18.11.2021
  284


Автор: Ауданбай Ахметжанұлы

«Қалыңмал» сөзінің мағынасын дұрыс түсінеміз бе?

Құранда, «Алла адамзатты құмырадай сыңғырлаған құрғақ топырақтан жаратты». «Рахман» с.14-,15-а. «Расында біз адамды  балшықтың маңызынан жараттық. Одан соң оны берік орында (жатырда) тұратын шаһуат тамшысына айналдырдық. Одан соң ол тамшыдан ұйыған қан жасадық, ұйыған қанды кесек етке айналдырдық. Одан соң кесек етті сүйекке айналдырдық та, сүйектерге ет қаптадық. Одан соң оны басқа  бір жандыға  (адамға)  айналдырдық. Бұдан кейін сендер өлесіңдер». «Муминин» с. 12-,13-,14-,15-,16-а. «Адамның жаратылысын балшықтан бастады. Кейін оның ұрпағын судың тамшысынан (мәниден) жаратты. Содан соң оны толық бейнеге  келтірді, оған өзінің  рухынан үрледі «жан кіргізді» «Сәжда» с. 7-, 8-, 9.-а.


 



 


Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Адамзаттың барлық нәрсесі шіриді. Тек бір сүйегі шірімейді. Ол – Ажабуззанаб сүйегі. Осы сүйектен қиямет күні адам қайта пайда болады. (Мүслим, Нәсәй) «Адам Құранда сипатталған нәрседен жаратылған» дейді. Алланың  жаратқандары, Оның қалауымен  тұрақты өзгеріп, жаңарып, бір түрден басқа түрге ауысады, бұны тағдыр дейміз. Мысалы, пенде, еркектің ішкі ағзасында пайда болған бір тамшы сумен, әйелдің де ағзасында пайда болатын тамшы сумен араласып, бір шәйнам етке, одан тәнге айналып, Алланың тәнге кіргізген рухы – жанымен бірігіп, адам бейнесінде өмір есігін ашады. Одан соң оның, күн сайын,  ай сайын, жыл сайын, тәні – дене пішіні өсіп, сезімі, танымы, ақылы кіріп, ойлау, сөйлеу түсіну қабілеттері пайда болып, толысады да, төмендеу фазасы басталады. Немесе, тәнде пайда болған жетістіктер біртіндеп төмендеп, Алланың белгілеген мерзімі – ажал келгенде тән мен рух бөлінеді де, рух бұл жалғанмен қоштасып, Алланың дәргаһына жол тартса, тән өзінің негізі – топыраққа айналады. Бұл құбылысты  пендеге, Абай хаһім «мені мен менікінің бөлінгенін, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес» деп түсіндірген. Бұл жерде Алла тарапынан тәнге кірген рух-жан, өзін мен деп, тәнді менікі деп иемденіп тұр. Міне, осы секілді алғашқы жаратылыс (мәни), Алланың қалауымен  бірте-бірте   өзгеріске ұшырайды. Осы өмірде болатын бұл құбылыстар  тағдыр-жалған деп аталады. Осы сияқты бүкіл болмыс, жаратылыс өзгеріске ұшырайды.


«Бақара» с. 31-а. «Алла адам әлейһиссәләмға бір тұтас атауларды үйретті» делінген.  Сөз де жаратылған. Ол да, оның мән-мағынасы да   айтушының шеберлігіне, құралған сөйлемнің мағынасына қарай, заманның ағымына қарай өзгереді. Мысалы білім үйренушілерді оқушы деп атасақ, алатын білімінің түріне, деңгейіне қарай, оқушы деген сөз курсант, студент, аспирант сияқты сөздермен байып, мағынасы да өзгереді. Бүкіл сөз бен мағынаның өзгеруін талдау мүмкін болмағандықтан, қалың мал сөзінің мағынасының түсінігі және оның адам тәрбиесіндегі маңызын қарастырайық. Қалың мал, сөздер ретінде не сөйлем ретінде, ол қаратып айтылған неке, құдалық, қыз сөздерімен қабыспайды, мағына да бермейді. Қалың мал сөзін жіктемес бұрын, неке сөзінің мән-мағынасын зерделейік. Қасиетті Құран Кәрімнің «Рум» с. 21-а. «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен», «Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер жүзіне Халифамды (орынбасар) белгілеймін», «Рахман» с.  1-, 4-а.  «Аса рахымды Аллаһ Құранды үйретті. Адамзатты жаратты. Оған сөйлеуді үйретті», «Бақара» с. 30-а. «Адам баласын ардақтадық, оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық», «Исра» с. 70-а. «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (яғни, Адам әләйһиссәләмнан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа  ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», «Ниса» с. 1-а. «Сендерді (ер-әйел) жұп етіп жараттық» «Нәбә» с. 8-а. делінсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), хадисінде: «Ей бойдақтар жамағаты! Сендерден кімде-кім үйленуге күші жететін болса үйленсін. Өйткені үйлену көз бен ар-намысты харамнан сақтайтын мықты қорғаушы. Кімде-кімнің үйленуге шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болмақ» (Бухари, Муслим. Абдуллаһ ибн). «Расында дүниенің баршасы нығымет, сол нығыметтердің қайырлысы – әйел» (Сунан әл Байһәки әл Кубра). «Әйелдерің жайында Алладан қорқыңдар. Сөзсіз олар сендердің жандарыңдағы көмекшілерің. Оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар. Һәм ұятты жерлерін Алланың сөзі арқылы адал еттіңдер» (Әбу Дәууд). «Алла Тағаланың дәргаһында, Оның адал қылған некенің бұзылғанынан  (талақтан)  сүйкімсіз амал жоқ»  (Әбу Дәууд).


Алла тағала Адам атаның ұрпақтарын тату-тәтті, кешіріммен, мейіріммен өмір сүрулері үшін, аяттарда айтқанындай, бір кісіден – Адам әләйһиссәләмнан таратты. Әр жанды жаратылыс уақыты келгенде өскен ұясынан ұшып, өз ұясын тұрғызуға талпынады. Бұл құбылыс адамзатқа да тән қасиет. Даналарымыз айтқандай,  «жас өспей ме, жарлы байымай ма?». Кеше ғана тәй-тәй басып, бесіктен белі шыққан  бөбектеріміз ер жетіп, етек жауып, өз теңін тауып, отау құруға дайын екенін байқамай да қаламыз. Осы сәттен  ұлдарымыз ай десе аузы, күн десе көзі бар екінші жартысын іздесе, қыздарымыздың ақбоз атты мырзасын күтетін күндері басталады. Ал, ұлдың ата-анасын «ұлымызға қандай қыз тап болады?» деген ой мазалап, Алладан:  ұлыма «мінезге бай, инабатты қызды нәсіп ете гөр» деп тілесе, қыздың ата-анасы «қызыма көркем мінезді, тәрбиелі күйеу бала жолықтыра гөр» деп тілейді. Игілік іздеген пенделерге қалаған мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндігі мол осы заманда,  жастар бірге оқып, араласып, танысып-білісіп, бірге  жүргендерінің арасынан қалаулысын  тауып, ата-анасына шешімдерін хабарлайды. Құдалық осыдан  басталады. Ертедегі бел құда (тумаған балаларды атастыру), бесік құда (бесіктен белдері шықпағандарды атастыру) болу тозған салт ретінде тілде ғана қалса, бүгінгі күнге дейін жетіп, тозбаған салт –  «қалыңмал беру» салты.


Қалың мал тіркесінің мән-мағынасын қос сөз, қосарланған қос сөз ретінде қарастырсақ: қос сөз; (көзбе-көз), қосарланған қос сөз – аяқ-табақ (ыдыс) сөздері бірін-бірі анықтап, толықтырып тұр. Ал қалың мал сөздері, бірін-бірі анықтамайды да, толықтырмайды. Қалың мал сөздері өзара байланысып, мағыналы сөйлем құрмайды.


Алланың жаратқандарының бәрі өзгереді. Алланың қалауымен таулардың, өзен арналарының, көл мен мұхиттың,  жердің орындары мен көлемдері, мемлекеттің иелігіндегі заттардың көлемі мен аттары, кейбір мақұлықтар мен сөздің, оның мағынасының өзгеруі ғасырларға созылса, кейбір жаратылыстың, мысалы, насекомдар мен өсімдіктің   өзгеруі күндермен ғана есептеледі. Біздің мақсат – бүкіл жаратылыста болатын  өзгерісті талдау емес, тек амалдың өзгеруіне қарай, сөздің және оның мағынасының, түсінігінің өзгеруін саралау.  Ал, амалдың алғашқы аталуы, қолданыу барысында  бірлі-жарым әрпі түсіп, аталуы жеңілдеу айтылатын сөзбен  ауысып, мағынасы өзгермеуі мүмкін. Шамамен 1017-1075 жж. өмір сүрген ғұлама, Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» поэмасында Балқаш көлін, Бай көл атаған. Немесе:


Пайдасы мол, зияны жоқ іркілер,


Түсінбес-ау мұны талай түркілер.


Естіген жан білер, болса ішінде ес,


Хат білгеннің бәрі бірдей түсінбес.


Дәуірінде  Бұғра ханның біртіндеп,


Жазылды бұл хан сөйлейтін бір тілде. (Иман журналы, №2).


Әр тілде сөйлейтін халықтар топтасқан мемлекетте бір тілге басқа халықтың тілінен артықшылық беріліп, басқа тілдегілер сол тілге бейімделеді. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде орыс тілінің  үстемдігі жарияланып, сол тілде сөйлеу міндеттелді. Осының салдарынан, орыс тілі басқа тілге араласып, тіл шұбарланды. Басқа тілде сөйлейтіндердің кейінгі екі-үш ұрпағы тек орыс тілінде ғана сөйлеп, ана тілін  білмей, оның ұлтына орыс тілді сөзі қосақталды. Бұл, бүгінгі таңда Кеңес үкіметін құраған орыс тілінен басқа тілде сөйлейтін халықтардың кейінгі 2-3 ұрпағына, ана тілін үйренуіне қиындықтар туғызып, екі тілде сөйлейтін бір халықтың арасында түсінбеушіліктер туғызуға және орыс халқына деген жек көрушілікке әкелді.


«Қалыңмал» сөзі неке, құдалық, қалыңдық  сөздерімен тығыз  байланысты.  Ал «қалың мал» деген сөз тіркесінде  бұларға  қатысты мән де, мағына да жоқ. Қалың мал тіркесінің мағынасын түсіну үшін, әр сөзді жеке саралайық. Қалың сөзі қандай сөздермен үндесіп, мағыналы сөйлем құрайтынына назар аударайық: жанды мақұлық пен жердің түгіне (шашы қалың, шөбі қалың), мүлікке (қалың көрпе), ылғалға (қалың тұман), көз көрім жердегі малдың шамасына (далада қалың мал жүр) және ер адам үйленетін екінші жартысына қаратып айтылатын қалыңдық сөзімен үндескенде сөйлем мағыналы болады. Мал сөзі оны пайдаланатын мақсатына (сататын мал), бары не жоқтығын (мал жоқ), қоңдылығына (семіз мал), қасиеттеріне (жуас мал),  кемшілігіне (сүзеген мал) және түлегіне (ұсақ мал – қой, ешкі,  қара мал – сиыр) байланысты сөздермен қосылғанда мән-мағына шығады. Пендеге қатысты оны сыйлыққа, көмекке бергенде (мал атадым),  еңбекке   (мал бақтым), оның иесі бар-жоқтығы туралы (иесіз мал) сөздерімен қосылып, сөйлем құрағанда мағына алады. Осы тұрғыдан қарағанда, қалың сөзін, қалыңдықтың сөзімен ауыстырып, «қалыңдықтың малы» дейтін болсақ,  мән-мағынаға ие болады. Мысалы: «баққаның кімнің малы?» дегенде, «қалыңдықтың малы» жауабы беріледі. Болмаса, «кімнің малын алуға келдіңіз?» дегенге, «қалыңдықтың малын» сияқты мағыналы, түсінікті тілде диалогтар айтылады. Жақын-жуықтар, күнделікті бірімен бірі араласқанда қалыңдықтың сөзі қалың сөзіне, малы сөзі мал сөзімен ауысып, жеңіл айтылатын «қалыңмал» сөзінің түсінігі өзгермей, көпшіліктің пайдалануына кіруі мүмкін. Осыдан «Қалыңдықтың малы» – «Қалыңмал» болып аталуы ықтимал.


Асыл азаматтарымыз өмірдегі орнын бірі байлықтан, бірі атақтан, бірі ғылымнан іздесе, сөз қадірін құрметтегендер, сөз өнерінің шыңын іздеген. Сөз қадірін  түсінген даналарымыз: «Өнер алды –  қызыл тіл», «айтылған – сөз атылған оқ», «ауыздан шыққан сөз ауызға қайта сыймайды» деп, сөзді барлық амалдан жоғары құрметтеп, ердің құнын «екі ауыз сөзбен» шешкен. Сөзді құрметтеу бар да, орынды жерде ғана сөзге араласу және айтатын ойын жамағатқа түсінікті, көркем-әдемі, тапқыр тілмен жеткізе білгендерді халық сыйлап, құрметтеп – шешен деп атаған. Ал айтар ойын ұзақ, былапыт, мағынасыз сөзбен жеткізгендерді – мылжың, қырт деп жиіркенішпен жек көрген.


Абай хакім :


Несі өмір,


Несі жұрт.


Өңшең қырт,


Бос қаңғырт, -деп түңілген.


Неше ғасыр өтсе де, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген шешендердің қанатты сөздерінің мұрттары  қисаймай, таспаға жазылмай-ақ, ауыздан ауызға өтіп, жатталып, ұмытылмай бізге жетіп, жақында ғана жазылып жарық көрді (том-том Батырлар жыры).  Сөз зергерлерінің ерекшеліктері, ойын  тұспалдап, жұмбақ, ыммен жеткізген сөздердің мағынасын, уақиғаның болған уақытына, себепшісіне,  жағдайға қарай топшылап  анықтамай-ақ,  мағнасын дұрыс  түсінген.


Ақмола уезінің жер жөніндегі төре биі, Шоң мырзаға Атбасарлық  қанжығалы Саққұлақ би, мына өлең жолдарымен хат жазыпты:


Шырағым, Шоң мырзаға сәлем деңіз,



  • Кім десе, Саққұлақ ағаң деңіз.


Сегізде тісім түсті,


Сексенде ісім түсті деп.


Мал басы одан өзге аман деңіз.


Хатының мағынасына түсінген Шоң мырза «не іс демей», «ее, Сақаң егде тартқаннан соң ағайын арасы ашылайын деген екен» деп   арнайы барып, ағайындарды бітістірген екен. Бұнда Саққұлақ би шаруасын ашық айтпай, тұспалдап жазған.


Батыр әрі шешен Әйтеке Жидебай, жасы ұлғайып, тоқсаннан асқанда досы Қараменде есіне түсіп сағынып, барып сөйлесуге жете алмайтын болған соң, еті тірі, сөз мәнісін білетін азаматқа, «шырағым тобықтыда Қараменде деген досым бар, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ. Оны да кәрілік жеңді, іздеп келе алмайды. Соған айтатын «Бес ауыз бір сөзім, алты ауыз  бір сөзім» бар деп, осыларды бірімен бірін шатастырмай ұғып алып, Қарамендеге жеткізуін  тапсырады.


Бес ауыз бір сөзім:


Төрт нәрседе үміт бар,


Бір нәрседе үміт жоқ, осыны айт, – дейді.


Алты ауыз бір сөзім:


Мұсылман жаудың қолында қалдым,


Бес атаның малын іздеп әуре болдым,


Алпыс ат үйір бермейді,


Жетпіс торғай шырылдайды,


Сексен балапан ұя басып жатыр.


Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз.


Жидебайдан сәлем әкелген жігіт, біраз жатып тынығып, елдің амандығын біліскен соң Қараменде, «Жидекем маған басқа сәлем айтпады ма?» деп сұрағанда, Жидекеңнің «екі ауыз бір сөзін»,  «Алты ауыз бір сөзін» жеткізген. Қараменде көп ойланып, «Төрт нәрседе үміт бар» дегені, адам баласы төрт үмітпен өмір сүреді екен ау:


Жас өсемін деп үмітті,


Жалғыз көбейемін деп үмітті.


Жарлы байимын деп үмітті,


Ауру жазыламын деп үмітті.


«Бір нәрседе үміт жоқ» дегені көктемі мен жазы өткен кәріліктен ғана үміт жоқ дегені.


«Мұсылман жаудың қолында қалдым» дегені – жастайынан сыйласқан бәйбішесі қайтып, бала мен келінге қарап қалған ғой. «Екі елі аузына төрт елі қақпақ  қойсын. Келін мен балаға сонда сыйымды болады» депті.


«Бес атаның малын іздеп әуре болдым» дегені – «батыр қартайып, көздің көруі нашарлап, жастайынан серігі, жолдасы: мисуақ, тәспік, орамал, бәкі, қамшасы болар. Оларды сипалап тапқанша уақыты кетер. Киіміне қалта тіккізсін» депті.


«Алпыс ат үйір бермейді» дегені – алпыс жас ағайынды жауға бермейтін қайраты қайтпаған кезі екен.


«Жетпіс торғай шырылдайды» дегені – «жетпісте торғайдай ғана қауқарым қалды» дегені ғой.


«Сексен балапан ұя басып жатыр» дегені – «сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым» дегені екен.


«Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз» дегені – «тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде, ажал қашан келеді деп күтудемін дегені екен ғой» депті. Ақыл иелері, зерделілер әріптестерінің жұмбақтап айтқан сауалдарын, олардың басындағы жағдаймен қабыстырып, сұраушының ойындағысын шешкен.


Сөз өнерінің майталмандары әріптестерінің ыммен айтқанына да  түсіне білген. Қарауыл Қанай ұлы Бекболат би, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібектер мен Кіші жүзбен арадағы дауда шешуге барады. Кіші жүз жағынан келген би сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін, үндемей алақанын ашқанда, Бекболат: «құп болады» дейді. Жұдырғын жұмып, қолын созғанда, Бекболат: «құп» дейді. Саусақтарын жазып, қолын созғанда  Бекболат: «құп» дейді.  Қолдарын кеудесіне қойып, бірінің үстіне бірін қойғанда Бекболат: «құп» дейді. Сегіз саусағын көрсеткенде, Бекболат: «құп» дегенде, Кіші жүз жағынан келген биі шығып кеткен екен. Бекболат серіктестеріне: «дау шешілді, елге қайтайық» деп қайтыпты. Елге келген соң Абылай хан Қаздауысты Қазыбек пен Шақшақұлы Жәнібектерге қарап, «бітістіңдер ме?» десе, олар төмен қарапты. Хан «сендерді дау шешуге жібердім, «қатын ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегендей, сендер  төмен қарайсындар» дейді. Сонда екі би: «Мына Бекболат «құп» ұстап қайтты» депті. Абылай Бекболатқа қарап: «Барушы да өзің, сөйлеуші де өзің көрінесің, енді өзің айтшы» дейді.


Бекболат би: Дауда көп сөйлескеніміз жоқ, ол жақтан билікке шыққан адам қолымен біраз ишара көрсетті. Мен ұққанымды айтайын: «Бірінші, уысын ашқаны, алысуға жараймын» дегені. Екінші,  жұдырығын жұмғаны, «ашсаң аяңда – жұмсаң жұмырыңдамын, тату-тәтті тұрайық» дегені. Үшінші рет қолын созғаны: «атыссақ, шабыссақ, сендерде бар қылыш пен мылтық бізде де бар, араздықты қоялық» дегені. Төртінші рет қолдарын төсіне қойып, бірінің үстіне бірін қойғаны: «құшақтасып, көрісейік» дегені. Бесінші рет сегіз саусағын көрсеткенін «сегіз күнде ханның алдына тарту-таралғымен барамыз» дегені деп түсініп,  құп дедім. Кіші жүздің биінің ишарамен көрсеткендерін дұрыс түсінген Бекболат бидің айтқанындай, Кіші жүздің адамдары айтқан күні ханның алдына келіпті.


Он тоғызыншы ғасырдың басында қолына қалам алған ақын- жазушыларымыз: (Ә. Тәңірбергенов, С. Көбеев), қалыңмал сөзінің түпкі мағынасына назар аудармады ма, әлде Алланың барлығы мен бірлігін, пайғамбарымызды мойындамаған саясаткерлердің үстемдігі жүргенде, солардың ұстанымын жақтағандықтан ба, қалың мал – қыздың еркінсіз малға сату деген түсінікті қолдаған. Қалың мал тіркесінің мағынасын талдағаннан кейін, оның шамасына назар аударайық. Халқымыздың алуан түрлі салт-дәстүрге бай болуы, оның рухани байлығы бастауын Құдіретті Алла Тағаланың Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) хадистерінен   алатындығы. Ұлды ұлықты, қызды қылықты тәрбиелеп ержеткізуде жол-жоралғының, салт- дәстүрдің орны ерекше. Қазақ халқы «Малым – жанымның, жаным арымның садақасы» деп арды жаннан артық бағалаған. Қамшының сабындай қысқа өмірде алдына қойған мақсаты – арына кір келтірмеу. Міне, осы мақсатта, бала-шағасын өнегелі етіп тәрбиелеп, тәрбиелі отбасымен жақын-жуық болып араласуды назарда ұстаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «баласына дұрыс тәрбие бермеген ата-ана мұсылман емес», «көркем мінез – иманның жартысы»  десе, ұлы ойшыл бабамыз әл-Фараби: «Тәрбиесіз берген білім у мен тең» деген.  Жас ұрпаққа білімді ұстаздары мен отбасы үйретсе,  салт-дәстүр, тәрбиені, ұлағатты бүкіл ауылы қоса  үйреткен. Білім мен тәрбиенің ең негізгісі – салт-дәстүр, көркем мінез бен әдеп. Халқымыз, «Құдай қосқан құда болады, пайғамбар қосқан дос болады» демекші  құданы, байлығы мен атағына қарай таңдамай, адамгершілік қасиетіне қарай  бағалаған. Тәрбиелі ұрпағы да махаббат деген өткінші сезімге бой алдырмай, бетіне шіркеу түсірмейтін, ұрпақ тәрбиелейтін жар іздеген.


Келдібек бидің алған жарының өңі солғындау, аяғының ақауы болса керек. Құрдастары «саған лайық емес» дегеніне көнбей, оның, «сырты қара болса да іші сара» деп үйленген. Үйіне келген құрдастары «Келдібектің алған әйелінің түрі мынау ма? деген келекесін естіген анамыз:


Рас, көзім қыли, ақсақпын.


Көрген түсім рас болса,


Бес бошанға бас болар,


Бір ұғлан таппақпын.


Келдекеңмен жақсы ақпыз!, деп жауап берген екен.


Сол анамыздан қаз дауысты Қазыбек би дүние есігін ашып, бүкіл дүние жүзіне атағы жайылды.


Міне, құдалықтың  негізгі мақсаты –  ұлағатты орта құрып, көркем мінезді ұрпақ өсіру. Өмірде әртүрлі жағдай болады, сонысымен де өмір қызық. Пенде болған соң, Алланың бергеніне шүкіршілік қылмай, күпірлік қылатындар да кездеседі. Олар – еркінен тыс қызын сатып баийтындар мен малға жас қызды сатып алып, оның еркінсіз үйленетіндер.  Бірақ мұндайлар бірлі-жарым. Сондықтан, «Қалың мал» – «қалыңдықтың малының»  мақсаты – «еркінен тыс, қызын сатып баю  мен жас қызды сатып алып, келісімінсіз үйлену ұғымы толық дұрыстыққа жатпайтын  сияқты. Халқымыз қызды болашақ ана және ұрпақ тәрбиешісі ретінде танып, ол тәрбиесіз болса «ат атандырып, сүйек сындырады», яғни, бүкіл руға жаманат келтіруінен сақтанып, қыздың мінезі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осыдан да «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде, қыздың өрескел мінезін, оғаш жүріс-тұрысын байқаған ағайын-туыстарының да қыз тәрбиесіне қатысқанынан айтылған. Міне, тәрбиелі отбасында, ұлағатты ортада өсіп, тәрбеленген ұрпақ өзіне қаңқу сөз ертпеуге талпынып,  істеген амалдарына жауапкершілікпен қараған. Қазіргі «ел жақсылары» өз атына айтылған қаңқуды, өзін жарнамалау деп түсіне ме, қайдам, айтылған сынға көңіл аудармайды. Тіпті, ұялып, беттері  қызармайтын да сияқты. Біздің кезімізде жауапты қызметте жүргендерге баспасөз арқылы сын-ескертпе айтылса, оларды жоғарғы орындағылар жазалайтын.


Құранның «Ниса» с. 24-а. «Үйленіп қызығын көрген əйелдеріңе міндетті мəһрлеріңді беріңдер. Мəһрдің мөлшерін белгілеген соң, өзара келісіп, оның мөлшерін азайтып немесе көбейте түсу сендер үшін күнə емес» делінсе,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ей бойдақтар жамағаты! Сендерден кімде-кім үйленуге күші жететін болса үйленсін. Өйткені үйлену көз бен ар-намысты харамнан сақтайтын мықты қорғаушы» дейді.


Араб тіліндегі Мәһр сөзінің мағынасы – еркек пен әйел некеге отырғанда күйеудің қалыңдығына сыйлайтын мүлігі.  Мәһрдің де, қалыңдықтың малының да иесі әйел болғандықтан, әйелдің келісімінсіз оны жұмсауға ешкімнің құқығы жоқ. Салт бойынша, қыздың жасауы ерлі-зайыптылар ажырасса да қыздың иелігінде қалса, ал, шариғатта, мәһр, не оған алынған  мүлік еркекке қайтарылады. Құдалық келісілгеннен кейін жігіт жағы қалыңдықты аларда қалыңдықтың малын алып кетуге адам шақырып, беріп жібереді де, кешіктірмей келінді алуға құда, күйеу бала, жақын-жуығымен барып, келінді отауымен көшіріп, аулына алып келеді.


Жігіт жағының, «атаның күші, ананың сүті» деп құдасына берген  қалыңдықтың малы,  құдаларға тарту-таралғыға, ілу (киітке-сыйға) және келіннің жасауын жабдықтауға жұмсалады. Қалыңдықтың малы – мәһрдің мөлшері аят, хадистермен және құзырлы орындардың арнайы құжатымен бекітілмеген. Майқы бидің, Керей, Жәнібек хандардың тұжырымдарында қалыңдықтың малының мөлшері 47 мал  делінгенмен,  бұны орындауға ешкім міндеттелмеген. Көпшілік осыны басшылыққа алса-дағы қалындықтың малының мұғдарын жағдайларына қарай құдалар өздері келісіп шешкен.


Замандастары құрметтеп, азан шақырып қойған Шоң атына мырза сөзін қосақтап атаған Шоң мырзаның әкесі Телқозы мен Шоң мырзаның қалыңдығының әкесінің арасындағы келіспеушіліктен келін түсіру созылғанда, Шоңкең қайны жағынан кісі алдырып, қалыңдықтың малы деп жүз жылқыны айдатыпты. Мұны естген әкесі «шырағым,   қалыңдықтың малы 47 емес пе еді, сен неге жүз жылқы  бердің?» дегеніне,  баласы: «Шоңға қатын керек, Телқозыға мал керек» депті.


Көпестің баласына тұрмысқа шыққан Шоң мырзаның  қызының жасауын  апарғанда, шешеміз Әйімкүл бастап, Шоңкеңнің ақылшысы  Бек бірге барған. Шоңкең Бектің қолына 5 тиын бақыр ұстатып, «егер қалыңдықтың жасауын көргенде, құда тарапынан сөз болса, Оған «Шоң мырза қалыңдықтың малынан қалғаны осы. Сізге бер»  деп тапсырып еді, деп берерсің» депті.


Құда қалыңдықтың жасауын ашқанда, «ее, Шоң мырзаның  қызының жасауында біз көрмеген зат бар ма десек, бәрі біз көрген дүниелер екен» дегенде, Бек құдаға, «Шоң мырза қалыңдықтың жасауынан қалғаны осы. Сізге  бер  деді» деп, құдаға  5 тиынды бергеннен соң, құда жасау жайында сөз қозғамапты. Шоңкеңнің бұл амалы құдасына «сен не бердің, мен соны қайтардымға» келеді. Қалыңдықтың малы мен қыз жасауының құнының арасында алшақтық бола қоймай, шамалас болады. Екі жас бас қосып, отау тіккенде олар әрі қарай ел қатарлы үй болсын ниетімен қыз жағы «атаның күші, шешенің сүтінің өтеуі» деп берілген қалыңдықтың малын қыздың жасауына жұмсаса,  жігіт жағы отау болып шыққанда жігітке енші беріп, жас отаудың үй болуына бірігіп жағдай жасайды. Құда болғандардың амалдарын сараласақ, қалыңдықтың ата-анасының қыз сатып, баю ниеті жоқтығын аңғарамыз. Жігіт жағы қоралап мал бергендіктен, «қызды сатып алуға жұмсалған» деген ой жүрек түкпірінде жатуы да қалыпты түсінік.


Атақты Тұңғышбай шешен «нағашыма сәлем берем» деп, Құнанбай қажыға барғанда, Құнекеңе жиенінің сөзден ұтылмай, тең дәрежеде сұқбаттасқаны ұнады ма, «Тұңғышбайым, нағашың кім?» депті. Тұңғышекең, сөзден тосылмайын деп, «Қажыеке, нағашысын кім сұрапты?! Әкем шешемді «бес байталға сатып алған күң» деп үй айналдыра сабаушы еді» депті. Егер Тұңғышекең «нағашым –  сіз» десе, Құнекең «кімге тартып ширақ болды десем, бізге тартыпсың ғой» деп сөзден ұтпасын деп айтқан уәжі.


Қалыңдықтың малының негізі Құранның аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) хадистерінен бастау алған.  Шариғатта тұрмысқа шыққан әйел, құнды зат әкелуге міндеттелмеген. Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) хадисінде әйелін асырау – ерінің  міндеті. Үй тігіп, ішін керек-жараққа толтырып, оған өзінің аунап-қунап, қызығын көріп жүрген дүниенің қайдан келгенін пайымдамайтындар, қыздың төркініне матап берілген малды «қыз сатып алуға жұмсалған мал ретінде жұмсалған қаражат» деп түсінген.


Құнанбай, Алшынбайдың немересі Ділданы Абайға айттыруға  құда  түсіп барғанда, Құнанбайға –  ілу, киітке орай кесек күміс тайтұяқ жамбы сыйлаған. Он жылдан кейін Ділданы алуға, қалыңдықтың малының басы, ілу-киітке орай кесек күміс бесік жамбы бастатып,   70 жылқы, 30 түйе  және  жора-жоралғысы деп екі түйеге қымбат мүліктер артып, отыз шақты адамды бастап, Абайдың анасы Ұлжан барған.


Он тоғызыншы ғасырдың бірінші ширегінде Кіші жүз Байсақал  мен Орта жүз Сапақ құда болғанда Байсақалдың қызы, қалыңдықтың малы бес жүз жылқы болған.


Халқымыздың ұлағатты шешім қабылдағанда мәрттігі де бар. «Теңін тапсаң тегін бер» деп күйеу мен қалыңдық жарасымды, келешегінен үміт күттіретін жұп болса, тегін де үйлендірген. Хамит әкеміз сырқаттанып көңілін сұрай барғанымда, білім турасында  сөз болғанда өз басынан өткен мына жағдайды былай деп есіне алды. «Қарнақта оқып жүргенімде арқадан медрессеге бір ауқатты кісі келді. Ол кісі мені сыртымнан біледі екен. Шақыртқан соң барып сәлемдестім. Өзін таныстырғаннан кейін «үйде бой жеткен қызым бар. Ақыл-есінде, дене бітімі, мүсінінде, бет-бейнесінде ешқандай кемшілік жоқ. Алла  саған көңілімді аударды, балама қамқор  жақсы жар болады деген үмітпен оның сенімен тұрмыс құрғанын қалаймын» деді. Мен ол кісіге, өзімнің жетімдігімді, әлі оқуымды да бітірмегенімді, қалыңдық төлейтін  жағдайымның жоқтығын айттым. «Оң көзіңізбен қарап, сенім артқаныңызға Алла ырза болсын, бірақ айтқаныңызбен келісе алмаймын» дедім. Әлден уақытта Хазірет шақырған соң барсам, Хазіретпен бірге жаңағы кісі де отыр екен. Хазірет менен ол кісімен арадағы әңгімемізді сұрап қанықты. Мен сөзімді бітірген соң: «Шырағым, Хамит, бұл кісінің ниетін саған Алла аударған шығар. Сен келісіміңді бер. Егер сенің қартың келгенде, қалыңдықты алуға барғаныңда, ол сені күтпесе, оның қандай да бір кемістігін байқасаң, антыңды бұзсаң, Алланың алдында антыңа жауапты емессің. Өйткені қалыңдықты көрмей-білмей келісіміңді бердің» деген соң келістім. Осыдан кейін мен оқу іздеп оңтүстік мұсылман елдерінде он шақты жыл жүріп, елге қайтып келе жатсам алдымнан «күйеу бала келеді» деп ат жіберіпті. Келсем, «Хамиттің отауы» деп ақ үй тігіп қойыпты. Ішінде Райхан отыр. Райханды өздерің білесіңдер, аққұбаның бәдендісі, ақыл-есінде кемістік жоқ, байсалды, аңғарлы, ақылды адам еді. Мен Райханға үйленіп, елде  қалып қойдым. Райхан екеуміз он жеті бала  көрдік. Бірақ Алла құратпайын десе не шара, бүгінде солардан Рақатжан ғана тірі» деп сөзін аяқтады. Бұл оқиға – халқымыздың мәрттігінің бір көрінісі. Хамит әкеміз басқа ауылда тұрғандықтан, оны туған-туысқандарының жастары басқа ауылда тұрады деп түсінгенінен, ол кісіні «бөтен аға» деп атайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу