Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  304


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Өмір сахнасында

Жас келіншек
Жас қабірдің басында,
Екі сәби — екі Күні қасында
Егіледі іздеп жарын мерт болған
Жиырма тоғыз ғана жасында.
Жас келіншек жұмысы жоқ басқада,
Зар илейді жас қабірді жастана.
«Неге кеттің тастап, — дейді жарына, —
жаныңа ал, мені мұнда тастама!»
Қос сәбиі сонда бүркіп көз жасын
Анасына қарай қолын созғасын:
«Не деп тұрмын?! — деген ой кеп селк етті,
ойлағаным болған екен өз басым!»
Жоқтағаным өз қызығым болыпты-ау,
Қос боташым қарап маған торықты-ау.
Мүмкін бе екен жас қабірдің басында,
Мүмкін де екен сәби үшін қорықпау!?
«Жыламаңдар, құлындарым болды енді,
Көз жасымен тірілтпеспіз өлгенді», —
Деп, ол енді қос сәбиін құшаққа ап,
Көз жасын да сол араға көмген-ді...
Жылдар өтті...
Қайғы ылғалын кептірді,
Келіншектің жастық оты бетке ұрды.
Сау денеде аласұрған бұла күш
Жан жарасы жазылыпты деп тұрды.
Ыстық жүрек көзге үйіріп күлкіні,
Көңілінің жамалғандай жыртығы
Болып жүрген кездестірді сол сұлу
Ең алғашқы «махаббатын» бір күні.
Үйлі-күйлі,
Қарны шыққан біршама,
Тоқмейілсіп тіктеу қарап тұрса да —
Қиялшылдау келіншекке көрінді
Қоймағандай сезімді әлі кір шала...
Еске түсіп балғын шақтың бал күні,
«ғашығының» құшағында қалғыды.
Пәк сезімге өзін өзі сендіріп,
Ойлатпаған бүгінгіден арғыны.
Айлар өтті тағы зырлап,
Білінбей,
Жуғанымен көңілінің кірін кей —
Кеткен екен қайта тапқан «жұлдызы»
Болып бірақ көп таныстың біріндей.
Болғанымен талабы өр, арманы ақ,
өзін өзі адам қанша алдамақ?!
Келіншекті жайлады енді өкініш,
Болған баста тәтті өмірді жалғамақ.
Жалғыз күйді,
Жалғыз өзі өртенді,
Оралмады бірақ ыстық көрпе енді.
...Іздеп жүр ол енді қалған қызықты
қос сәбидің өмірінен ертеңгі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу