Өлеңдер ✍️

  20.11.2021
  188


Автор: Нұрбол Құдайберген

* * *

Аппақ жауын төгілді бүгін міне
Әлдебіреу жай таппай түңілді ме
Бар қайғыны әкетіп әлдебіреу,
Әлдебіреу бақыттан тірілді ме
Сәуір айы .Күткендей әлденені
Жаңбырының тырсылы әндетеді
Әттеген-ай өткінші,өткінші сәт
Бірақ көктем белгілі мәңгі екені
Көктем шіркін жүрек қой жылуы бар
Көктем мүмкін сүюдің сырын ұғар
Аязынан арылған сезімдердің
Аясынан табылар қылығы бар
Мәңгі жасар ғұмырлы көктем солай
Жалықпаған жалған-ай көктен сұрай
Көзесіне жүректің тамшы толып
Кеткеніне неше жыл көптен бұлай
Сағыныш па жоқ әлде сабылыс па
Жүргендеймін от кешіп жарылыста
Бекежандар атқанмен сұм жебесін
Төлегендей өлермем қапылыста
Арман атты тұлпардың қанатымен
Үміт гүлін сепкендей дала күрең
Жиып алып қырмызы қызғалдағын
Кеудесіне О,кімнің,тағатын-ем
Сыйлағанмен әлемнің бар шаттығын
Ол шаттықтан мендегі алшақ күнім
Сенің күлкің бақыттың үні болса
Менің дүркін басылар қанша аптығым
Шаршап тыным алайын шаршап тыным
Садағасы кеткір-ай қарша ақтығым
Сенің үнің қайғының назы болса
Ол да менің кешірмес жаңсақтығым
Бағасындай бағымның кешеу жеткен
Сүйсем құлай сүйемін өзеуреп мен
Сезімімді тасыған сезгің келсе
Аспан жаққа қарашы нөсерлеткен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу