жүрегін,
қара дейді жан дүниесі жаманның,
ал әйтпесе бәрі бірдей адамның. . .




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу