👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  16


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Көктем келді

Көктем келді,
Жер – кілем, көк те кілем,
Із де жоқ аласапыран өткенінен.
Тұңғышымды далаға шығарайын,
Жүздестіріп алғашқы көктемімен...
Ауасымен тұп-тұнық тыныстасын,
Бәйшешектен қолына гүл ұстасын.
Бір уыс дән аулаға септірейін,
Алсыншы деп осыдан ырыс басын...
Отыруға енді үйде шыдамаймын
Тұңғышымды далаға шығарайын.
Көрімдік бер алғашқы көктеміне,
Біздің жаққа мойныңды бұр, ағайын.
Осындай шуақты боп өмірі де,
Жаз орнасын мәңгілік көңіліне.
Сәби шағын дүниенің көрсін деп ем
Енді келді сонымның жөні, міне...
Кешікпейік,
Уақыттан кейін келіп,
Жағасында теңіздің сейілделік.
Күн-ана құшағын кең жайған шақта,
Жер-ана тұрған шақта мейірленіп...
Жүр, күнім,
Шығарайын далаға бір,
Сепкен шақта дүние далаға нұр.
Шағалалар шаңқылдап ұшқан кезде,
Толқынның қызығына қара да тұр...
Сұлулық жоқ бұл маңда оларға тең,
Кеудеңе содан шаттық қонар ма екен.
Көңілің көкжиектей көзді тарап,
Теңіздей,
Жаның шалқар болар ма екен...
Жүр, күнім,
Апарайын жағаға бір,
Сепкен шақта дүние далаға нұр.
Өмір күйін толғаған туған жердің,
Көктемгі,
Шат кейпіне қара да тұр...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы