Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  128


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Біз ғасырдың туғанбыз бел ортасында

Біз ес білгенде
Ғасырдың бел ортасы еді,
Бүгін, міне, ғасырдың соңғы ширегі.
Қобалжиды адамзат қорқа соғып,
Қорқытады әлі қордалы соғыс үрейі.
Біз ес білгенде
Бөз көйлек үстімізде,
(Танысқанбыз атом күшімен, адам күшімен).
Жасанды Жер серігі,
Зымыран корабльдер ұшты лезде,
Біздің ауыл, сіздің ауыл – барлық ауыл үстімен.
Біз ес білгенде
Тыңға түрен түскен,
Біз тайға мінгенде Гагарин ғарышты айналды.
Біз бозбала болғанда БАМ жаққа рельстер
Жатты тасып даладан асығыс – қайнарды...
Біз ес білгенде
Біз айтқан ән:
«Бейбітшілік туы берік қолда!»
(Бірдей әсер етті ме халықтарға?)
«Ақ көгершінді» ән етіп ұшырғанмен,
Күллі әлем аспанына қалықтар ма?!
Біз ес білгенде
Біз айтқан ән:
«Бермесін табиғаттың тартып алған»...
Болды ма жалпақ әлем, жұмыр Жер жалпыға ұран?
«Артық жасап, – дегендер, – артық алам!»
Бүтінделіп көрді ме төрт құбылаң?!
Табиғатқа жасаған артық залал
Арылтпайды бәрібір тыртығынан.
Біз ес білгенде
Ғасырдың бел ортасы еді,
Бүгін, міне, ғасырдың соңғы ширегі.
Қоғам – күрделі,
Қол – ұзын,
Заман – көшелі,
Арылған жоқ бірақ та соғыс үрейі.
Біз есейгелі, әрине, әндер өзгерді,
Заңдылықтар, жарлықтар, заңдар өзгерді.
Болашаққа көзқарас өзгерген жоқ,
Уәделер, байламдар, болжам өзгерді.
Шалыс басқан қадамдар өзгерген шығар,
Шалық соққан саналар өзгерген шығар.
Екі дүние қаншама қажасқанымен,
Адамзат адам болып қалатын кез келген шығар.
Жиырмасыншы ғасыр бұл
Жеңісі де көп,
Жазымы жоқ демейсің көзге жас алар..
Біз – ғасырдың туғандар бел ортасында
Бәрін де көрдік болған соң ел ортасында.
Таразы басын теңейтін Біз секілдіміз,
Ақылман болып барамыз келер ғасырға.
Біз атом күшінен ат күшін айыра аламыз,
Жалаңаш-жайдақ өск
енбіз, мойымағанбыз.
Боз көйлек – лыпа, бір үзім нансыз да қалған,
Соғыстан басқа, басқаға пейіл адамбыз!
Біз де, міне, қырықтан елуге асамыз,
Көргенімізді айтамыз, қабылдасаңыз.
Келер ғасырға жетеміз көзіміз тірі
Екі ғасырға жанынан жалын қосамыз.
Жететін бізбіз көз тірі келер ғасырға,
(Келер ғасырға бұл үрей бара алмасын да!)
Келер ғасырға бұл үрей баратын болса,
Келешек ұрпақ алқымнан алатын болса,
«– Не істедіңдер, – деп, – апыр-ау, әуел басында?..»
Талай ғасырдан таппаған сауалдың кілтін
Табан астында мүмкін ғой таба алмасың да...
Замандас, ойла осыны заман жақсыда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу