Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  248


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Табаным талай шоқ басып

Табаным талай шоқ басып,
Қып-қызыл отқа күйді ерін.
Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын
Салғызбай басқа сүйредім.
Салғызбай қайда барайын,
Артық деп пе едің мен кімнен?
Кең еді дүние сарайым
Қор болмасыма сендім мен.
Ноқтаға басым маталып
Ноқта-аға болдым амалсыз.
Ұшатын күндер от алып,
Ұшты да кетті хабарсыз.
Періште боп та, пенде боп,
Амалсыз талай алмастым.
Арамдық деген менде жоқ,
Екі аяғымды тең бастым.
Екі аяғымды тең басып
Келемін жердің бетінде.
Тағдырдың күллі таңбасын
Тәнтімін көріп өтуге.
Табаным тиген шоқтарға,
Күйдірген ерін оттарға,
Еркіндігіңде жақсы өмір,
Тағат та керек, тоқтам да!
Ырзамын тағдыр бәріне
Жүрек пен махаббат барда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу