Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  179


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Сөйлейік

Мемлекеттік масштабта кел, көсіліп сөйлейік,
Еркін-еркін, онда не тұр, еркін болсақ, еркесініп сөйлейік.
Әлеуметтік маңызбенен, азаматтық парызбенен
Өремізді көрсетіп,
Азаматтық ой-пікірмен
Аренада өркеш ұрып сөйлейік.
Ауыл-үйдің пыш-пышынан алыс шығып сөйлейік,
Тереземіз кімдерменен тең екенін таныстырып сөйлейік.
Бұрынғыдай бардың-жоқтың дақпыртына мәз болмай,
Құр мақтанды қанағатқа ауыстырып сөйлейік.
Көрінгенге құлдық ұрмай сөйлейік, бұйрық ұрмай сөйлейік,
Дәл ғылыми дәлелдермен, шиге ұрынбай сөйлейік.
Жаймашуақ жария етіп, мамыражай мәміле етіп,
Дау-далаба тудырмай,
Жеделдетіп уақыттың қимылындай сөйлейік.
Бүйрегіңді бүлкілдетсе, күңкілдемей сөйлейік,
Жатып атқан жұмбақтарды кім-кім демей сөйлейік.
Тұла бойың тілегенді, тіл ұшына келгенді
Лажсыздан ырқыңда ұстап іркуде үдей сөйлейік.
Астарласақ, астарлайық, астамсымай сөйлейік,
Жаманатты қайда болсын жасқаусымай сөйлейік.
Баяндауыш боп сөйлейік, бабы жанған іс болса,
Бастауышты табу оңай,
Қостаушыдай сөйлейік.
Өткен күнге өкінгенмен, түкірмей-ақ сөйлейік,
Бүгінгіңде аз ба өкініш, «Шүкір!» деп-ақ сөйлейік.
Бітеу-бітеу жарамыз бар, бітіспейтін жау да көп,
Берік бірақ бітім жасап, бітірмей-ақ сөйлейік.
Ішкі есеппен сөйлесейік, ішкі әлеммен сөйлейік,
Өлі балық секілденбей құштар өңмен сөйлейік.
Жүзіқара сөйлемейік, шындықты айтып өлейік,
Жүзінде ойнап керек болса, ұстараңмен сөйлейік.
Ал сөйлейік, сөйлейікші мемлекеттік масштабта,
Адамзаттық аренаға одан әрі асқақта.
Ал сөйлейік,
Кімбіз біздер,
Алмайық тек байқатып,
Қыза-қыза байқаусызда барысқанда бас жаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу