19.11.2021
  2867


Автор: Жібек Ысқақова

Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасы туралы эссе



Қазақ елінің нағыз көшбасшысы, қазақ елінің қарыштап дамуына өзіндік зор үлесін қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамыз расында да ел үшін аянбай еңбек етіп, қиындықтар болса оны шешу жолында бар уақытын арнайтын біртуар жан. Ел қайғырса қайғырып, ел қуанса қуанатын өмір жасының жартысынан көбін елге арнап, қазақ елі үшін қызмет еткен бірден бір адам. Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, 1990 жыл, 24 сәуірден бастап, 2019 жылдың 20 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып, еліміздің дамуына зор үлесін қосты. Өз еркімен президенттік лауазымнан бас тартқанының өзі еліне деген, халқына деген сүйіспеншілігі, құрметі деп білем. Қазақ елінің біртұтас, тыныштығын сақтау, бейбіт күнін сақтау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екені сөзсіз. Шағын бір отбасыны бір мемлекет деп қарасақ, сол отбасыны басқару мен бүкіл бір елді басқарудың арасы жер мен көктей екенін байқаймыз. Отыз жылдай қазақ елінің дамуының жолында ыстығына күйіп, суығына тоңып бар ауыртпалықты міз бақпай көтерген тұңғыш президентімізге расында да тәнтіміз! Ия, бұл біздің — тұңғыш президентіміз, бұл біздің— Елбасымыз. Мақтанымыз, нұрын сыйлар, ақ таңымыз ол әрине біздің — Елбасымыз!
Президенттік лауазым қызметін жасамай тұрып-ақ көптеген жоғарғы қызметтерді атқарған Елбасымыз ел абыройын асқақтатып, бүкіл әлемге паш еткен бірден бір біртуар тұлға деп айтсақ қате айтқанымыз емес. Асыра мақтап отырғанымыз жоқ, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Ел сүйіспеншілігіне бөленіп, «Елбасы» атанған жоқтан бар жасаған Елбасымыздың өмірбаяны мен өмір жолы әрбір қазақ баласы үшін, болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге деп білем. Халқына қалаулы, еліне елеулі боп, өзіне деген сенімдікті, жауапкершілікті аса ұқыптылықпен атқара білген Елбасымыз расында да біртуар жан. Қандай іс болмасын, қандай қиындық болмасын сабырлықпен шешімін тауып, барша қазақ еліне күн нұрындай жылуын беріп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамызға Алла зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз!






Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тек қазақ елін ғана емес, алыс жақын шет елдерді де тәнті еткен жаңа заманның көрнекті де мықты саяси қайраткерлердің бірі. Аз уақыттың ішінде қазақ елін бүкіл дүние жүзіне танытын, «Қазақстан» деген елдің бар екеніне саяси тұрғыда паш етіп, қазақ елінің қонақжайлығын, кең байтақ жерінің қандай көркем екендігін, ұлттық рух, салт-дәстүрімізді көрсетіп, қазақ елінің абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды әуелете шырқата білді. Қарапайым шахтыда қызмет етіп, елдің жүгін қасқая көтеріп, ел алдындағы жауапты басшылық қызметін абыроймен атқара білген, елі үшін аянбай еңбек етуінің арқасында, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп «Елбасы» атанған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамыздың қазақ елі үшін жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елбасы президент болған шақта қазақ елі қарыштап өсіп, дами түсті десек қате айтқанымыз емес. Сексен жастан асқан Елбасының қазақ елі үшін әлі берері, көрсетер көшбасшылық қасиеттері өте көп деп сеніммен айта аламыз. Елбасыны қазіргі замманның Абылай ханы десек те болады, өйткені, Назарбаев атамыздың қазақ үшін жасаған дүниелері Абылай ханның жасаған басшылығымен бірдей деп айта аламыз. Шет елдермен жасаған келіссөздері, қоңыражай орнатқан қарым-қатынастары барлығы дерлік қазақ елінің дамуына өз септігін тигізіп отырғаны сөзсіз.
Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан айтарлықтай үлесі үшін ӘР президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығы бойынша Елбасымыз «Гейдар Әлиев» орденімен марапатталып, ел абыройын асқақтата түсті. Әзірбайжан жерінде, бауырлас елге, Тұңғыш Президент – Елбасына деген ықылас әрдайым зор. Сондықтан Әзірбайжан халқы оны құрметпен Түркі әлемінің Ақсақалы деп атайды... Сондай-ақ, Туркия елінің президенті Ердоған Елбасымызды 2015 жылы, 16 сәуірде «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атаған болатын. Осылайша түркі тілдес елдердің достық қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Елбасымыз «Түркі әлемінің ақсақалы» атанып отыр.
Есімі алтын әріптермен жазылып, халқымыздың, әлем жұртының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Назарбаев Әбішұлы Назарбаев расында да біртуар тарихи тұлға екені даусыз. Өзінің біліктілігімен, білімділігімен көзге түсіп, ел алдында, халық алдында тіпті шет ел басшылары мен қарапайым халқына дейін тәнті еткен ол — біздің Елбасымыз. Елбасымызбен мақтанамыз, Ел мерейін үстем етіп, бар әлемге паш еткен Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамызға амандық, саулық тілей отырып қазағымның ақ патшасы ретінде, қазақ елінің көшбасшы ақсақалы ретінде жол бастап, ғұмырыңыз ұзақ болып, жүз жасаңыз дегіміз келеді!




Пайдалы сілтемелер:






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу