Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  164


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Толғау

Талпынған салайын деп жыр шаһарың
қызымын Абаң керей Нұрсапаның.
Дем беріп қасиетті Маңғыстауым,
басталды сенде өмірге шын сапарым,
Жинақтап тіршіліктің сан ақпарын,
алыппын сенен өмір сабақтарын.
Ұмтылып, бірде жылжып, бір сүрініп,
өзінше жүзді ілгері талаптарым.
Жақсыны, жаманды да тыңдап бәрін,
қойныңда ұқтым өмір ырғақтарың,
Адайға келін болып келсем-дағы,
«Абайдың қызы» болып бұлғақтадым.
Бет бұрып болашаққа алып кемем,
туғанда жаңа заман нарық деген.
қарсы алдым бірге сенің құшағыңда,
үміт пен күдік толы халықпенен.
Қойныңда құлаш ұрып көк теңізге,
ес біліп, ой жүгірттім өткен ізге.
Жолықтым тілі менен дінін іздеп,
ойды өртеп, жан шыжғырған от лебізге.
Десем де қайтем тағып қоғамға мін,
келгенде жағасына соны арнаның,
өзіңмен бірге менің көзім көрді
алыптың партиядай жоғалғанын.
Октябрь салушы еді жылда дүбір,
сол еді көздегі от, жырдағы нұр.
Елеске айналса да сенім талай,
ұлы той көппен көрген бұлдағы бір.
Тарихың мың сан тарау, жолдарың да,
көп ұлтты қойның қыз бен толған ұлға.
Көтердің сен де еңсе, Маңғыстауым,
тәуелсіз қазақ елің болғанында.
Алданып, құшып қалған көк сағымды
ұрпағың қызу қанды, от жалынды,
намыстың туын ұстап Жаңаөзеннен
түгендеп шықты сенің жоқтарыңды.
Әкелді жаңа заман әркімге үміт,
ұлт біткен қуанысты жарқын күліп
өзінің кім екенін таныды олар,
ананың тілін, дінін, салтын біліп.
Көрген көп мазағын да, азабын да,
пісіріп өмір әбден қазанында.
Жаңа күн сәуле кұйып санасына,
оянып келе жатыр қазағың да.
Толғанар азамат көп сен дегенде,
болымсыз болса да еңбек берген елге,
риза бол, Маңғыстауым, топырағыңа
тамшыдай тамса егер тер менен де.
Төсіңде талай есім тұр — емендер,
Мекенім талай заман түлеген жер.
Өсірді мәртебең мен мерейіңді
Тайшықтар, Ержігіттер, Тілегендер.
Keyдеңде жаңа заман ашты гүлін,
жадырап қайта оралды жастық үнің;
Шығарып сені әлемдік аренаға —
мұнайдан теңіз жасап Жақсылығың.
Секілді түбектегі дара қайың,
Аялап, әлпештеген бар ағайын,
мұнайдың банкін ашып тұңғыш рет
әкелді бір жаңалық Жаңабайың.
Халқына істерінің бәрі ұнаған,
сақтаған пенделіктен жанын аман —
«Маңғыстаумұнайгаздың» зор тұтқасын
ұстады елі сенген Сағын ағам;
Халқыңа десе егер жанашыр кім,
бейнесі көрінгендей дара шыңның,
таратқан құбырлардан қазынаңды
есімі аталады Тарасыңның.
Маңғыстау, алда әнің көп басталатын,
Ақтау да иемденген астана атын,
«Ертеңдер — ұрпақтардың қолында!» — деп,
Серіктей жарқырайды жас қанатың.
Биіктеп жылдан жылға шығар белің,
толтырды олқылықты, сыңар кемін,
Біріккен кәсіпорын «Арманымен»
тың іске құлаш ұрып Құралбегің.
Өр талап бар ұрпақтың түрлерінде,
үмітің көп келешек күндеріңде.
Өз атыңнан сөз алып астанада
Қайроллаң тұр Мәжіліс мінберінде.
Үнімен жібіткендей ғасыр мұзын,
жүрекке ән, күй болып басылды ізің
арқасында Күрішің, Ізбасарың,
Сержаның, Роза сынды асыл қызың.
Тұрғанда мұнайыңның ағысы аман,
қол созар талай биік әлі саған,
жалғасып абыройың шыңдарына
шырқаған Кекілбаев Әбіш ағам.
Іздеумен есеюдің тың арнасын,
ұсынар әлі талай шығармасын,
Әйтеуір ізгі ниет жолындағы
шалмасын армандардың мұнар басын.
Жазылар әлі талай дастаның да,
өтеді заманалар қас-қағымда,
Үстейтін мәртебеңді мәңгілікке,
жұлдыздар азаймасын аспаныңда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу