Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  233


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Амалдар

Тапжылмай тұрған таулардан тыпыршып соғып самалдар,
Батқанда жерге үш жұлдыз басталады бір амалдар,
Әуелі жаңбыр сіркіреп керенау кербез бұлттардан,
Көбік боп жерге қонады былтырдан қалған адау қар.
Қара оты қырдың шыланып, қадалып төскей тола мал,
Қайыруға шыққан қара шал қаусырма тонға оранар.
Қураған қамыс құламай, қалтылдап қана тұрады-ай,
Шәлісі кетіп, шаң борап, көң исі шыққан қоралар.
Көң исі шыққан қыстаудан көңірсіп түтін көлбесе,
Көңілде сонда кешкі асқа асыққан тәбет меңдесе.
Қымтанып тұрып қара шал «амал ғой бұл» деп ай санап,
Кемпірі құяр кешкісін қан күрең шайға шөлдесе,
Сағынып қалған мезгілдің салқындау желін елемей,
Созылтып күйсеп, қаракер қайырып, мойнын желдесе...
Батқанда жерге үш жұлдыз, басталады бір амалдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу