Өлеңдер ✍️

  18.11.2021
  344


Автор: Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы

Қисса фелдьшер қыз

Қисса фелшер қыздың Омбы шаһарынан оқып шығып, өзі ақын болған соң «өзімді жеңген адамға тиемін» деп, Қаракесек Қазыбектің бір немересі Әлімбайдың айтысқаны:


Бір қисса сөз сөйлейін фелшер қыздан,


Орыстар қылар мейрам жылтыр мұздан.


Патшадан рұқсатпен билет алып,


Татпаққа елге шықты нан мен тұздан.


 


Школға жеті жаста берген екен,


Класты тамам сегіз білген екен.


«Өзімді жеңген жігітке тиемін» деп,


Жаһанды айлауменен кезген екен.


 


Ойлаумен жұрт аралап қыз келеді,


Қолында аткер аты тез келеді.


Қаракесек қаз дауысты Қазыбек би


Бір жігіт немересі кез келеді.


 


Сонда қыздың сөзі:


 Мұқаған қара сөзден ажарым бар,


Күлима бір маһбубтан назарым бар.


«Жігітке өлеңде өнер, өнер де өнер»,


Әй, мырза, мұнан қандай хабарың бар?


 


Жігіт сөзі:


 Сайрамға шығушы едім серуенге,


Мал табар қайтып кедей ерінгенде.


Бұл өлең машық қылған ісім емес,


Қыздарға қыңқылдаушы ем көрінгенде.


Екеуміз бәйгі тігіп айтысалық,


Бәйгіміз не болады жеңілгенде?


 


Қыздың сөзі:


 Һәр істен ойлап тұрсам хабарың бар,


Ойланып шыға салып табарың бар.


Анықтап топ ішінде жеңіп кетсең,


Некелеп қабыл көрсең аларың бар.


Намысты Құдай білер берерімді,


Сонда да жанжалыңа көнерімді.


Жаман сөз екеумізге бірдей нәрсе,


Аянбай құлаштап қал өнеріңді.


Ұялсаң, сірә, менен құр қалғаның,


Әй, мырза, ойла да біл жеңеріңді.


 


Жігіт сөзі:


 Көңілдің ұшса талмас бір құсы бар,


Һәр кімнің іздеп жүрген жұмысы бар.


Ойын-сауық, зинаға көңіл берген,


Оны да машық қылған бір кісі бар.


Сол үшеуі шайтанның зауқы дейді,


Кісінің оны білген не ісі бар?


 


Қыздың сөзі:


 Рас қой осы сөзің ақын, – дейді, –


Һәр сөзің ақындыққа жақын, – дейді. –


Өлеңді жөніңменен тауып сөйле,


Кісіні ит танымай тақымдайды.


«Жаман жанның тілі ащы» дегендейін,


Суырдың айғырындай шақылдайды.


 


Жігіт сөзі:


 Фәрнамен мен-ақ шығар ит дегенің,


Сенің де мені біліп бүйтпегенің.


Қыналап қызыл иттей жұрт аралап,


Көзіңе көрінбейді-ау, күйттегенің.


 


Қыз сөзі:


Ап көңілім іздеп жүріп апқан жерің,


Сұлатып көк мойыннан атқан жерің.


Мен іздеп жүрісімнен тапқан жерім,


Сен иттің абайсызда қапқан жерің.


 


Жігіт сөзі:


Табарма-ай іздеп жүрген жосыныңды,


Һеш танымас сен таппасаң жүрісіңді.


Бай іздеп, бақытсыздықтан жүрсің қаңғып,


Бір тентек жоқ деймісің ел шінде?


Түйедей қайымған бура іздеген,


Әйелді көргенім жоқ сіз пішінді.


 


Қыз сөзі:


 Адамға бақ береді жасалғаннан,


Көңілім сен ақымақтан нашарланған.


Менің бақытым болмаса, бұл немене?


Алдымнан мұнша мырза қатарланған.


Төрт жар менен сақаба таңдау берген,


Әйелге мирас қалған Шәһарбаннан.


 


Жігіт сөзі:


 Айырылар ер жұртынан, пір мұртынан,


Шалдырар жаман адам сөз қарпынан.


Дін үшін бір жетімге таңдау берген,


Айырылып жүргеннен соң ел-жұртынан.


 


Қыздың сөзі:


 Көп екен көргенімнен көрмегенім,


Көрерсің көп жақсылық өлмегенің.


Алдымнан бір күпірлік шыға келді-ау,


Көзіме талай жанды ілмегенім.


«Іздеп алған аурудың дауасы жоқ»,


Құдай-ау, осы ма еді іздегенім?!


 


Жігіт сөзі:


 Әлі көп көргеніңнен көрмегенің,


Ұяттан жуан іздеп өлмегенің.


Кім іздеп дүниені тауысады?


Әншейін балалықпен білмегенің.


Әйтеуір, таңда дағы өзіме ти,


Мендай-ақ жігіт шығар іздегенің?


 


Қыз сөзі:


 Алуға енді мені ар қыласың,


Аузыңнан шыққан сөзден жаңыласың.


Киімге, ортақ асқа енбек бір наданымын,


Қайдағы пәлені іздеп нағыласың?


Менің хошым түспейді, мырза, саған,


Сен мені аламын деп не қыласың?


 


Жігіт сөзі:


 Сертіңнен өзің тайсаң кім боларсың?


Сөз таппай мен сөйлесем жым боларсың.


Жақсы болсаң, аламын қатын қылып,


От жаққыш жаман болсаң, күң боларсың.


Қызыл тілдің қиналған бір олжасы,


Сатсам да басың жас қой пұл боларсың.


 


Қыздың сөзі:


 Арқада Абылайдай хан өткен бе?


Жомарт боп Атымтайдай жан өткен бе?


Жомарт болсаң, берерсің құдайы ғып,


Кісі сатып кедейлік зары өткен бе?


 


Жігіт сөзі:


 «Асыл тастан болғанда, ақыл – жастан»,


Арғынға дуа қонған әуел бастан.


Баласын үш мейрамның салыстырсам,


Арғынның байлығынан кімдер асқан?


 


Қыз сөзі:


 Сөзіңе сөз сөйлесем, сөзім дайын,


Медет бер сасқан жерде бар Құдайым.


Кісі көрмеген жер жат болады,


Әй, мырза, біле алмадым сыр, мән-жайын.


Сүйеніп қара өлеңмен баспалатып,


Берейін сыбағаңды, ойланайын?


 


Жігіт сөзі:


 Атыңнан айналайын Жаппар халық,


Кей надан есіл сөзді қылмас парық.


Жыққанды, жығылғанды ақымақ білмес,


Тоқтағын, жығылдың ғой мойныңа алып?


«Қарқабат! Қаракесек Қазыбек!» деп,


Жігіттер, ұран шақыр айғай салып!


 


Қыз сөзі:


 Әй, мырза, тұра тұрғын жала жаппай,


Сөйлейді кейбір надан сөзді бақпай.


Мені сен ақын болсаң, анықтап жең,


Сүйеніп қара даумен баспалатпай?


 


Жігіт сөзі:


 Сөйлеймін аузыма алып бұрынғы ерден,


Бұрынғы Арғын бабам сары белден.


Қаракесек Қаз дауысты Қазыбек би


Сасқанда талай жанға медет берген.


Құтылмас қашқан марал Құласаннан,


Құтылмас қашқан марал биік өрден.


Құдая, құдіретіңе қылдым тоба,


Жеңілсем қиын болды-ау, бір әйелден?!


 


Қыздың сөзі:


 Түзелер қисық ағаш құрған тезден,


Өлшеген ауыр-жеңіл темір безбен.


Пірі боп тірі ғайып жоғалған жоқ,


Көр қазып, орап қойдың кебін бөзбен.


Қазыбек қалы қандай білесің бе?


Сұрайсың медет бер деп ескі орайдан.


Бір Құдайдай сыйынасың өлген жанға,


Әй, мырза, діннен шықтың осы сөзбен?


 


 


Жігіт сөзі:


 Әуеде ұшып жүрген қаз бен құрлар,


Домалап мылтық оғы атса зырлар.


Көрде жатпай, ғайып боп Меке кеткен,


Қазекем көрмесем де естуім бар.


Жеңіліп осы арада қалғаннан соң,


Сөйлейсің енді неге арсыз мұңдар?


Өсиетің, өзіңе кейпиятың,


Сөзіңнің керегі жоқ салдақы қар.


 


Қыз сөзі:


Бір сөзден айырылмайсың белгі тағып,


Сөйлейсің қапияда ебін тауып.


Үлкеннен, мен ұялам жаман сөзден,


Отырмын әдеппенен бойды бағып.


Көтіме қар болғанда күзетші ме ең?


Күйігім менің саған түсті нағып?


 


Жігіт сөзі:


Жарқыным, жарайды ғой қар болғаның,


Қар болсаң, терекпенен пар болғаның.


Кісідей апиыншы құмар болып,


Айырылып ақылыңнан дал болғаның.


Ойнастың асарына түсемін деп,


Мінеки, бай таба алмай зар болғаның.


 


Қыз сөзі:


 Шошқаның ең үлкені қара қабан,


Бас қостым жақсылармен о да заман.


«Мысыққа ойын, тышқанға өлім керек»,


Қалады құмар болып сендей жаман.


Өзің қандай, мен қандай айтшы маған,


Бай тап деп, мен жалындым қашан саған?


 


Жігіт сөзі:


 Халыққа қызметіңмен жағып жүрсің,


Бар болса елде жақсы бағып жүрсің.


Шерменде жоқ іздеген жолаушыдай,


Қаңғырып бай іздемей, нағып жүрсің?


 


Қыз сөзі:


Жақсыны көргеннен соң парлағанмын,


Жаманды сөзімменен алдағанмын.


Іздеген менің жоғым сендей емес,


Сендейді есігіме жалдағанмын.


 


Жігіт сөзі:


 Сөйлейсің қалай-қалай босқа шатып,


Күнәға кесіріңмен жүрсің батып.


Көпестің кісі таңдар қызы болсаң,


Паңсынып, бай таңдар ең үйде жатып.


Ішінен өз еліңнің малыңды ұстап,


Бұ жаққа келіп пе едің саудалатып?


 


Қыз сөзі:


 Өлеңге сен де жеттік, мен де жеттік,


Кетеді сүйегімнен сөзің өтіп.


Алланың бергеніне шүкіршілік,


Мен жүрмін орыс, қазақ нөкер етіп.


Бұ күнде еркек басың менен төмен,


Шен алдым патшадан қолым жетіп.


 


Жігіт сөзі:


 Киуші ең жас күніңде қатқан терлік,


Бойыңа біте қапты-ау, үлкен шендік.


«Школға оқытуға бер» деген соң,


Кедейдің бізде қызын жалдап бердік.


Өнері оқу оқып жете қалса,


Болады о да бала сендей кергіп.


Көтіңді ашқан кедейдің қазағы едің,


Дүние-ай, бай таңдадың бойың сергіп.


 


Қыз сөзі:


 Жылқының ұзын құйрық аласымын,


Қыздардың өзім теңлі сарасымын.


Ақымақ кедейлігім білдің қайдан?


Белгілі бір көпестің баласымын.


 


Жігіт сөзі:


 Ауылымның ақсақалы Бекбергенім,


Қарашы мына сөздің дөп келгенін.


Әкеңнің дәулеті мол, ақылы артық,


Шен алсын еркек балам деп бергенін.


 


Қыз сөзі:


Араныма іздеп келіп арандадым,


Бар Құдай тілек бермей сараңдадым.


Қызыл тіл тізгініңіз кесілді ғой,


Көсіліп бәйгі кердей шаба алмадың.


Мен жеңілдім, сен жеңдің, ғлажым жоқ,


Әй, мырза бұған қару таба алмадым.


 


Жігіт сөзі:


 Бердің бе Жаппар Құдай тілегімді,


Жандырдың жаман дерттен жүрегімді.


Көңілімде менің арман қалар ма екен?


Мойнына жатсам сүйеп білегімді.


Аллаға, Алмұхаммед шүкірлік,


Екі елі төбем көкке тіреу болды.


 


Қыз сөзі:


 Сөз таппай, мырза, сізге қалдым байып,


Сөйледің жақсы-жаман көңіл шайып.


Көңілімде айтылмаған бір арманым,


Үйіңде нешеу еді сіздің зайып?


 


Жігіт сөзі:


 Зайыбым сізден бұрын екеу еді,


Екеуі бір кісідей мешеу еді.


Екеу түгіл, он болса неге керек,


Бақ берсе, дәл өзіңнен өтер ме еді.


 


Қыз сөзі:


Һәр түрлі ойға салып ой ойлаймын,


Бұл ойды есебі жоқ көп ойлаймын.


Ер тартып менің бағымды алмас еді,


Қалмайды-ау, тоқал атым деп ойлаймын?


 


Жігіт сөзі:


 Бар ма екен, әй, қанша Құдайдан зор,


Құдай жазса һәр іске разы бол.


«Сүймеген сүйкенісіп» дегендейін,


Көрерсің тірі жүрсең һәр түрлі жол.


«Тәуекелде қайғы жоқ» деген екен,


Құданың не қылса да құдіреті мол.


 


Сонда қыз бір ауыз жұмбақ айтады:


 


Ақ көлдің оты жасық, суы тәтті,


Бір аққу талып келіп қона қапты.


Аққудың оттайтұғын оты басқа,


Жемісі маңайында болса жақсы.


Ақкөлде от жоқ болса, су да опасыз,


Әй, мырза, осы арасын ойлап тапшы?


 


Жігіт сөзі:


Ақ сұңқар әуедегі қу іздейді,


Һәр қашан көл жағалап су іздейді.


Қарасаң қарақұс пен күшігенге,


Ол дағы малға айналып шу іздейді,


 


Кетерміз бір күн тастап дүние, малды.


Сонда қыз мына сөзге құлақ салды.


Таймады қыз да болса уағдасынан,


Әлімбай сонда қызды неке қылды.


Ғайыпқа оқушы бүйырмаңыз,


Жүсіпбек бір ерігіп жаза салды.


 


Отыздың сегізіне бастым қадам,


Ұнатқан бұрын сөзімді көрген адам.


Ұнатпаса, оқыған боқтайды да,


Не қылады бір сөзім болса жаман.


 


Жүсіпбекқожа қолжабасынан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы


Сарыағаш қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу