18.11.2021
  4657


Автор: 18+ жас

Қырқым

Біз жайлауға жүк мәшинесінің қорабында әндетіп жеттік. Әсіресе ағам қатты қуанды. Өзі ән бастап, тап бір опера әншісіндей қолын ары-бері сермеп, дауыстай шырқаған-ды. Әйелдердің: «Әй, шешек, қазір көлік бір секірсе, ұшып кетесің ғой! Ұстан!» - дегеніне күле қарап, тіпті де доғарған жоқ. Мәшине ойлы-қырлы жолда қанша мөңкісе де, тұрған жеріне дік етіп қос аяғымен түсіп, бәрін таң қалдырды. «Мына шешек сиркаш боп кеткен бе?!» - деп әйелдер таңдай қағып, артынша ілесе шырқап кеткендерін өздері де сезбей қалды. Тіпті кейбіреуі: «Баяғы қалқоз кезінде қырқымға осылай әндетіп барушы едік. Қайран заман-ай...» - деп күрсініп те жіберді.
Әдемі тәте ғана ұяң жымиып, әнге қосылмай, бір бұрышта отырды. Ағамның сол жаққа қайта-қайта қарағыштағанын мен де сездім, жұрт та байқады. Бауырымның мұнысын жақтырған жоқпын. Өйткені, әдемі тәте туралы жұрттың пыш-пыш сөзін естігенмін. Ағам қалайша хабарсыз? Құлағы шалмауы мүмкін емес.
Қалдыбай қойшы бәрін дайындап қойыпты. Мен әдемі тәтеге, әйелдерге тамақ дайындауға көмектесетін болдым. Қалдыбайдың өзім құралпы Мәкен есімді баласы екеуміз өзеннен су тасып, отын жарып, отардан күніне бір қой сойып тұруға тиіспіз. Әттең, жайлаудың бұл қойнауына жарық жетпепті. Әйтпесе, Қалекең отарындағы сегіз жүз қойды жігіттер бір-екі күнде-ақ қырқып бітірер еді. Электр қайшы біреу ғана, оны сылқым Сайлау келгеннен-ақ иеленіп алды. Моторға жанармай құйып, біліктерін майлап, ұзақ дайындалды. Өзге жігіттердің бәрі бір-бір қырықтықты қайрап алып, түстен кейін қой қырқуға кіріскен.
Мәкен екеуміздің жұмысымыз да дереу басталды. Әй, су тасу дегенің бір азап екен! Екеуміздің де бойымыз аласа. Бөшкеге су толтыра сала, өрдегі қосқа қарай екпіндей жүгіреміз. Сәл тежелсек, ауыр бөшкенің салмағымен кері домалауымыз мүмкін. Әуелі қызық көріп, өрге гүжілдей ұмтылған көліктің дыбысын салып жүріп тасып едік, тез шаршайтынымызға көзіміз жетті. Одан гөрі қанша мықшыңдасаң да, үн-түнсіз көтерген жақсы. Өмірі тоймайтын қара қазанға кемі үш бөшке су тасып біткесін, отын бұтаймыз. Қатты кепкендерін тізеге сарт ұрып сындырып, бір-бірімізге күштілігімізді дәлелдемек боламыз.
Мал баққан әрбір адам сияқты, Қалекеңнің де қолы қаттылау екен. Өз қойларының біреуін сойғызған жоқ. Отарына көбірек қой қосқандардың бір-бір ісегін алып ұрды да отырды. Бауыздап береді, біз соямыз.
Қырқымшыларға бесін шай апарып едік, Сайлау кешікті. Баяғысынша моторының асты-үстіне түсіп жүр екен, ешқайсымыз мән бермедік. Ол келгенде, жігіттердің алды үш кеседен босатып, маңдайлары жіпси бастаған. Сайлау жұрттың өзін күтпей шайға кірісіп кеткенін айтып, мұрнының астынан міңгірлеп алды да, шетке отырды. Әдемі тәте қалайы кесеге шайды меймілдете құйып апарып беріп еді, көзінің астымен жақтырмай бір қарады. Қантын араластырмастан аузына тақай берді де, кесені лақтырып жіберді.
– Мынауың ыстық қой-ей, әкең! – деп әдемі тәтені балағаттап салды.
Күтпеген жерден ағатайым орнынан ытқып тұрып, Сайлауды бір тепті.
– Қыз балаға неге ауыр сөз айтасың, а?! Жағыңды айырамын қазір, сөзіңді қайтып ал! – деп тепсініп тұр.
Үлкендер араласпағанда, қып-қызыл төбелес басталар еді. Сайлаудың дұрыс істемегенін әрең ұқтырып, екеуін зорға татуластырды. Әдемі тәтеге қарасам, тістеніп алыпты, жүзі сұп-сұр. Сүйкімділігінен із жоқ.
– Сүмелек, маған айғайлайтын кімім едің сонша? Жаныңды бақ! – деп бұрқылдасын келіп. Әйелдер оны да әрең тыныштандырды.
Кешкісін бәрі түк болмағандай, қайтадан әнге басты. Қалдыбай қойшы бас шайқап қояды. «Мына атаңның аузы өңшеңдерде биттей ұят болса қані? Жаңа ғана бірін-бірі атарға оғы болмай отыр еді, енді тіпті құшақтасып ән айта қалыпты ғой. Осы күнгі жастарды түсінбеймін. Бөрінің бөлтірігіндей ырылдасуы да тез, ауыз жаласып дос болуы да тез. Береке жоқ істеген ісінде. Мына Сайлау деген қу қой қырыққаннан гөрі, моторды майлыішектей көп айналдырды. Ал анау қызды айтамын, жаңа ғана аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып еді, енді өзі төбелестірген екі жігіттің ортасында жетісіп отыр» деп сырттап тұрып, бәйбішесіне біраз күңкілдеді. Бәйбішесінің:
– Осы қызды неменеге алдырдың, қырқымшылардың тамағын өзім-ақ пісіріп берер едім ғой... – дегеніне:
– Шешесі емес пе қосып жіберген... «Қойыңды қырқысатын ешкім жоқ үйде, тым болмаса тамақ жасауға көмектессін» деген, – деп қайырды.
Мен ағамды білетін болсам, біреуге ара түсетіндей ерлігі жоқ сияқты еді. Жасы отыз бірге келсе де, әлі үйленбей жүргенін сол жасықтығынан көремін. Өзінің түр десе түрі бар, бой десе бойы бар, бірақ кісі бетіне тура қарап сөйлей алмайтын болбыр. Басқа-басқа, дәл осы ағама ұқсағым келмейді. Мектеп бітіріп, үйде түк тындырмай, қол қусырып жатқаннан жаман ештеңе көргенім жоқ. Менің көзіме ағам еш мақсаты жоқ, ешкімді жақсы көре алмайтын, ешкімге жақсылық жасай алмайтын адам болып көрінеді. Шешемнің «осы байғұс өмірден үйленбей-ақ өтетін шығар» дейтініндей де бар.
Бүгінгі мінезі мені қатты таң қалдырды. Әуелі шырқап ән айтты. Аузынан ән емес, сөз әрең шығатын адамның бұл қылығы ерсі көрінеді екен. Дегенмен даусы тәп-тәуір. Ал әдемі тәте үшін ара түскені ше? Шынында да сылқым Сайлауды төрт бүктеп жіберетіндей арқаланып шыға келгенін айтамын дағы. Жанымызда жүрген адамның қандай қасиеті барын байқамайды екенбіз ғой.
Қырқымшылар ерте тұрды. Мәкен екеуміз шаруамызды тез тындырып, өзенге шомылдық. Қостан сәл төменірек тұсына тас тасып, шыммен бекітіп, көлмек жасадық. Белімізден сәл асатын тереңдікке кезек сүңгіп, су астында бір-біріміздің аяғымыздан тартып мәре-сәреміз. Тау суы суық-ақ, екеуміз жағаға шығып, тас үстінде тісіміз-тісімізге тимей сақылдап отырсақ та, әңгімеміз таусылар емес. Бір кезде Мәкен: «Мәссаған, ананы қара!» – деп өр жақты нұсқай қалды да, сақ-сақ күлген бойы суға секірді. Қарасам... әдемі тәте белуарына дейін жалаңаштанып алыпты, өзеннің тайызданған тұсына талтайып тұрған күйі жуынып жатыр екен. Екі қолымен суды кезек іліп алып, кеудесін ысқылайды...
Көзіміз бақырайып кетті. Ұялып та тұрмыз, бірақ қарағымыз да келе береді. Әдемі тәте бізді көрді, сонда да айылын жиған жоқ. Қайта жалаңаш кеудесімен бізге молынан бұрылды да, сұқ саусағын шошайтты. Біз тастың тасасына зып бердік.
Әдемі тәте асықпай жуынды, сосын киімімен желпініп біраз отырды. Біз тасадан сығалап тұрдық.
– Бір ұятсыз тәте екен! – дедім ақыры. Сонда да ұрланып қарай беремін.
– Мәссаған, өмірімде бірінші рет көрдім. Күзде мектепке барғанда балаларға айтып, көздерін тас төбесіне шығармасам! – Мәкен мұрнын қулана тартты. – Сенің ағаң осындай қызға ара түсіп жүр, ә-ә... «Жеңгең» сұлу екен...
Мен өрттей қызардым. Бір сәт осы тәтенің біздің босағадан аттап, келін болып түскенін елестеттім де, өз ойымнан өзім шошып кеттім. Қой, құрсын, беті аулақ!..
Төртінші күні түсте жауын жауды. Ол бізге жақсы болды. Жұрттың бәрі киіз үйге жиналып, бірі ұйықтап, екіншісі әңгіме бастап, екі-үшеуі карта ойнауға кіріскенде, біз жауын астында жүгіріп жүрдік. Жайлаудың жауыны қандай рақат! Жып-жылы. Мәкеннің күшігі бізбен қоса жүгірді. Жауын толастағанда, сайдағы өзеннің қарақошқылданып, суы көбейіп, асып-тасып жатқанын көрдік. Сылқым Сайлау таяздау тұсына тұра қалды да, түртініп қалып, жағаға қос алақанымен аппақ балықты лақтырып жіберді. Бәріміз тайлы-тұяғымызбен өзенге ұмтылдық. Аз уақытта тегін олжаға қарық болдық та қалдық. Су қатты лайланғанда, балықтар таязға ұйлығысады екен. Бізге одан артық не керек! Патшабалықты майға қуырып жеп, сол күні көңіл-күйіміз ерекше көтеріңкі болды.
