Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  111


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жамбыл мен Мұхтар

(баллада)
Жүз жасаған Жамбылды Мұхаң «ғасырым» депті көзі тірі,
Екі заманға – таразы тәтем, екеуі де оның өз тілі.
Тоқсандағы ақын шалымын көріп:
«Солмайды-ау, – депті, – хас талант»,
Дария тілдің ағынын көріп:
«Болмайды-ау, – депті, – сөз түбі».
Мұхтарды көріп Жәкең де сонда Абайдың жаңа түрі деп,
Заманы бірге жас Абайына сүйкеніп апты бір рет.
– Басқасын қайдам, басың жақсы екен,
Осындай болсын бас болса,
Шақша бас пенен шоқша бастардың болады, – депті, – міні көп...
– Біздің де баста мін жетеді, – деп күліпті Мұхаң кермиық,
– Өз мінін біліп өзекке тепсе, – Жәкең айтыпты, – Ер биік.
– Кемелім, келші бауырыма! – деп Мұхаңа Жамбыл ұмтылған,
Ойлапты Мұхаң:
«Тоқсандағы ақын секілді ғой, – деп, – ор киік».
Тапқыр да тұтқыр, ұрымтал ұтқыр – астарлы ақыл шымшулы-ақ,
Қамқалы зерден әзілмен Мұхаң тін суырыпты шым-шымдап.
Келгенде Мұхаң тоқсандағы ақын тоғытады екен төкпе жыр,
Көтеріп көкке Жамбылды Мұхаң:
«Тұрсыз, – дейді екен, – қылшылдап».
Сол кезде қунап Жәкең де ширақ, шираған үсті шираған,
Қос бірдей дана бір-бірін сонда сыйлаған үсті сыйлаған.
Екеуі бірдей қисынын тауып қайырған кезде Қиуадан
Екі бір тұлпар жарысқанында
й, жарасымы аспай ибадан.
...Сол Жамбылына келеді Мұхаң қабарған қабақ қатулы,
Ақын жарасын айықтыра алар қандай сөз айтса татымды?
Аянышын бір айтса ма екен Абайдың ешкім білмейтін,
Айтса ма екен жаңа қырынан Сұраншы, Саурық батырды?
Айтса ма екен Үрімде туған екі аңызды бір жаңартып,
Қосса ма екен зәредей әзіл, мысқалдай күлкі сәл артық?
Соғыстың зілін, жеңістің құнын айтса ма екен тарихтан
Адамнан адам шыбын жаны артық, болмайтұғынын қаны артық?..
Айтса ма екен Алғадай өлсе, «алғалап!» барып өлді деп,
Келгенмен ажал, арттағы бізге рухы медет болды деп...
Үш жүз күн қамау, үш жүз күн жарау орыстың өрен бір ұлы
Өлер алдында жырыңды оқып еңіреді деп соңғы рет.
Айтса ма екен ол-дағы ұлың, бұл-дағы ұлың – бәрі ұлың,
Ұлы соғыста ұлы қайғыны көтеру – ұлы тағылым.
Немесе анау Ғалиы жайлы айтса ма екен бір әзіл,
Айтса ма екен соғыстан жазған Қасымның жыры тәуірін?
Дем бітпес пенде жоқ десе ме екен, «Өлмейтін темір өзекті»,
Тірлікке мәңгі теңесе ме екен біткен дем, өмір мезетті?
«Әкенің ұлы, адамның ұлы, қанадан шыққан ел ұлы
Болғанмен дана, бауыр ет – бала», ойдан ой көңіл тежетті.
Айтса ма екен, айтпаса ма екен
«Қайырын бер деп артының»?
Қиысынды жерде қиқарлау пенде аңғарымы артық қартының.
«Қайғысыз шаңырақ қайда бар кәзір?»
Қиналса қартың қайтесің?
«Жоқшысы ма ед, – деп,
Бүгінде Жамбыл жалпының емес, жалқының».
...Сол Жамбылына келеді Мұхаң, көреді Мұхаң тап кәзір
Айқарып барып жаяды құшақ – шоққа да әзір, отқа әзір.
Халықтық алып ақынды Мұхаң жүрегін ашып көреді,
Қайғысы бар ғой, ада
мдық қайғы, ар жағында тек жоқ па зіл?
Халықтық алып ақынға Мұхаң айтулы көзбен қарайды,
Халықтық алып ақынды халық жүрегі ғой деп балайды.
Халықтың алып жүрегін Мұхаң жүрегіменен тыңдайды,
Аялайды оны,
Аймалайды оны,
Аймалаған жоқ Абайды.
Құшағына оның құлайды кәзір, басылар мүмкін мауқы да,
Ойласа көптен ой жібермепті халық пен перзент нарқына.
Халық қой Жамбыл.
Алып қой Жамбыл,
Ұлы да болса, ұл Мұхтар,
Біріне-бірі айтпай-ақ көңіл тумыстан тұтас тірлік бар.
Айтпайды көңіл,
Айтпайды көңіл,
Айтпайды көңіл халқына,
Халқына мұңын айтады бірақ,
Айтылмақ керек шындықтар.
...Сол Жамбылына келеді Мұхаң көңілдің мұңын ашуға,
Ғасырдың ойы ұйысып баста шуда да шуда, нар шуда.
Халық қой Жамбыл,
Алып қой Жамбыл,
Құшағына еніп барады:
– Көзі тірі менің ғасырым, – дейді, – ғасырым, аман-барсың ба?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу