Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  122


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мұхтар мен Күләш

(баллада)
– «Сандуғашыңды» сайратшы, Күләш,
Сал болып кеттік, – дейді екен Мұхаң.
– Отымызды бір ойнатшы, Күләш,
Шал болып кеттік, – дейді екен Мұхаң.
– «Сандуғашымыз» садаға Сізге!
(Мұндайда ес пен түс қала ма екен?)
Ағаның соңғы сауалы есінде,
Сазына әннің күш салады екен.
Мұхаң да сол сәт ән буыменен
Әлденеше рет құбылады екен.
Сиқырлы дыбыс әр дірілінен
Ұлы адам ұлы сыр ұғады екен.
– Ақжүніс болып ойнашы, Күләш,
Адамдық негіз – әйелде! – деймін. –
Ер мінез әйел пайдасы, Күләш,
Еркектен артық қай елде мейлің?
– Ақжүніс пенен Құртқа болуға
Талпынғаныммен, тамсанғаныммен,
Олардай елге тұтқа болуға
Әлім жете ме ән салғаныммен?
– О, пәлі! – дейтін, Мұхаң абдырап, –
«Өнерге елдік ер мінез керек».
Өлшем жоқ бірақ, баға жоқ бірақ,
Өлшеп тастайтын «Жеңді!», «Озды!» деп.
– О, пәлі, пәлі, таптың! – дейтін де,
Бір сұрланатын, бір сызданатын.
Қабағы қуқыл, қатқыл кейпінде
Томсарып Мұхаң үнсіз қалатын.
Салады Күләш «Сандуғашына»,
Басқа әуен, басқа тылсымға тайқып.
Өнердегі ұлы тағдырласына
Қиямет – өнер... бір сырларды айтып.
Қырық құбылып, қырық құйылып,
Бір сыңғыр дыбыс, бір сынап сәуле.
Жібітеді әлгі қабақты үйіріп,
Құйылғанындай күн шуақ демде.
– О, пәлі! – дейді, – адамдық ләззат
Дың еткен дүние дыбысында ғой.
Жіберсе уақыт санаңды қажап,
Жаңарту әнші уысында ғой.
– О, тәйір-ай, Мұха, сіздегі сана
Сия қояр ма біздің уысқа?
Жетпейміз құрап, жүз жамаса да,
Маңдайға біткен Сіздей ырысқа...
Дейді де Күләш, сәл қымсынады,
Көз қарылғандай өткір жарықтан.
– Жо-жо-жоқ, Күләш, тағдыр, шырағым,
Сіз бенен бізге өнер дарытқан.
Өнерді жамап-жасқауға болмас,
Халықтан әділ қазы болмайды.
Ұлы өнерді де аспаннан алмас,
Кішісін жерден қазып алмайды.
Дың еткен дыбыс үп еткен үнсіз,
Табиғат мәні терең болмайды.
Жүйке мен сезім, жүрек пен тілсіз,
Өмір болмаса – өнер болмайды.
Дүниеде дыбыс...күмбір көбейген,
Әрбір дыбыстың өз белгісі бар.
Әншілер сирек бұлбұл көмеймен
Дүниені бұл-бұл көзден ұшырар.
Сіз де бір өнер әлемісіз ғой,
Әнші болмайды «әлемі» жоқ «құл».
Өзіңіз бүгін әдемісіз ғой,
Ал, шырқаңызшы әдемілеп бір...
Тоқтайды Мұхаң тайпалып алып,
Сындарлы сөзі – дәуір сырындай.
Күләш та сонда қайта бұралып,
Жеп-жеңіл құстың қауырсынындай
Сыңғырлап келіп төгілуші еді,
Өнердің мөлдір айдын Күләші.
Ой қабырғасы сөгілуші еді,
Жоқ оған бірақ ойдың кінәсі.
Тап осы сәтте көз болса көрер,
Көз болса көрер, көңіл жетелер.
– Бар екен, – дер ең, – дүние шебер,
– Бар екен, – дер ең, – перизат өнер!
...Ашылып Мұхаң қабағы көптен,
Күләшті құйттай билепті жүрек.
Қайтерсің, тарих таланыңа, әттең,
Қайтып бұл келмес сирек құдірет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу