22.11.2021
  925


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Әкенің жолын қуған ұл - 1

Сағи үйге ентелей кіріп келді. Алдында тұрған келіншегін соға,  одан қала берсе шелек, сыпырғыларды аттап-пұттап төргі бөлмеге өтті. Төсекте жатқан анасының жанына келді. Қолынан ұстап біраз отырды. Айтайын деген әңгімесін қалай бастарын білмей отыр. Ол әңгіменің жақсы емес екенін анасы да сезіп жатыр. Қолын ақырын ұлының алақанынан босатты да, айта бер дегендей ымдады. Себебі анасының тілден қалып, төсекке таңылғанына да екі жылдың жүзі болған еді. Шалы қайтқан соң осындай жағдайға түсіп, күн ұзаққа бөлмесінде жатады. Түнде онсыз да осы бөлмеде. Күндіз кейде келіні сыртқа шығарып, кейде балалардың бөлмесіне апарып көңілін аулайды. Ал ұлы жұмысын сылтауратып кешке бір-ақ келеді. Әйтеуір келініне дән риза. Көргенді жерден шыққанына шүкір дейді. Басқа біреу болса әлде қашан кетіп тынар еді немесе күйеуін алып бөлек шығар еді.
  Сағи ақырын әңгіменің шетін шығарды:
- Апа, саған бірдеңе айтуым керек. Бірақ, ашуланып немесе жылап жүрме. Қан қысымың көтеріліп кетеді, жарайды ма? Мен... Мен...
  Анасы бетін ары бұрып жатты. Мұнысы тыңдамаймын дегені еді. Бірақ ессіз ұл оны ұқсын ба, әңгімесін қайта жалғады:
- Апа... Мен қалаға кетіп барам. Қарлығашпен бірге тұра алмаймын. Оған үйлендіріп жатқандарыңызда айтып едім есіңізде болса. Мен ұнатқан жоқпын Қарлығашты. Әкемнен аяқ тартқандықтан амалсыз көндім. Әкем кеткелі екі жыл болды. Енді өз өмірімді сүретін уақыт жетті. Менің қалада келіншегім мен бір ұлым бар. Оларды қараусыз қалдыра алмаймын. Ал, сізді Қарлығашқа аманат еттім. Қарлығашты білемін сізді тастап кете алмайды,- деді де есікке беттеді. Соңғы рет бұрылып анасына қарады да шығып кетті. Қарлығаш мелшиіп тұрған күйі орнынан қозғала алмады. Енесінің жанына әрең жетті. Теріс бұрылып жылап жатқан енесінің көзінен ащы өкініш пен шарасыздықты көрді. Ақырын қолын созып Қарлығашқа қарады. Басын төмен салып енесін тыңдап көрді. Ештеңе айта алмаған енесін құшақтап еңіреп жылап жіберді.


Қарлығаш Сағидың артынан шығып қарап еді, қақпа алдындағы ескі көліктің қырылдап от алып, жүріп кеткенін естіді. Қақпаға жетем дегенше келесі көшеге бұрылып, үлкен трассаға қарай жол тартты. Көкірегіндегі ащы өксік алқымына келіп тірелді де, көзі жасаурап тұрғанда үлкен ұлы:
- Мама, әжем сізді іздеп жатыр,- деді көздері мөлдіреп. Теріс бұрылып бетіне домалап түскен мөлдір жасты саусағының ұшымен сүртті де үйге кірді. Артынан ілесе кірген ұлы:
- Мама, папам қалаға кеттім дейді. Басқа келіншегі бар ма? - деді.
- Кейін айтам балам, әжеңе барайын іздеп жатыр,- деді де төрдегі енесінің бөлмесіне кірді.
  Жан дүниесі алай-дүлей, ішіндегісін сыртқа шығаруға тілі жоқ енесі Қарлығашты ымдап жанына шақырды. Келіні 2 жылдан бері жанында болғасын, енесін ыммен түсінеді. Не дегісі келгенін айтпай біледі. Қазір де көзінен ұғып тұр.
- Жоқ апа. Мен ешқайда кетпеймін. Екі баламды өз елінде өсіремін. Әкесі болмаса не болыпты,  әжесі бар, ағайындары бар. Әлі-ақ жетіліп кетеміз. Уайымдамаңыз. Жалғыз қалдырмаймын сізді,- деп дауысы дірілдеген келіні енесінің аяқ жағына отырды. Көзіндегі жасын білдірмеу үшін қайта-қайта терезеге қарай берді. Екі ұлы да жандарына келіп отырды. Тұңғышы Әли бәрін түсінеді. Анасының көзіндегі жасты кіп-кішкентай қолдарымен сүртіп қояды. Кенжесі Аян әлі кішкентай, өзімен-өзі ағаш ойыншығымен ойнап отыр.
  Сол күннен бастап Қарлығаш белін бекем буып, өмірдің ыстық-суығына шыдап бағып, өз тірлігін жасай берді. Ауыл ішінде гу-гу әңгіме тарап, көшеден өткендер Қарлығаштың үйіне мойнын соза қарап, Сағиды өсектей бастады. Бірі "Қарлығаштың өзінен де бар, әйел жақсы болса еркек қайда кетеді" десе, бірі "оңбаған екі баланың көз жасынан қорықпаған малғұн" деп, енді бірі "қатынды қойш, анасын қалай тастады" деп бір-бірімен жарыса айтысып жүрді. Қарлығаш білмейді дейсің бе, біледі, өз құлағымен есітіп те жүр. Алғашында іші өксік пен ызаға толып бөлмесіне кіріп ұзақ жылайтын. Үш күннен соң адам көрге де үйренеді демей ме, бертін келе ондай өсекке құлағы да, еті де үйреніп кетті. Тек балаларға қиын. Бір күні үлкен ұлы үйге жыламсырап кіріп келді.


- Не болды Әли? Неге жылайсың күнім?- деп Қарлығаш бәйек болды.
- Мама, Досжан мені "әкесі жоқ жетім" деді. "Апам айтты, сенің мамаң жаман, сол үшін папаң басқа келіншек алып кетіп қалған, сендерді тастап кеткен" дейді,- деп Әли өкпесін баса алар емес.
- Айтса айта берсін, мен ондай сөзге үйреніп кеткенмін.
- Сонда расымен келмей ме? Үнемі қалада жұмыста дейсің ғой. Сол кезде кетіп бара жатқанда естідім әжеме айтқанының бәрін.
- Әли, сен енді үлкен жігіт болдың. Саған бәрін түсіндіріп берейін,- деп Қарлығаш ұлына жақсылап түсіндірді, елдің сөзін тыңдамауын, інісін де қорғап жүруін тәппіштеп түсіндірді. Басын изеп мақұлдап тұрған Әли іштей енді әкем келмейді деп қайталай берді, қайталай берді...
  Солай күндер өтіп жатты. Қарлығаш енесінің зейнетақысы мен мүгедектікке берілетін ақшасымен екі баласы мен енесін бағып, күн көріп жатты. Арасында ауылдың егістік алқабына қара жұмысқа шығып ақша табады. Күн ұзаққа егістікте болып, кешке үйге келіп енесінің астын ауыстырады, кешкі ас жасайды. Балалары мен енесінің кірін жуады, жуындырады. Бітпейтін үйдің күйбең тірлігі. Қарлығаштың бұған еті үйреніп кеткен. Тіпті шаршағанын да сезбейді. Сағиға деген ыза-кегі жүрегін қатайтып, етін өлтіріп тастағандай. Тағдырдың қатал сыйына сағы сынбай, бойын кернеген ашу-ызасын тірліктен алады. Тынбай еңбек етеді. Бар ойы екі ұлын адам етіп бір жерден шығару. Енесінің разылығын алу. "Ешкім сайтан емес, бәріміз де өлеміз. Өлгенше жағдайын жасаймын, разылығын алайын" дейді іштей. Ал, Сағидан үшті-күйлі хабар жоқ. Ауыл мен қала арасы бір күндік жер болғандықтан, көрдім білдім деген ауылда жан баласы жоқ. Қалаға барып келіпті деген біреуді естісе елең ететіні де өтірік емес. Бірақ барып сұрай алмайды. Не деп сұрайды? Сондай үлкен қалада Сағи осы ауылдан барған кісіні күтіп тұр ма екен? Миллион халық ішінен қайдан көрсін. Солай ойлайды да, қоя салады. Егер көрдім дегендері болған күннің өзінде, оның не қажеті бар? Ол енді басқа шаңырақтың иесі, отағасы. Өзі солай деп кетті емес пе? Қарлығаш өз-өзіне ашуланып, тірлігіне кіріседі.


Осылай күндер өтіп жатты. Қарлығаш екі бала мен енесіне қараумен уақыт өтіп жатыр. Біреулер риза болса, біреулер айнытып та жатты. Жассың ғой төркініңе кетіп қалмайсың ба? Анасы қараусыз қалса Сағи өзі-ақ келеді емес пе?- деушіер де табылды. Төркіні де қанша алып кетеміз деді. Бірақ Қарлығаш бәрінен бас тартты. Осы үйде қаламын деп шешті. Сағи кеткен соң-ақ кемпір ымдап түсіндіріп жүріп үйге заң қызметкерлерін шақыртып қара шаңырақты Әлидің атына аударды. Ал, ол кәмелет жасқа толғанша Қарлығаштың қамқорлығында болатын болды. Арада көп өтпей-ақ енесі бақилық болды. Шалы кеткен соң төсек тартып жатқан ол, ұлы кеткен соң тіптен нашарлап кеткен еді. Дәм-тұзы таусылып келінінің қолын ұстап жатып мәңгілік сапарға аттанды. Ал Қарлығаш екі баласын құшақтап зар еңіреп қала берді. Ессіз ұлдан хабар жоқ. Ұшты-күйлі, ат ізін салмай кеткендіктен анасының қайтқанын да естімеді. Сол себепті, жаназасына да қатыспады. Азын-аулақ ағайындар болып ауыл шетіндегі мазаратқа апарып шалының жанына жерледі. Бұрыңғы Қарлығаш қазіргіге қарағанда тәуір ма еді дерсің. Қазір тіптен жүнжіп кеткен. Екі баланы асырау әрине оңай емес. Зейнетақысын алып отыратын енесі де жоқ енді. Ал, төркіннен қашанғы тасысын. Әр кім өз арбасын сүйретіп жүрген мына заманда. Бір береді, екі береді, үш береді... Соңында өз күніңді өзің көр демей ме? Ал Сағидан сол күйі хабар жоқ. Осындай қиын күндердің бірінде күтпеген жерден бір оқиға орын алды. Түсте тамақтарын беріп мектепке апарып салмақшы болып отырғанда сыртқы есіктің ашылған дыбысы естілді. Үшеуі де жалт қарады. Сағи екен. Қарлығаш тосылып  тұрып қалды. Мелшиген күйі аузына сөз түспей, аяқ-қолы жансызданып қалғандай икемге келер емес. Екі ұлы да әкелеріне қарап түсінбей тұр. Үлкені Сағи кеткенде ес біліп қалып еді. Сол үшін ол әкесіне жіби қоймады. Ал, кішкентайы бәрібір бала емес пе? Жүгіріп барып мойнына асылды.


Бірақ кенже баласы Аян күткен әкесі сірә бұл емес еді. Салқын амандасқан Сағи мойнына асылған баласының қолын ақырын босатты. Қарлығаш Аянды қолынан тартып өзіне қаратты да, бауырына басты. Аян сонда да қайта-қайта әкесіне қарап жалтақтап, жанына барғысы келіп тұр. Тек анасы көңілі түсіп кетеді деп жібермей тұр. Ал, Әли әкесімен тіпті амандаспады да. Үй ішін қою тыныштық басты. Еңсені түсіріп жіберетін мына тыныштықты Сағидың қатқыл дауысы бұзып жіберді:
- Қалайсыңдар?
- Көріп тұрғаныңдай, аман-есенбіз. Аяқ-қолымыз бүтін, шүкір. Тек әжемізден айырылып қалғанымыз болмаса...-деп Қарлығаш Әлидің басынан сипады. Ал Аян әлі құшағында.
- Мен негізі апамды есітіп... Басына барып қайтайын, - деп сыртқа жиналды. Қарлығаш үнсіз шығарып салды. Тіпті, есікке дейін де соңынан ілеспеді. Сағи сыртқа шыққан соң "уф" деп терең демалды. Келгенше қатты уайымдап келіп еді. Қарлығаш пен балалар жібермей, жылап қалады ма деп. Ойлағаны болмағанына шүкір деді ішінен. Себебі, қаладағы сүйіктісі мен ол десе жанын беретін тоқалдан туған ұлына кете алмай қаламын деп ойлаған еді. Ойланып жүріп ауылдың шетіне де келіпті. Жол бойы мұны көргендер көзімен ұзатып салып, біреулері саусағын шошайтып көрсетіп жатты. Бірақ, Сағи біреуіне де мән бермеді. Өз ойымен болып зират басына да жетіп қалыпты. Іздеп жүріп анасы мен әкесінің моласын тауып алды. Көк тас қойылмаған, жәй әншейін қада қағып аты-жөні жазылған тақтайша іле салыпты. Көктасты кім қойсын. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлдары басқа қатынға кетіп отбасын тастап кетсе. Келіні байғұс тапқанын талғажау етіп әрең күн көріп жүрсе, көк тасты қайдан алсын. Қарлығаш бірақ іштей ниеттеніп жүретін. Мен қоя алмасам да, ұлдарым өз қолдары өз ауыздарына жеткенде алғашқы істері атасы мен әжесінің басына көк тас қою болады дейтін. Сол тақтайшаларды сипалап ұзақ тұрған Сағи шырақшыны шақырып құран оқытты. Ойлап қараса, өзі тіпті құран сүрелерінен де хабары жоқ екен. Бірер жарым сағат зират басында болды да үйіне қайтты. Қарлығаш пен екі баласы есік алдында отыр екен. Жанында көрші апай бар. Сағи ешкімнен ұялған жоқ. Тіке барып:
- Саламатсыз ба? Қарлығаш сенімен сөйлесуім керек.


- Иә, айта бер. Менің жасыратын ештеңем жоқ,- деді Қарлығаш бұрылмастан. Жеке әңгімелессін деген оймен көрші апай орнынан тұрды.
- Қой, шырағым, мен қайтайын. Бірдеңе қажет болса барып сұрай бер. Келіндер төркініне кетіп еді. Әлгі сиырдың сүті тұр. Балаларыңа берерсің. Әлиді жүгіртіп жібер құйып берейін,- деді де бұрылып үйіне кетті.
- Қарлығаш! Екеуміз екі бөлек кеткенімізге біраз уақыт болып қалды. Енді мұнда әке-шешем де жоқ сені ұстайтын. Төркініңе кеткенің дұрыс болар. Мен үйді сатылымға қоймақшымын. Қалада бизнесім аздап әлсіреп тұр. Соған құюым керек...
- Тоқта! Сағи, біріншіден, үйден дәметпей-ақ қой. Апам оны Әлидің атына аударған. Екіншіден, мен төркінге кетпеймін. Әли мен Аянның шаңырағы осы. Жақсылап миыңа құйып ал! Қашанғы сенің дегенің бола береді? Ол күндер келмеске кеткен! Мен баяғы сүмірейіп жылап үндемей  қала беретін Қарлығаш емеспін. Және сенің бізге қажетің де жоқ!
- Ойпырмай! Сенің тілің шығыпты ғой. Сенген, тіреп тұрған біреуің бар ма? Көп сөзді қой. Әлидің атында екен, Әлимен өзім сөйлесем,- деп сәкіге отырды.
- Әлимен сөйлесудің қажеті жоқ. Құжат реттеген кезде бала 18жасқа толғанша менің қарамағымда болады делінген. Демек үй де Әли 18ге толғанша менікі.
- Сонымен не демексің? Бұл менің әке-шешемнің үйі. Осында келерде заңды түрде ажырасамыз деп арыз беріп келдім. Саған мұнда тұрудың қажеті де шамалы енді.
- Ажырасуға келісімімді беремін. Бірақ біз осында тұрамыз. Әңгіме осымен бітсін. Сау бол. Қаладағы сүйіктің мен ұлың тосып отыр, қайта ғой,- деді де Қарлығаш екі баласын ертіп үйіне кірді де, есікті жауып алды. Сағи мұндай болады деп ойламаған еді. Қарлығаштың баяғы сыпайы жүзінен түк қалмапты. Енді сөйлесудің дымға да пайдасы жоқ екенін сезді де қақпаға қарай бет алды.
  Сағи кеткен соң Әли де, анасы да ол жайлы сөз қозғамады. Тек Аян ғана:
- Папам енді келмейді ма? Неге кетті тағы. Кететін болса неге келеді? Үйге шақырайықшы мама, папам келсінші... деді көздері жәутеңдеп.
- Ол енді келмейді, болды айта берме. Жүр сабақ оқимыз, - деп Әли інісін төргі бөлмеге алып кетті. Ойланып ұзақ отырған Қарлығаш кештің қалай батқанын да байқамай қалыпты.


ЖАЛҒАСЫ БАР




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

03.07.2023 15:10
Жалғасы кайда

Пікір жазу