Қойлардың жүні кепкенше күтетін болғасын, қас қарайғанша доп қудық. Ұятсыз тәте бізді отын бұтауға шақырмаса, Мәкен екеуміздің қайырылар түріміз жоқ еді. Алаңды қимай, қосқа беттедік. Тамақты мезгілінен ерте ішіп, қырқымшылар жата-жата кетісті. Ескі киіз үйдің ішін темекі түтіні кернеп алыпты. Қолқам ашып, жай таппадым. Ай жарық екен, жалғыз өзім өзен жағасына тарттым.
Өзен манағы долы мінезінен айырылып, жуасып қалыпты. Дегенмен әлі тұный қоймаған. Ай сәулесі әр толқынына ілесе шағылысып, көзді арбайды. Айналада бір керім тыныштық бар. Тоқ қойлардың жатуға ыңғайланғандағы ыңқ-ыңқ дыбысы мен күшіктің шәуілдегені ғана әредік естіледі.
– Е-ей, қияли, жүрші, жүрші бері!
– Не боп қалды?
– Өткен жолғы киноның екінші сериясын көресің бе? – Мәкен сылқ-сылқ күледі.
Түк түсінсем бұйырмасын! Қайдағы кино? Теледидарға тоқ беретін моторды Сайлау электр қайшыға пайдаланып жүрмеп пе еді?!
– «Жеңгең» қандай адам-ей, а?! Жүр тез! Кетіп қалады әйтпесе.
– Қандай жеңгені айтып тұрсың?
– Бассаңшы аяғыңды! Барған соң көресің ғой. Үніңді шығарма. Тегін кино! Түнеукүнгі киноң жолда қалсын! Бұл... – Мәкен басын қасып тұрып ойланды. – Бұл – «боевик»!
– Біреулер төбелесіп жатыр ма?
Ағам тағы да ұятсыз тәте үшін төбелесіп жатыр екен деп қорқып кеттім.
– Ақымақ, еркек пен әйел төбелесіп жатыр!
Демімізді ішке тартып, алға бастық. Не де болса көргім келіп өліп барамын. Өзенді құлдап, бір төбеден айналғанымызда, екі-үш шырша көрінді. Енді жер бауырлап жылжуға кірістік. Ай жарығына алдымен ұятсыз тәте шалынды. Шырша түбінде олпы-солпы киімдерін түзеп, қобырап кеткен шаштарын саусақтарымен тарақтап отыр екен. Жанында... сылқым Сайлау. Ол да үсті-басын қаққыштап, ара-арасында ұятсыз тәтені сүйетіндей ұмтылып, ақыры жабыса кеп отырды.
Мәкен кері қайтуға белгі берді. Жаудан тіл алып қайтқан барлаушыларша кері жылжыдық. Қаным қайнап, ызадан жарылардай ашуланып келемін. Өзен жағасына жетіп еңсе тіктегенімізде:
– Сен «фильмнің» соңын ғана көріп қалдың. Мана мен келгенде, олар ешкімге қарауға шамасы жоқ, қатты «дос» болып жатыр екен, – деді Мәкен.
Оның сөзін тыңдауға еш құлқым жоқ еді. Мәкен менің күйімді түсінгендей болды.
– Әншейін сені көрсін деп ертіп әкелгенім ғой. Ағаңа айт, бұл тәтеге жоламасын. Ұятсыз тәте ол. Кеше – Наушамен, бүгін
Сайлаумен құшақтасты. Мен кеше саған айтпап едім. Келгелі бері соны аңдып жүрмін ғой... Өткенде суға жалаңаш шомылған күннен бері... Ағаң ол үшін төбелеспей-ақ қойсын.
Қосқа келсем, ағам қорылдап ұйықтап жатыр екен. Аяғынан бір тептім. Ағам атып тұрды. Не болғанын түсінбей, аяғын ауырсынып біраз отырды. «Жүр!» дедім ишарамен. Түсімді әдейі суыттым.
Ағам екеуміз бұқпантайлап төбеге өрлегенімізде, Сайлау мен ұятсыз тәте құшақтасып келе жатты. Жата қалдық. Олар бізді көрген жоқ.
Қырқым біткен күні түстен кейін жолға шықтық. Әйелдер ән бастады. Ағам қосылған жоқ. Жұрттың кеу-кеуіне үнсіз бас шайқады. Ұятсыз тәте Сайлау мен Наушаның ортасында отырып әнге қосылды. Екеуіне көздерін кезек төңкереді.
Мен ағамды аяп отырдым...

ЕСЕЙ ЖЕҢІСҰЛЫ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу