Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  172


Автор:  Жанар Ешназар

Бір күні кетем

Бұл өмірде зат көп қой,
ала-алмайтын жылап та.
Әз жанымды құрыштап,
айналдырдың-ау,құраққа.
Көрмедім жылы жүзіңді,
жаныңда жүріп зауқыңды,
Кетемін бір күн өзіңнен,
таба алмас алыс жыраққа..

Бір күні кетем мұңдарға,
бас иіп мәңгі көнбеспін.
Селдетіп сертің айтсаң да,
елбіреп-еріп сенбеспін.
Өкініш өртеп өзегің,
алаулап өрттен жанса да,
Кетемін бір күн өзіңнен,
еңіресең де келмеспін..

Жыларсың бәлкім мұңайып,
немесе шатқа толарсың.
Сағынарсың да ықтимал,
өткенді оймен шоларсың.
Жүрсің ғой қазір қиналмай,
елемей барым-жоғымды,
Бір күні кетем, сонда сен,
қиналатын да боларсың...

Бір күні кетем таппастай,
түңілдіріп аспанды.
Жаншыламай тұра-тұр,
әзірше ынтық жас жанды.
Оралмас шақтар ескірмей,
қалары анық есіңде,
Тосырқап көңіл жасытпа,
сезімді етпе тастанды..

Көрінсем-дағы көзіңе,
өзге де менен жоқ қастай.
Өзіңе-өзің көп сенбе,
уақыты келер..
тос, қашпай.
Қайырылмастай кетермін,
жүрмеспін мәңгі жаныңда.
Бағалай біл барымда,
Бір күні кетем, қоштаспай..

Жанар Ешназар
9/10/2018жыл
(Өңделген күні 13/05/21)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу