👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  10


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Тағдыр тәлкегі

(Жетібайдағы 1-ші ұңғы тарихынан бір үзік сыр) Ленинград блокадасынан аман қалып, Маңғыстаудың ақ боранында үсіп өлген Николай ЛОПАТИН рухына бағыштаймын.

Николай...
Николаша...
Коля жігіт,
Көп сырын тіршіліктің болған ұғып,
Келген-ді сол жылдары Маңғыстауға,
Көңілге арман егіп орман-үміт...
Адамдар дала кезген —
Кен іздеген,
Үмітті табиғаттан тегі үзбеген.
Жүреді қиялында алып айдын,
Телегей теңейтұғын теңізбенен...
Көп сырын тіршіліктің қалған ұғып,
Болар деп ойламаған жалған үміт. 
Әр күнін қуанышпен батыратын,
Арманмен қарайтын әр таңға күліп.
Сенімді таңның жарқын атарына,
Ілініп алдыңғылар қатарына,
Жүргенде бүкіл бейнет қалып кейін,
Жемісін бейбіт еңбек татарына.
Қопарса жерді бұрғы —
Құрыш болат,
Зерттейтін,
Жан емес-ті бұл іске олақ.
Қуантса тас-топырақ,
Тау жынысы,
Арманын қоятұғын үмітке орап...
Ұңғысы — көмекшісі,
Қолғанаты,
Ұшырар сол қанаты,
Оң қанаты...
Сырласып өзіменен осылайша,
Жүретін триастар,
Бор қабаты...
Зерттеліп жатқан тұңғыш алаң мына,
Шамшырақ сынды бейне қараңғыда.
Көтеріп шымылдығын сан құпия,
Қайсарға,
Жігерлі мен табандыға.
Табылды
Деген күткен жуан хабар,
Әрине, ойда күдік,
Күмән да бар.
Кездесе қалған достар.
«Оу, Николай,
Нендей бар жаңалық» — деп, бұған қарар...
Бұл болса,
Көргендей-ақ бірінші рет,
Үмітке толы арман жүзін шіреп.
«Жеткізем,
Жақсы хабар жеткізем,» — деп,
Жайымен тұрар еді күлімсіреп...
Сүріндіре алмаған сан жыралар,
Түнді үрлеп,
Еңбегімен таңды қажар.
Сол жігіттің ойында болмаған еш,
Жүр деген әлі өзін аңдып ажал...
Жетібайға ең алғаш бет түзілген,
Сол бір шақта кім қайғы екті ізіңнен...
Санаулының бірі едің,
Тұңғыш рет,
Бұл өңірге асығыс жеткізілген...
Күткен оны Жетібай,
Маңғыстауым,
Үйерміз деп соңынан алғыс тауын.
Мүмкін емес кездер ол арман айдап,
Үміт үйіп жүрекке,
Алға ұшпауың...
Тілге тиек талай қызық жәйттары,
Жеркепеде олар нені айтпады...
Коля кенет көтерілген орнынан,
Көршілермен шахмат ойнап қайтқалы...
Дала - боран,
Пана — жалғыз тұрақта,
Айғайың да жетпес еді құлаққа.
Сескенді ол,
Дір еткенде жүрегі —
Баратыны қол созым жер бірақ та...
Төрт бағыттан қатар соғып тұрғандай,
Қақ маңдайдан қос қолдап кеп ұрғандай...
Алай-дүлей ақ боран бет қаратпай,
Жаны ышқынды жапан түзде бір маңдай...
Ермек іздеп,
Қызыл сөзден жалыққан
Жан екенін серіктері бәрі ұққан.
Бірақ та сол пәк тілегі жеткізбей,
Шыққан бойы айырылған бағыттан...
Амалы жоқ...
Даланың амалы жоқ,
Алай-дүлей оқ боран барады үдеп.
Ұңғылы мен шұңылын тінткілейді,
Қолымен жер тіреген,
Табаны — көк...
Күрсінеді...
Кең дала күрсінеді...
Өзгермеді-ау деп мына күн сүреңі...
Алқымынан алғанда азулы жел,
Өрекпіген кейпінен түршігеді...
Дүние басқа — Айбарлы үрей жоқта,
Келе қалса үмітті күрейді отқа.
Ызың — қиқу, ұлар шу,
Тозақ әлде,
Жер айланып кеткендей жын-ойнаққа...
Табиғаттың көрген аң ақпан, қарын,
Еш күдіксіз жинайтын ақпарларын.
Ойламаған сол жігіт мұнда өзіне
Тағдырынан құрылған қақпан барын...
Жылдар бейне ажалдың нақ торабы,
Қайда барса алдынан тап болады.
Қыспағына алыпты енді, міне,
Маңғыстаудың азулы ақ бораны.
Отша қарып бет-жүзін,
Тұла-бойын,
Мазақ етіп алдында құрады ойын.
Жігер беріп өзіне,
Жұлқынғанмен,
Билеп алған қорқыныш бірақ ойын...
Елес беріп жып-жылы сарайлар ақ,
Нева бойы...
Бөленген арайға алап,
Әлдеқайда жұлқына асығады,
Сезбеген тек асықты қалай қарап.
Бірінші ұңғы..
Қай тұста бірінші ұңғы...
Ұқпады күн ұмтылды...
Түн ұмтылды...
Әйтеуір қан жылаған жүрек тұсын
«Біттім-ау...
Біттім...» — деген ұғым тілді...
Жанары енді ажыраған жарқылынан,
Үңілгендей анталап халқы бұған.
«Ә, қолға түстің бе», — деп, әлдебіреу,
Алатындай асыға алқымынан...
Үміт,
Тілек біткеннің сағы сынып,
Дауыл жердің қыртысын қарды ұшырып...
Ақ боранның қойнында,
Алай-дүлей,
Аласұрды,
Дәрменсіз,
Жан ұшырып...
Бір кезде қорқу,
Үрей былай қалып,
Сезімі күңгірт тартып,
Лайланып,
Бар үмітін үздіре бұл дүниеден,
Дүние бара жатты шыр айланып...
Бәрібір...
Оған енді бәрі бір-ді...
Кеудесін тек өкініш жалыны ұрды.
Бір кезде...
Бір сүрініп кеткен кезде,
Ақ боран жерге бір-ақ алып ұрды...
Таусылғандай күресер жанында ұшқын,
Ақ түлейге бергендей бәрін күштің.
Тек сол сәт аяғандай боран оны
«Байғұс-ай,
Болмады-ау,- деп,- жаныңда ешкім...»
Баяулап,
Бәсеңдетіп дүлей күшін,
Демімен іркіп қалған шірейді ішін.
Әзірлеп,
Енді жұртқа жеткізуге,
Хабардың ең қайғылы,
Үрейлісін...
«Шалғайыма жабысқан ошағандай,
Алмадым сені-дағы қоса қорғай»,-
Деп, дала жатты жылап,
Жалбарынып,
Боранның құшағынан босана алмай...
Көпсінді ме шалғанын жүзін жарық,
Келе алмай жанына жүз ұрланып,
Ұстай алмай қалды ма кеткенде әлде,
Ленинград қоршауын бұзып-жарып...
Қайта туып,
Өшті деп саналған ән,
Тыншып еді көңілі алаңдаған.
Тағы шалды ажалы аяғынан,
Аштық болып,
Дұшпан боп ала алмаған...
* * *
Жылдар өтті...
Жылдар өтті...
Сан жылдар...
Әр жылында жүз-жүздеген тағдыр бар...
Көтеруге бар күндердің салмағын,
Тағат жетпей,
Таусылады тағдырлар...
Көтеруге бар қуаныш,
Қайғыны,
Талайларда төзім жоғы әйгілі.
Қомағай жан қарбытқанда,
Асыға,
Қақалтты әлде,
Маңғыстаудың байлығы...
Бастады ма әлде әдейі жол мұнда,
Жас жігітті дүлей боран қор қылды, ә...
Арман қуып келгенінде —
Кетікте
Мола қалды,
Лопатиннің орнында...
Үміт, сенім көңілінің үнінде,
Белгісіз тек сыйлар арғы күнің не.
Белгісіз тек жоқ боласың қай сәт деп,
Ұлы дала күрсінеді бүгінде...
Көп әуені ұмытылды бұл әннің,
Шағы өтті ұралаған ұранның.
Бірақ кейде көрінеді екен ол,
Арасынан теңіздегі тұманның...
Мұнаралар құттықтасып бір-бірін,
Тұман тарап,
Шыққан сәтте нұрлы Күн,
Жүреді екен аппақ түсті бір бейне,
Маңайында сол бірінші ұңғының...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы