Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  395


Автор:  Жанар Ешназар

Зулаған уақыт

Жүрекке мың істі бұйырып,
Сабылтқан сарсаңға дес бермей.
Жоспарым құрғанмен жиырып,
Жүріппін уақытты ескермей.

Уақыттар тоқтамай зулайды,
Сұрамай бір ауық хәлімді.
Сағаттар баяулап булайды,
Айнытып сырт-пішін,әрімді.

Жасарып жүрегім жүрсе де,
Жанарым шындықты ілгендей.
Үміттер аяйды күрсіне,
Қайтпасын уақыттың білгендей.

Талықсып жүректің дүрсілі,
Өткерген кездерді тергейді.
Торыққан көңілдің кіршігі,
Жылдарға сенгісі келмейді.

Қарасам көз тастап өткенге,
Ісім жоқ жасаған қомақты.
Жүріппін жарты өмір бөктерде,
Аңғармай жолымнан жолақты.

Жетсе де ұшаққа шарамыз,
Бөгелту рейстен ұзақтау.
Жетпейді-ау күш-қуат, шамамыз,
Уақытты секундқа тұзақтау.

Жайпайды жыл-айлар шағыңды,
Жансырап солады тез гүлдер.
Аңғармай қалыппын уағымды,
Бос өтіп кетіпті мерзімдер.

Зулаған уақытта тағат бар,
Ағартқан самайды,кекілді.
Құрдымға кетеді сағаттар,
Құмдарға сіңген су секілді.

Жанар Ешназар
4/11/2018 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу