Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  1298


Автор: Фариза Амангелдіқызы

СЫҢСУ

Көңілі көктемедей жырға тұнып,
Шырайымен жарасқан қызда қылық.
Ата-анама, бауырға қимай қарап,
Салтымызбен барамын ұзатылып.

Қош аман бол, әпкетай, ағаларым,
Төркінім деп анда-санда жағалармын.
Бауыр деген табылмас ақшаға да,
Өздеріңдей бауырмал бола алар кім?

Асқар тауым, әкешім, жасыл бағым.
Аяулы анам, баға жетпес асылдарым.
Ұзатылып барамын өз еліме,
Көңіліңді түсірме, жасымағын.

Түн ұйқыны төрт бөліп өткіздіңдер,
Тәрбиелеп, мәпелеп жеткіздіңдер.
Алладан соң алғысым шексіз менің,
Бойыма нәзік гүлін септіңіздер.

Анаммен бірге туған нағашы жұрт,
Жомарттықпен көрсеткен нағашылық.
Тілекші бола білген жиеніне,
Жүрсінші деп барған жерде бағы ашылып.

Ағайын, тума-туыс, туысқандар,
Әкемнің өз жұрты ғой  туыс жандар.
Ерке қызың  барады ұзатылып,
Әрдайым беріп едің дұрыс бағдар.

Ақ жеңгем Еркеқыз деп еркелеткен,
Жанарынан жалындап ерте көктем.
Сәлеміңді айтып тұр, жеткізетін
Есетін самалына жел боп өткен.

Балдызына қамқоршы бола білген,
Қайынжұрттың әр ісін қолдай білген.
Әпкеменен қатар тұр шығарып сап,
Жездемдей асыл адам жоқ-ау мүлдем.

Ал, аман бол арайлы асыл құрбым,
Өзің де көп кешікпей отау құрғын.
Қимай барам жанарым жасқа толып,
Көрсетпейін десем де осалдығым.

Өз елімнің босағасын аттамақпын,
Екі елдің арасын жалғамақпын.
Қалың елім бата беріп шығарып сал,
Ата-анамның үмітін ақтамақпын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу